НАТО-ның Вильнюс саммитінде не талқыланады?

1466

Солтүстікатлантикалық альянс елдерінің лидерлері шілденің 11-12-і күндері Литва астанасында кездеседі. Бірақ олар осы жолы Украинаны батыстық әскери одаққа шақырмауы мүмкін.

НАТО-ның Вильнюс саммитінде не талқыланады? Фото: worldsees.com

НАТО елдерінің жетекшілері 11-12 шілдеде Вильнюсте кездесіп, Украинаның мүшелікке үміткерлігі мен Швецияның осы альянсқа қосылуы төңірегіндегі келіспеушіліктерді, оқ-дәрі қорын көбейту және ондаған жылдардағы алғашқы қорғаныс жоспарларын талқылайды.

Бұл - Ресей Украинаға басып кіргеннен бері НАТО өткізетін төртінші саммит. Олардың біріншісі 2022 жылы 25 ақпанда, яғни, РФ армиясы көрші елге енгеннен кейін бір күннен соң виртуалды форматта өтіп, қалған екеуі Брюссель мен Мадридте ашылды.

Вильнюсте қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтіліп, НАТО саммиті өтетін жерді қорғауға немістің үш "Патриот" әуе қорғанысы бөлімшесі орналастырылады. Ал Ресейдің Калининград эксклавы мен Беларусь арасында орналасқан және ұзақ уақыт бойы НАТО-ның шығыс қапталындағы осал нүкте саналған Литва аспанын жойғыш ұшақтар күзетеді.

УКРАИНАНЫҢ НАТО-ҒА МҮШЕЛІГІ

Саммитте НАТО-ның Украинамен болашақ қатынастары басты тақырыпқа айналатын сияқты.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг соғыс жүріп жатқандықтан, Украинаның Солтүстікатлантикалық одаққа әзірге мүше болмайтынын және Вильнюс саммитінде Киевтің НАТО-ға ресми түрде шақырылмайтынын ашық айтты және де Украина қарулы қақтығыс аяқталғаннан кейін НАТО-ға қаншалықты тез қосылуы керек деген мәселе бойынша да одақтастар арасында ортақ пікір жоқ.

Шығыс Еуропа елдері саммитте Киевке жол картасы ұсынылуы керек деп есептейді. АҚШ пен Германия болса, НАТО-ны Ресеймен соғысқа жақындататын кез келген қадамнан қауіптенеді.

Айта кетсек, сәуірде Киевке сапарында Столтенберг "Украинаның лайықты орны НАТО-да" және "Украинасыз трансатлантикалық қауіпсіздік толыққанды болмайды" деп мәлімдеген еді. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Вильнюс кездесуінде альянс мемлекеттерінің лидерлері осы тұжырымдамамен келісетіндерін жариялауы мүмкін.

УКРАИНА ҮШІН ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛДІКТЕРІ

НАТО лидерлері Киевтің соғыстан кейін қандай қауіпсіздік кепілдіктерін алуы керектігін талқылауы мүмкін. Дегенмен бұл уәде альянстан емес, екі жақты болады деген пікірлер айтылып отыр.

Болжамдарға қарағанда, соғыс аяқталғаннан кейін жаңа шабуылдарға жол бермеу үшін Киевке әскери және қаржылық көмек беруді жалғастыру уәде етілмек.

Алайда, осыған дейін Столтенберг мәлімдегендей, Вашингтон шартының 5-ші бабына сәйкес, НАТО-ның толыққанды мүшелеріне ғана қауіпсіздік кепілдігі беріледі.

НАТО-НЫҢ ШЫҒЫСТАҒЫ ҚАНАТЫН КҮШЕЙТУ

Вильнюсте альянс жетекшілері "қырғи-қабақ" соғыстан кейін жасаған алғашқы қорғаныс жоспарларын қарастырып, Ресейдің шабуылына НАТО-ның қалай жауап беретінін егжей-тегжейлі талқылайды.

Аймақтық жоспарлардың қайта жандануы түбегейлі өзгерісті білдіреді. Осы жоспарларымен НАТО өз құрамындағы елдерге қарулы күштері мен логистикасын жаңарту бойынша нұсқаулар береді.

НАТО ондаған жылдар бойы ауқымды қорғаныс жоспарларын қажетсінбеді. Бірақ Еуропадағы 1945 жылдан бергі ең қанды соғыс мұндай жоспарлардың келесі қақтығысқа дейін әзір болуы керектігін ескертіп отыр.

НАТО-ның алдында, сонымен қатар, оқ-дәрі жинау мақсаты тұр. Өйткені Киев снарядтарды батыс елдері шығарғаннан әлдеқайда жылдамырақ жұмсап жатыр.

Сонымен бірге, Литва астанасында өтетін форумда НАТО Ресейге қарсы тұру үшін 300 000-нан астам жауынгерді жоғары дайындыққа қою мақсатын жүзеге асыруға талпынысын да көрсетпек.

ШВЕЦИЯ

Швеция Вильнюс саммитінде НАТО-ның 32-ші мүшесі атанудан үміттенген еді. Бірақ Түркия Стокгольмге мұндай мүмкіндікті бермей отыр. Анкара скандинаиялық корольдікті өз аумағында күрдтердің содырлық топтарының мүшелерін паналатып жатыр деп айыптап, Швецияның НАТО-ға өту жолына тосқауыл қоюды жалғастырып келеді.

Одақтастар Түркия президенті Тайып Ердоған алдағы саммитте бұл қарсылықты доғарады деп үміттеніп отыр. Алайда, Түрік Республикасы лидерінің қандай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз.

ӘСКЕРИ ШЫҒЫНДАРДЫ 2%-ҒА ЖЕТКІЗУ МЕЖЕСІ

Кейбір дипломаттардың айтуынша, НАТО елдері әскери шығындарын ұлттық жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) кем дегенде 2%-ына дейін көтеру туралы келісімге келген.

2023 жылы бұл межеге НАТО-ның 31 мүшесінің 11-і ғана жетпек. "Натолықтар" алдағы онжылдықта қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 2%-ына дейін ұлғайту туралы келісімді 2014 жылы да жасады.

Бұл уәдені орындаған мемлекеттер ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Грекия, Эстония, Литва, Финляндия, Румыния, Венгрия, Латвия және Словакия бар. Ал Канада, Словения, Түркия, Испания, Бельгия, Люксембург сияқты елдердің қорғаныс бюджеті жалпы ішкі өнімнің 1,4 пайызынан да төмен болып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу