Нассим Талеб: "Бизнеске барыңыздар"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5691

Қазақстандық кәсіпкерлер неден қорықпауы керек? Неге шағын бизнестен бастағандар бәрінен рақымшыл келеді?

Нассим Талеб: "Бизнеске барыңыздар"

Астанада болып қайтқан әлемге мәшһүр тәуекел-менеджері, экономист, ғалым, "Қара аққу" теориясының және бірнеше әлемдік бестселлерлердің авторы Нассим Николас Талебтің АЭФ аясында қызықты әрі мазмұнды дәріс оқыды. Одан барша қазақстандық бизнесмендер өз қажетіне жарар кеңесті табары даусыз.

Нассим Талебтің "Қара аққу. Болжамсыздық белгісінің астында" атты кітабы әлемдегі 27 тілге аударылған және дүниежүзі бойынша 3 миллионнан астам данасы сатылған. Академиялық жолға түскенге дейін ол Credit Suisse First Boston, UBS, BNP-Paribas, Indosuez секілді жаһандық ірі қаржылық институттарда жауапты лауазымдар атқарған.

Ғалымның теориясы бойынша "қара аққуларға" әлемдік дамуға ықпал ететін, бірақ пайда болуы бұған дейін болжана алмаған оқиғалар жатады. "Қара аққулардың" мысалы ретінде ол Бірінші Дүниежүзілік соғысты, Кеңес одағының күйреуін, Интернеттің ендірілуі мен дамуын, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі Нью-Йорктегі "Егіз-мұнаралар" аталған Дүниежүзілік сауда орталығының заңғар ғимараттарына лаңкестердің шабуылын жатқызады.

Ғалым болжанып болмайтын оқиғалар әр кәсіпкердің өмірінде кездесіп тұратынын айтады. Кез келген қиындық бизнесменді шыңдайды. Бұл жолда ол тіпті банкроттықтан да қорықпауы керек.

"Біз тренажер-залына барғанда бұлшық еттерімізге жүктеме түсіреміз, бұдан ағза стреске ұшырайды, бірақ соның арқасында ол күшті бола түседі. Бизнес те ұдайы түрде осалдыққа қарсы жаттығып отыруы қажет. Сонда ол "қара аққулардан" пайда тауып, оны да қажетіне жаратып отырады. Сонда кез келген күйзелістер қатерлерімен қатар мүмкіндіктерін де ұсынбақ", – деді Нассим Талеб.

Оның байламынша, "экономикаларды шектен тыс тұрақтандыру әлемдік дағдарыстарға соқтырады".

"Мен он жыл бұрын "қара аққулар" туралы айтқанда, осындай дағдарыстар себептерін сипаттағанбыз. Оны қарапайым сөзбен түсіндіре кетейін. Егер сырқат бөбекті педиатриялық бөлімде ішіне ешқандай микроб ене алмайтын жабық бокста өсірсе, бала одан шыққанға дейін жақсы сезінеді. Бұл экономикаға да қатысты. Бизнесмендер барлығын тек өз басынан кешіріп, теория емес, тәжірибе жүзінде ғана біле алады. Егер сіз мейрамхана ұстасаңыз және әлемдегі ең озық химиктерді шақырып, олардың қандай химиялық қосылыстар денсаулыққа пайдалы екені туралы кеңесіне сүйенсеңіз, бәрібір ең дәмді асты әзірлеп шыға алмайсыз. Бұл үшін ас түрлерін өзіңіз жасап, әртүрлі дәмдерді араластырып көруіңіз қажет", – деді Нассим Талеб.      

Ол мысалға әлемдегі ең ірі экономикалардың көш басында тұрған Америка Құрама Штаттарын келтірді. АҚШ-тың бұл жағдайға қалай жеткенін түсіндірді:

"Неге Америка өз халқының білімі мен техникалық біліктілігі өзге батыстық елдермен салыстырғанда, ең төменгі деңгейде болғанына қарамастан, соңғы жүз жыл ішінде осынша алға озып кетті? Өйткені Америка адамдарды дамуға мәжбүр етеді. Америкалық дипломат, саяси қайраткер әрі өнертапқыш Бенджамин Франклин мырза айтқандай, "Америка барлық секторларда адамдардың қателікке деген құқығын мойындайды". Егер іс сәтсіздікке ұшырағанына қатысты түсінік болса, ол қателіктің ары қарай өрбіп, алапат салдарларға соқтыруын күтпей-ақ, кеш болмай тұрғанда соны мойындаған дұрыс. Бұл ертерек қимылдауға мүмкіндік береді", – деді профессор Нассим Талеб.

Жасыратыны жоқ, Қазақстанда әлдебір "индустриялдық-инновациялық" кәсіпорынды салтанатты түрде ашуын ашып алады да, оның өніміне нарықта сұраныс табылмаса, оны жабу орнына, ары қарай жұмыс жасатудың жолын іздеп, ел қаржысын да босқа шығындайды. Ақыр соңында, бірнеше жылдан соң, ол кәсіпорын миллиардтаған шығын келтіріп барып, ақыры жойылады. Бұл банктерге де қатысты: дәл қазір қайтарылмайтын қарыз батпағына батып кеткен белгілі қаржылық ұйымды мемлекет құтқарып қалуға қаржы төгіп жатқаны мәлім.

Нассим Талеб АҚШ-та тіпті Lehman Brothers (активті 691 миллиард доллар болған), WorldCom (активті 103,9 миллиард доллар болған), General Motors (активі 91 миллиард болған) секілді әлемдік алпауыттар да банкрот болғанын алға тартады.  

"Мысалы, Нью-Йоркте жыл сайын дәрменсіздікке ұшыраған  жүздеген мейрамхана жабылып, орнына басқа бизнес бой көтереді. АҚШ экономикасында жаңа кәсіпорындардың көбі үнемі банкрот болып жатады. Халықты ғылымға оқытқан дұрыс. Мен мұны жақтаймын. Бірақ сонымен бірге адамдарға айту керек: кәсіпкерлікке барыңыздар. Сонда іскерлік пен қателік қатар жүретінін түсінесіздер, онсыз болмайды. Сәтсіздікке ұшырап барып, қайта көтерілген бизнесмендерді құрметтеу қажет. Американың әлемдегі ең қуатты елге айналуының астарында да осы жатыр: себебі, АҚШ-та – бизнестегі банкроттық деңгейі ең жоғары болып табылады. Өзін нарықта таба алмаған кәсіпорындар уақыт жоғалтпай, жабылады, оның орнына икемді, сұранысқа ие, жаңа технологияларды ендіретін басқа компания құрылады. Соның құрылуына жол ашылады. Міне, сондықтан да озық, ең соңғы технологиялар Құрама Штаттарда және осы тәжірибені ұстанатын дамыған елдерде пайда болады. Қазақстандық кәсіпкерлерге менің рекомендациям осы" деді Нассим Талеб.

Тәуекел-менеджері ретінде ол басқа да кеңестер берді. Оның айтуынша, бұл сонымен қатар кәсіпкерлер кез келген сынға морт сынып, дәрменсіздікке ұшырауға бейім тұруы керек дегенді білдірмейді.

"Осалдыққа қарсы тұруға, төзімділіктеріңізді нығайтуға ұдайы күш салыңыздар. Сіздің компания "қара аққуларға" және олардың салдарларына төтеп бере алатындай икемді болуға тиіс. Әр қиындықтың астарынан өздеріңізге оңтайлы мүмкіндіктер мен жағдайларды іздеңіздер. Бұл үшін өмірге деген позитивті көзқарас керек" – деді ол.

Нассим Талеб әсіресе, шығыс адамдарының өмірге тез бейімделгіш келетінін, ізгі бизнес жүргізуге табиғатынан бейіл тұратынын айтады:

"Коммерция, бизнес, леванталық базарлар (Леванта – Сирия, Ливан, Израиль, Иордания, Палестина, Мысыр, Түркия секілді Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі елдердің жалпы атауы) – міне, іскер адамдардың жарқырай ашылатын орындары осы. Бизнеске келген, әл-ауқат жиған адамдар жақсы қырларынан да көбірек танылады, олардың біразы адал, кешірімшіл, сенімді және жаңаға санасы ашық тұлғаларға айналады. Таяу Шығыстағы саны аз христиандар ортасынан шыққан адам ретінде мен бұған кепілдік бере аламын. Әсіресе, ұсақ бизнестен бастаған адамдардың көбі төзімді әрі рақымшыл келеді. Өйткені олар ірі бизнеске дейін өсу жолында талай қиындықтарды бастан кешірді және қателіктерден сабақ алып, алға басуды, өкпе-реніштерді тез ұлғаятын қар жентегіндей жоғары сүйремей, кешірімшіл болуға үйренеді", – деп түйді доктор Нассим Талеб.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу