НАСА Байқоңырға тәуелділіктен құтылған тәрізді

7262

Америка өз  астронавтарын ғарышқа "Союзбен" емес, "Қыранмен" тұрақты түрде ұшыруға кірісті. 

НАСА Байқоңырға тәуелділіктен құтылған тәрізді

SpaceX компаниясы Халықаралық Ғарыш Станциясына жексенбі күні төрт астронавты ұшырды. Бұл – НАСА Ресейдің көмегінсіз, жекеменшік кәсіпорынның  күшімен жүзеге асырған алғашқы толыққанды старт.

Falcon(қыран) зымыраны Кеннеди атындағы ғарыш орталығынан түн ішінде көкке самғады. SpaceX осымен екінші рет жіберген экипаж құрамында үш америкалық пен бір жапондық бар. Олар отырған Dragon капсуласы арада 9 минут өткенде орбитаға жетіп, осыдан бірер сағат бұрын станциямен аман-есен түйісіп, онда сәуірге дейін қалады. Сапарға "Беріктік" деген ат берілді. Сондағы мақсат – әлем үшін ерекше қиын жылда адамзатты үміттендіру, шабыттандыру.

"Осынау күрделі шақта бірге жұмыс істей отырып, біз ұлтты да, әлемді де шабыттандырып отырмыз", – деді ракета аттанарда коммандир Майк Хопкинс.

Коронавирус кесірінен айтулы оқиғадан шеттеп қалған Илон Маск стартты қашықтықтан бақылауға мәжбүр болды. "Твиттердегі" жазбасына қарағанда, өнертапқыш-миллиардер шамасы COVID-19-дың жеңіл түрін жұқтырса керек. Ал, НАСА-ның саясаты бойынша, вирусқа позитивті нәтиже көрсеткен адам оқшаулануға міндетті.

Жексенбідегі ұшырылымнан бірнеше ай бұрын SpaceX орбиталық бекетке екі пилот жіберді. Бірақ ол – сынақ ретіндегі старт еді. Енді АҚШ ғарыштағы станцияға ұдайы ғарышкер аттандырып, орбиталық зертханада көбірек зерттеу жүргізетін мүмкіндікке ие болып отыр.

Капсула орбитаға шыққаннан кейін, оны ғарышқа апарған ракетаның Атлантикадағы жүзуші платформаға қонды. Осы сәтте Илон Маск "Твиттердегі" парақшасынан қызыл жүректің белгісін қойған. Ал, оның орнына Кеннеди ғарыш орталығына SpaceX-тің президенті Гвинн Шотвелл барды.

Dragon капсуласы ғарыш станциясына дейін 27,5 сағат ұшып барады. COVID-19 вирусы әлі өршіп тұрғандықтан, оны ұшыруға қатысқандар маска тағуға міндеттеліп, айлаққа жиналған қонақтар санына шектеу қойылды.

Келіскен дизайны өз алдына, Dragon капсуласы жоғары технологиялық функцияларымен, аса кеңдігімен де ерекшеленіп отыр. Оған жеті адамға дейін сияды. Ал, бұған дейінгілері ғарышқа үш астронавтан артық апара алмаушы еді. Сонымен қатар жаңасында ғылыми зерттеулер жүргізетін және Жерден жеткен заттарды қоятын қосымша бөлме де бар.

НАСА ғарышкерлері Майкл Хопкинс, Виктор Гловер, Шеннон Уолкер және жапондық Соичи Ногучи Халықаралық станцияда ресейлік екі ғарышкер және америкалық бір астронавпен көктемге дейін жұмыс істейді. Соңғы үшеуі Қазақстаннан өткен айда ұшты.

Құрама Штаттар 2011 жылы шаттлдар бағдарламасын тоқтатқаннан кейін, он жылға жуық уақыт бойы астронавтарын өз күшімен ғарышқа ұшыра алмады. Сондықтан НАСА ғарышкерлерін орбиталық станцияға жеткізу үшін Ресейдің "Союз" кемесіне,  Байқоңыр айлағына жүгінді. 2009 жылы Халықаралық бекетте 13 адам жұмыс істесе, кейін онда персонал жетіспейтін болды. Бір кездері миллиардтаған долларлық зертхана небәрі үш адам қызмет етіп, сынақтар азайып, станцияны жақсы жағдайда ұстап тұру мұңға айналды. Енді ондағы экипаж мүшелерінің саны жетіге жетіп отыр.

SpaceX компаниясы Crew Dragon капсуласын НАСА-ның коммерциялық экипаждар бағдарламасы аясында жасақтады. Осылайша, америкалық ғарыштық агенттіктің тарихында алғаш рет жаңа ғарыштық кемелерді құрастыру мен сынау жұмыстарының көбі жеке секторға тапсырылып отыр. НАСА осындай келісімшартты Boeing концернімен де жасасты. Әйгілі компания жасап жатқан ғарыш кемесі Boeing Starliner деп аталады. Ол қолданысқа келесі жылы беріледі деген болжам бар.

SpaceX пен Boeing-тің кемелері келешекте орбитаға астронавтарды ғана емес, туристерді, жекелеген зерттеушілерді және ғарышқа сапар үшін 50 млн доллар төлей алатын өзге адамдарды да тасымалдауды көздеп отыр. 

Қысқасы, SpaceX көкке такси қызметін іске қосты деуге болады. Компания алдағы 15 айда ғарышқа Dragon капсуласымен жеті мәрте миссия атандырмақ. Олардың кейбірі станцияға жүк апарса, ендігі бірі адамдарды жеткізбек.

Флорида штатының Канаварел мүйісінде орналасқан Кеннеди атындағы айлақ астронавт ұшыратын мүмкіндікке қайта ие болғандықтан, НАСА енді Ресейдің "Союз" кемесінен орын сатып алуды тоқтатуы мүмкін. Америка ұлттық ғарыш агенттігі соңғы рет ғарышқа маман ұшыру үшін Мәскеуге 90 млн доллар төлеген. 

SpaceX-тің кемесімен бірінші ұшқан экипаждың командирі Дуг Херлидің сөзінше, америкалық астронавтарға ғарышқа Құрама Штаттардан аттанған әлдеқайда арзан және стартқа дайындалу біршама жеңілірек.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу