Nasdaq АХҚО-ға технология жеткізуге дайын

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
14072

Алайда әзірге биржаның акционерлік капиталына қатысуға асығып отырған жоқ.

Nasdaq АХҚО-ға технология жеткізуге дайын

Вице-президент, компанияның еуропа аймағындағы басшысы Андэрс Ежендел және пост-трейд шешімдерді әзірлеу және енгізу жөніндегі бөлім басшысы Генри Бергстр abctv.kz-ке берген сұхбатында Nasdaq OMX Group және "Астана" халықаралық қаржы орталығының ынтымақтастығы туралы әңгімеледі.

– Nasdaq компаниясы өкілдері желтоқсан айының ортасында Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен және "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовпен кездесті. Осы кездесуде қандай мәселелер талқыланды?

– Андэрс Ежендел: Біз компанияның мүмкіндігін таныстырдық. Біздің компания тек биржа ғана емес, сонымен бірге технологиялардың, көптеген қаржылық технология-сервисінің провайдері және ақпарат жеткізуші.

– Генри Бергстром: премьер-министр мен АХҚО басшысы егер рәсімдеу барысында, мысалы реттеу немесе мерзімге қатысты қиындық туындайтын болса, бізбен тағы да кездесуге уәде берді.

– Nasdaq компаниясы бұған дейін Қазақстанның қаржы орталығымен келісімшарт жасаған болатын. АХҚО биржасын құру үшін қандай технологиялық көмек көрсетесіздер? Сол жайында толығырақ айтсаңыз.

– Ежендел: АХҚО-мен ынтымақтастық жасау туралы әңгімені осыдан тоғыз ай бұрын бастағанбыз. Келісмшарт жасадық, осы келісімшарт негізінде биржаны сауда алаңдарына арналған технологиялармен қамтамасыз етеміз. Сонымен бірге біршама кеңейтілген консалтинг қызметін ұсынамыз. Nasdaq-тың жаһандық компания екенін атап өткім келеді. Ол – әлемдегі 80-нен астам биржаға технологиялық шешім ұсынған компания. Олардың кейбіреуіне реттеуші базаны әзірлеуге қатысты бизнес-кеңес те бергенбіз.

Ал Қазақстан биржасына енгізетін жоғары технологиялық шешімдер жайында айтар болсақ, онда оларды 2017 жылдың қаңтарында тағы да талқылаймыз. Негізінен "бұлтта құжат сақтау" жүйесін (cloud based implementation) ұсынамыз ба деген оймыз бар, ол технологияның құнын азайтуға және оларды енгізу уақытын қысқартуға көмектеседі. Сонымен бірге бұл шетелдік инвесторлардың қосылып, құнды қағаздар саудасына қатысуына жеңілдік береді. Бұл АХҚО-ға осы саладағы жергілікті және жаһандық ойыншыларды тартуды жеңілдетеді деп ойламыз.

– Сіздердің Солтүстік Еуропа нарығында сауда алаңдарыңыз бар екені белгілі. Сондай-ақ компанияның Nasdaq Dubai компаниясында үлесі бар. Nasdaq компаниясының АХҚО биржасының акционерлері құрамына кіруі мүмкін бе?

– Ежендел: Бұл сұрақ осыдан алты ай бұрын талқыланған болатын. Сол кезде акционер болмауға шешім қабылдаған болатынбыз. Оған бірнеше себеп бар. Бірақ биржаға технология жеткізуші боламыз.

– Бергстром: АХҚО және биржамен әлі де бірге жұмыс істейміз. Бұл біз үшін ұзақ мерзімді серіктестік. Оған тек технологиялық шешімдер сататынымыз ғана себеп емес, басқа да мәселелер бар.

– Nasdaq АХҚО-мен ынтымақтасу арқылы өзінің Еуразиялық аймаққа қатысуын кеңейтуді жоспарламай ма? Нью-Йорк және Астанадағы биржаларды біріктіру туралы ойларыңыз бар ма?

– Ежендел: Тап қазір ондай жоспарымыз жоқ. Nasdaq-тың Нью-Йоркте және Солтүстік Еуропа елдерінде негізгі биржасы бар. Егер аймаққа қатысты айтатын болсам, онда тек Қазақстанда ғана емес, барлық Еуропа бойынша үлкен мүмкіндік бар деп айта аламын. Алайда дәл қазіргі уақытта аса басымдылық жасап отырған биржаларымыз бар, әзірге соны қанағат тұтамыз.

– АХҚО басшылығы қаржы орталығын Дубай қаржы орталығының үлгісінде жасамақ. Сіздер Nasdaq Dubai биржасы технологиясын бізге де қолданасыздар ма?

– Ежендел: Біз тек Nasdaq Dubai ғана емес, 60-тан астам сыртқы компанияға кеңес бердік. Олардың ішінде үлкен, орташа және мүлдем жаңа сауда алаңдары бар. Nasdaq Dubai – жақсы модель. Бірақ соңғы шешімді жасаған жоқпыз. Дубайдағы шешімдердің кейбіреуін қолданатын шығармыз, бірақ бәрін қолданамыз деп айта алмаймын. Ал клирингтік жүйе жайында айтар болсақ, онда оны осы келісім барысында бірнеше рет талқыладық. Қазір сауда жүйесіне баса көңіл бөлеміз.

Дубай сияқты Астана да шешімді қысқа мерзімде енгізуді сұрап отыр. Мақсатқа жету үшін сол техникалық әдістерді қолданамыз.

– Қайрат Келімбетов АХҚО 2017 жылдың қыркүйегінде жұмысын бастайды деген болатын. Сіздің ойыңызша, осы уақыт ішінде іске қосу мүмкін бе?

– Ежендел: Технологиялық дайындығы жағынан алып қарайтын болсақ, осы уақытта іске қосылуы мүмкін. Біз қажетті барлық шешімді 3-4 ай ішінде енгізе аламыз. Бірақ реттеуші база, қызметкерлерді оқыту мен дайындауды естен шығармау керек.

Сонымен бірге Nasdaq компаниясының топ-менеджері Андэрс Ежендел Exclusive бағдарламасына берген бейне сұхбатта да abctv.kz сұрақтарына жауап берген болатын. Оны мына жерден көруге болады.

АХҚО делегациясы 2016 жылдың қазан айында Нью-Йоркке ресми сапармен барған болатын. Сол кезде қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовпен Nasdaq, Inc биржасының президенті Адина Фирман өзара түсіністік пен ынтымақтастық меморандумына қол қойған еді.

Аbctv.kz бұдан бұрын АХҚО-ға қатысушыларды тіркеу 2017 жылдың 1 шілдесінде басталады, ал қаржы орталығы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді деп жазған болатын.

Сауда алаңында мемлекеттік активтерді жекешелендіру барысында "Самұрық-Қазына" компаниясының IPO-сын өткізеді. АХҚО биржасында өз акциясын бірінші болып Air Astana сатады. Басқа компаниялардың орналасу мерзімі туралы мына сілтемеден танысуға болады.

Қаржы орталығы 2017 жылдың соңына дейін биржадан басқа негізгі институттарды: төрелік орталықты, сотты, АХҚО академиясы мен реттеушісін құруы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу