Наталья Вовк қазақстандықпын деп Мәскеуде кісі өлтіргені рас па?

2136

Орыс әлемінің идеологы, философ, геосаясатшы деп жүрген Александр Дугиннің қызының қазасына байланысты істе Қазақстанның аты аталып жатыр. 

Наталья Вовк қазақстандықпын деп Мәскеуде кісі өлтіргені рас па?

Осы кісінің қызы журналист Дарья Дугинаны өлтірді деген күдікке ілінген Наталья Вовк деген әйел Ресейде Қазақстанның жеке куәлігімен жүрген және автокөлігінде қазақстандық нөмір болған. Әрине, Ресейдің арнайы қызметі бұл әйелді күдікті деп табуында негіз болуы да, болмауы да мүмкін. Оған біз баға бере алмаймыз. Бірақ арнайы қызмет өзінің күдігіне нық сенімді.

Бір айтарлығы, Наталья Вовк Украина азаматшасы, атышулы "Азов" полкінде қызмет еткен делінеді. Негізі нысанада қызы емес, әкесі болғанға ұқсайды. Бірақ қастандық жасалар сәтте көлікте әкесі Александр Дугин болмай, қызы ғана болған көрінеді. Қастандықты жасаушылар автокөлікті миналап қойған болатын деген тұжырым жасалыпты.

Ресейдің бұл қылмысты Украинаның арнайы қызметі ұйымдастырған деп отыр. Украина билігі Дугинаның өліміне Украина арнайы қызметінің қатысы жоқ деген мәлімдеме жасады. Ал Ресей үшін бүгінде Украинаны айыптаудан оңды іс жоқ болса керек. 

Таратылған ақпараттарға қарағанда Наталья Вовк бір басына бірнеше елдің жалған төлқұжатын ұстаған. Юлия Зайко есімді Қазақстан азаматшасы екенін растайтын жалған қазақстандық жеке куәлігі де болған. Ол Мәскеуде бір ай жүрген екен. Сол аралықта Александр Дугиннің көзін жоюдың амалын қарастырған ба, әлде оның қызын өлтіру мақсатын көздеген бе, бұл жағы анық емес.

Пәтер мен гараж жалдағанда олардың иелеріне Қазақстан азаматшасымын деп жалған жеке куәлік көрсеткен, ал автокөлігіне Қазақстандық нөмір тағып жүрген деседі.

"Традиция" деген фестиваль өтіп, Александр Дугин сол жерле орыс әлемі жөнінде сөз сөйлеген көрінеді. Ол қызымен бірге қайтатын болған екен. Алайда жолға шығар алдында жоспары өзгеріп, өзге көлікке мініпті. Ал қызы мінген көлік миналанған болып жолда жарылған.

Ресей арнайы қызметінің келтірген дерегі бойынша, Наталья Вовк Ресейге енер кезде автокөлігінде Донецкінің Е982ХН DPR нөмірі, Мәскеуде жүргенінде Қазақстанның 172AJD02 нөмірі, ал Ресейден Эстонияға шығар жолда Украинаның AH7771IP нөмірі болған. Автокөлігіне Қазақстанның мемлекеттік тіркеу нөмірін қайдан алғаны белгісіз.

Наталья Вовк Дугиндерді өлтірудің амалын іздестіру және олардың күнделікті жүріп-тұратын орындарын зерттеу үшін Мәскеуге өзінің кішкентай қызымен бірге келген көрінеді. Дарья Дугина тұратын көппәтерлі үйден пәтер жалдаған. Дугиндерді аңду үшін Mini Cooper автокөлігін мініп жүрген.

Ресей арнайы қызметінің күдігі бойынша, Украина азаматшасы Наталья Вовк 1979 жылы туған, Мәскеуге 23 шілдеде өзінің жас қызымен бірге келген. Автокөлікті жарғаннан кейін қызымен бірге іле-шала, асығыс күйде Эстонияға шығып кеткен.

Ал Александр Дугинді Ресейдің Украинаға басып кіруін белсенді жақтаушы, орыс әлемінің қозғаушысы, тіпті президент Владимир Путинге идея тастап, жол сілтеушілердің қатарындағы адам деп жазып жатыр. Мұның рас-өтірігін кім білсін, бірақ орыс әлемі деген түсінік пен оның қоздырушылары Александр Дугинге дейін де болған.

Дугин Ресейдің мүддесі туралы және геосаясат бағытында бірнеше кітап шығарған екен. Солардың бірі – "Евразийская миссия Нурсултана Назарбаева" деп аталады. Мұнда философ Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылдың 29 наурызында жарияланған "Еуразиялық одақ" идеясы мен интеграциялық тұжырымы жайлы біраз көсіле толғаған екен.

Түптеп келгенде күдікке ілінген Наталья Вовктың Ресейде бір ай бойы Қазақстанның азаматшасымын деп емін-еркін жүруі алаңдатарлық нәрсе. Дарья Дугинаны өлтірген анық Наталья Вовк па, әлде істі қолдан құрастырып, ұшын Украинаға тіреп қойып отыр ма, ол жағы бізге беймәлім. Десе де, бөтен адамдардың Қазақстан азаматтығының атын жамылып, қылмыс істеуі абырой емес, әрине.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу