Нашақорларға жазаны жеңілдететін заң әзірленуде

158

Құрылтайға ақыры жұмыс табылды.

Нашақорларға жазаны жеңілдететін заң әзірленуде Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалған

Қазақстан есірткімен күрес тәсілін түбегейлі өзгерткелі жатыр. Мемлекет жауапкершіліктің жаңа моделіне көшіп, тыйым салынған заттарды сату үшін емес, өзі тұтыну үшін дайындайтын, сақтайтын және тасымалдайтын адамдарды басқаша жазалауға ниетті.

Жаңа модельді түзу мақсатында Ішкі істер министрлігі ауқымды жұмыс атқарды: сарапшылары қолданыстағы қылмыстық және әкімшілік заңнамаға, статистикалық мәліметтерге, сот және тергеу тәжірибесіне, сондай-ақ халықаралық тетіктерге кешенді талдау жүргізіпті.

Нәтижесінде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеуді декриминализациялау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталатын заң жобасы дүниеге келді. Жаңа парламент – Құрылтайдың депутаттары бұл құжатты өздерінің алғашқы сессиясында-ақ қарайды деп күтілуде.

Бұл салада өзгеріс бұрыннан пісіп-жетілген. Өйткені қолданыстағы заңнама қарама-қайшылыққа толы екен. Реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында жазылғандай, Қазақстан заңнамасы қоғамдық орындарда есірткі және психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін, сондай-ақ оларды өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындағаны, қайта өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны және тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Яғни, мұның бәрі Қылмыстық кодекспен реттеледі.

Сонымен бір мезгілде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс те араласып, адамның әрекетінен қылмыстық құрам байқалмаған жағдайда есірткінің, олардың баламаларының, тіпті күшті әсер ететін заттардың дәл осындай медициналық емес тұтынылуын жазалайды.

Салдарынан, құқықтық жүйе шытырман лабиринтке айналып кетіпті: мемлекет, судьялар қалтасынан тыйым салынған зат табылған нашақорлардың бірін айыппұл салып қоя берсе, басқасын түрмеге тоғытады, абақтыны толтырады.

Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл мәселенің түп төркіні – қатаң бұлтартпау шараларының және әкімшілік жауапкершіліктің арасындағы нақты шекараны белгілеу қажеттілігінде жатыр. Бұл шекара жасалған іс-әрекеттің сипатына, тәркіленген заттың салмағына және өткізудің пайдакүнемдік мақсатының бар-жоғына тікелей байланысты болуға тиіс.

Заңнаманы осы қайшылықтан тазарту жаңа депутаттық корпусқа жүктеледі. Құрылтайшылар ұсақ-түйек демей, адам тағдырына әсер ететін әрбір жайтты егжей-тегжейіне дейін таразылауы шарт. Ұсталған нашақордың заңды қаншалықты жиі бұзатынын, оның іс-әрекетінің халық денсаулығы мен қоғам қауіпсіздігіне төндіретін шынайы қаупін ескеруі керек. Ең бастысы – жазалау орнына көмекке, профилактикаға, медицинаға және оңалтуға жол беру керектігін түсінуі қажет.

Осыған байланысты, ІІМ ұстанымын ескеріп, мемлекеттік органдар мен Құрылтай депутаттары мынаны шешуі қажет: ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 1 және 2-бөліктерінде көрсетілген барлық әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті әрі қарай сақтау шынымен қажет пе? Әлде қаупі төмен әрекеттерді әкімшілік құқық бұзушылық санатына ауыстыратын, тек қоғамға қауіпті іс-әрекеттер үшін қатаң қылмыстық жазаны өзгеріссіз қалдыратын икемді, сараланған тәсілді енгізетін кез келді ме?

Статистика мәселенің ауқымын паш етеді: ішкі істер органдары бұл баптар бойынша жыл сайын 3 000-нан 4 600-ге дейін сотқа дейінгі іс қозғайды: 2020 жылы – 4 602, 2022 жылы – 3 241, 2023 жылы – 3 194, 2024 жылы – 3 372, ал 2025 жылы – 2 993 іс тіркелген.

Бұл ретте осы істердің 45 пайыздан 70%-ға жуығы кейін ақтайтын негіздер бойынша жабылады. Қылмыстық кодекстің 296-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша нақты үкімдер мынадай сипатта болған: 2020 жылы 3 127 адам сотталса, 2021 жылы – 2 288, 2022 жылы – 1 711, 2023 жылы – 1 750, 2024 жылы – 1 859, ал 2025 жылы 1 873 адам сотталды.

Тағы бір түйткіл, қоғамдық орындарда есірткіні медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін жазалайтын ҚК 296-бабының 1-бөлігі іс жүзінде "елеске" айналып барады: сотталғандар саны 2020 жылғы 539 адамнан 2024-2026 жылдар аралығында санаулы адамға (1-ден 11-ге дейін) дейін күрт кеміп кетті. Қағаз жүзінде қылмыстық тыйым да, сотталық та сақталуда, бірақ іс жүзінде бұл норма жұмыс істемейді.

ҚК 296-бабы бірінші бөлігінің қазіргі редакциясының басты олқылығы – қылмыстық қудалаудың дәл қоғамдық орындарға қатаң байлануында. Бұл саралау белгісі тергеу үшін тұзаққа айналыпты: нашақор тиым салынған затты оңаша жерде қабылдап, артынан бұқара жиналатын орынға масаң күйде шығуы мүмкін. Салдарынан оның қоғамдық орында тұтыну фактісін дәлелдеу қиын көрінеді.

ІІМ мен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің 2021-2026 жылдар аралығындағы есептері көп жайттан хабар береді. ҚК-тің 296-бабы есірткі айналымын реттейтін қылмыстық заңнаманың ең көп қолданылатын нормаларының қатарында. Алайда бұл статистиканың үлкен бөлігін есірткі саудагерлері емес, заңсыз саудаға еш қатысы жоқ әрекеттерді жасағандар құрайды. Солар торға көп түсіп, статистиканы өрістетеді.

Сонымен қатар, 296-баптың 1-бөлігіне қатысты жағдай осындай құқық бұзушылықтарға қатысты қылмыстық тетіктердің тиімділігі төмен екенін көрсетіп отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өндірісте 23 қылмыстық іс болды: олардың 15-і (65,2%) тоқтатылды, тек 8 іс (34,8%) сотқа жетті.

"Мұндай жабылған істердің көп болуы орасан зор тергеу ресурстарының қоғамға қауіп төндірмейтін іс-әрекеттерді тергеуге кететінін паш етеді. Бұл ретте есірткінің шағын дозасын сату мақсатынсыз сақтаған адамдарды жаппай ұстау қылмыстық қудалау заңнамасы мақсаттарының орындалуына ықпал ете бермейді. Есесіне бұл істер тергеушілерден, прокурорлардан және судьялардан уақыт пен кадрлық ресурстарын көп шығындауын талап етеді", – деп деп түсіндірді ІІМ.

Осы орайда әкімшілік тетіктерді қолдану тәжірибесі қайта өзінің жоғары нәтижелілігін дәлелдепті. 2026 жылдың 6 айында 440-1-бап ("Есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну") бойынша шамамен 6 422 құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінен сот қарауына 5 568 іс (86,70%) жетті, 3 179 адам (50%) бірнеше күнге қамауға алынды.

Сонда полиция қандай өзгерістер ұсынуда? Қылмыстық кодекстің 296-бабының 1 және 2-бөліктерінің күшін жою ұсынылады. Сонымен қатар мыналар жоспарлануда:

  • есірткі, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, дайындау және қайта өңдеу үшін тек әкімшілік жауапкершілікті енгізу;
  • қоғамдық орындарда есірткі, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу;
  • жүйеге тиімді профилактикалық және медициналық әсер ету шараларын көптеп енгізу.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер

Қолданыстағы кодексте "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну" үшін әкімшілік жазаны қарастыратын 440-1-бабы онсыз да бар. Бұл қылмыс үшін 40 АЕК (2026 жылы – 173 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу көзделген.

Егер Құрылтай алда Қылмыстық кодекстің 296-бабының 1-бөлігінің күшін жойса, онда есірткіні қоғамдық орында медициналық емес мақсатта тұтынған нашақорлар жаппай айыппұлмен не бірнеше күндік қамақпен құтылады.

Бұл үшін тіпті жаңа әкімшілік құқық бұзушылық құрамын енгізудің қажеті жоқ екен. Себебі, ІІМ мәліметінше, мұндай әрекеттер ҚР ӘҚБтК-нің қолданыстағы 440-1-бабымен толық қамтылады. Жаңа депутаттардан сұралатыны – Қылмыстық кодекстің әлгі баптарын алып тастау ғана.

Сонымен қатар, аталған норманы қолдануда құқықтық қайшылыққа жол бермеу үшін министрлік оны мына редакцияда нақтылауды ұсынды:

  1. Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну, оның ішінде қоғамдық орында жасалған, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттің белгілері болмаса, жеке тұлғаға 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
  2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда жеке тұлғаға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.

"Бұл жерде "оның ішінде қоғамдық орында жасалған" деген сөздерді енгізу ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 1-бөлігінің күші жойылған жағдайда құқықтық олқылықтың туындамайтынын және қоғамдық орында тұтынғаны үшін жауаптылықтың сақталатынын нақтылайды. Медициналық емес мақсатта тұтынуды және есiрткi, психотроптық заттарды сату мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдауды бір бапта біріктірген дұрыс емес. Өйткені олардың объективтік жағы әртүрлі құқық бұзушылық құрамдарын құрайды", – деп түсіндірді ІІМ.

Осыған байланысты ведомство ӘҚБтК-ні жаңа 440-2-баппен толықтыруды орынды деп есептейді. Ұсынылатын редакция келесідей:

440-2-бап. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз айналымға түсіру

  1. Өткізу мақсатынсыз ірі немесе аса ірі мөлшерге жатпайтын мөлшерде есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді иемдену, сақтау, тасымалдау жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын тәркілей отырып, 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
  2. Өткізу мақсатынсыз ірі немесе аса ірі мөлшерге жатпайтын мөлшерде есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді дайындау немесе қайта өңдеу жеке тұлғаларға 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, сондай-ақ оларды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылған заттар мен жабдықтарды тәркілей отырып, 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.

Бұл неге әкеп соғады?

ІІМ сарапшыларының пікірінше, мұндай өзгерістер қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті нақтырақ ажыратуды қамтамасыз етіп, жазаның пропорционалдық принципін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл есірткі саудасына қатысы жоқ, тек олардың өнімін сатып алатын адамдардан қылмыскер жасауды болдырмайды және сотталған мәртебесі бар азаматтардың қатарын елеулі түрде қысқартуға тиіс.

Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу органдарына, прокуратура мен соттарға түсетін процессуалдық жүктеме азаяды. Профилактикалық, медициналық және оңалту шараларын ауқымды түрде қолдануға нақты мүмкіндік ашылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу