Нарынқолдың картобына сұраныс болғанымен, шаруашылықтардың мүмкіндігі төмен

Алматы қаласы тұрғындарының сұранысындағы өнім көлемін арттыру үшін Райымбек ауданында былтырдан бері 132 млн теңге қаражат жұмсалды.

Нарынқолдың картобына сұраныс болғанымен, шаруашылықтардың мүмкіндігі төмен

Әр қазақстандық бір жыл ішінде шамамен 130 кило "екінші нан" өнімін тұтынады екен.

Демек картоптың көтерме саудадағы бағасын 50 теңгеден деп алғанның өзінде әр адам жыл он екі ай бойына 6500 теңге қаражатты тек осы өнімге жұмсайды деген сөз. Ал бұл соманы азық-түлік себетін тұтынатын адам санына көбейткенде, отандық картоп шаруашылығының табысы шаш етектен болып шығады. Бірақ, шын мәнінде солай ма?

Жасырмай айтсақ, еліміздегі картоп өніміне деген сұраныс басқа да азық-түлік тауарлары сияқты сыртқы нарыққа толықтай тәуелді. Яғни отандық агроөнеркәсіп кешені қазақстандықтардың сұранысын қамтуға қауқарсыз. Өнімділіктің төмен болуы мен дайын өнімнің өзіндік құнының тым қымбатқа шығуы өз топырағымызда өнген картоптың ішкі нарықтағы бағасын қымбаттатуға мәжбүр етеді. Оның үстіне, жергілікті өнімді импорт тұншықтырып отыр. Дерек бойынша, тұтыну себетіндегі күн сайынғы сұранысқа ие көкөністің көп бөлігі сырттан тасымалданады. Бұл тізім бойынша қызанақтан кейінгі орында картоп тұр. Мәселен, соңғы 5 жыл көлемінде Қазақстан нарығына жалпы құны 70 млн АҚШ доллары болатын қызанақ және 16 млн доллар тұратын картоп өнімі кірген. Ал  қырыққабат импорты үшінші орында, оның бағасы 14 млн доллар шамасында екен.

Бір қызығы, отандық түбірлі жеміс өнімінің экспорты жыл сайын ұлғайып келеді. Мамандардың сараптауы бойынша, қазақ даласында өскен картоп, пияз өнімі солтүстіктегі көрші елде жоғары сұранысқа ие болып отыр. Әсіресе, Ресей мен Еуропа елдері арасындағы сауда санкциялары кезінде қазақстандық көкөніс пен жеміс-жидекті қотарып сатып алу үрдісі басталған. Бұл Ресейдің ішкі нарығындағы тұтыну сұранысын қамтамасыз ете алмауынан болып отырған көрінеді.Ресей кеден қызметінің мәліметінше, 2017-2018 жыл аралығында Қазақстаннан импортталған қызанақ көлемі 19 есеге, қияр өнімі 10 есеге, қырыққабат 5 есеге және сәбіз, қызылша сияқты жемістер үлесі де 3 жарым есеге бірден өскен. Мұның ішінде картоп тасымалы 2 есеге дейін көбейіпті. Демек қазақстандық өндірушілер отандық нарықты картоп өнімімен толықтай қамти алмай отырғанына қарамастан, сыртқы нарыққа қызмет етуге ынталы екендіктерін байқатады. Әрине, бұл еліміздің "Азық-түлік қауіпсіздігі" доктринасына өрескел қайшы болғанымен, агроөнеркәсіп кешенінің өкілдерін түсінуге болады.  Ішкі нарықтағы сұраныс жоғары болғанымен, тұтынушылардың сатып алу қабілетінің төмендігі дайын өнімді импорттауға итермелейтін көрінеді. Мысалға, экономистер дәл қазіргі жағдайда базардағы картоптың бастапқы құны 250 теңге шамасында болуы керек деп есептейді. Ал сөредегі картоп бағасы  бірқатар аймақта 135-170 теңге аралығында құбылып тұр. Түсінікті болу үшін айта кетейік, бұл баға өткен жылдың сақталған өнімінің құны.  Алайда мемлекет халық тұтынатын азық-түлік тауарының бағасын субсидиялау арқылы барынша төмендетуге тырысып отырғаны анық.

Бірақ  картоп бағасының маусым сайын күрт құбылуына ауыл шаруашылығы еңбеккерлері кінәлі болмауы керек. Қазір диқан қауымы егіс басында бел жазбай еңбектеніп, тұқым себумен жаппай айналысып жатыр. Жалпы, басқа өнім түрлерін былай қойып, отандық нарықты қолжетімді бағадағы картоппен қамтуда ауылдағы ағайынның еңбегі өлшеусіз. Олардың қатарында Жетісудың Нарынқол өңірінің де үлесі бар.

Әсіресе Нарынқол топырағында өнген картопқа сұраныс жоғары. Алматы қаласының тұтынушылары үшін қазір таулы өлкеде өскен "екінші нан" дефицитке айналған. Өйткені соңғы екі жылдан бері Райымбек ауданында өнеркәсіптік картоп өндірісі дами бастады. Нәтижесінде өткен жылы Нарынқол топырағында өнген картоптың элиталық тұқымы 100 гектарға шаққанда 300 центнерден өнім беріпті. Бұл бұрынғыдан 2 есе жоғары көрсеткіш екен. Ал дайын өнім крахмал зауыты мен картоп сірнесін жасауға жөнелтілуде.

"Кезінде осы Нарынқол өңірінде картоп егетін алқаптың көлемі 8 мың гектардан асатын еді. Қазір соның төрттен бірі ғана қалды. Ниет болғанымен, мүмкіндік шектеулі болды. Біздің ұжым 2017 жылы 200 гектар алқапқа картоп егіп, одан 5 мың тонна өнім алды. Техника мен тұқым жайы жақсарса, көлем артып, өнім де көбейеді ғой. Біз мемлекет тарапынан қолдауды енді сезініп жатырмыз. Алматы облысында былтырдан бері картоп шаруашылығын жандандыруға 132 млн теңге қаражат жұмсалды. Нәтижесінде аудандағы картоп егумен айналысатын шаруа қожалықтарына техникамен көмек көрсететін 2 сервистік орталық құрылды", – дейді Райымбек ауданындағы "Өрнек" шаруа  қожалығының басшысы Талғат Түсіпқожаев.

Гүлжан Амангелдіқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу