НАТО Польшаның әрбір қарыс жерін қорғайды – Рютте

Ол бұл пікірді Ресей зымырандарының құлауына қатысты айтты.

НАТО Польшаның әрбір қарыс жерін қорғайды – Рютте Фото: AP Photo / Omar Havana

Euronews-тің жазуынша, НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Варшаваға қолдау білдірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Польша астанасына барған ол бұл оқиғаны "қауіпті инцидент" деп атады. 

НАТО Польша аумағын қорғауға дайын. Марк Рютте сапары қарсаңында Ресейге тиесілі нысандар Польшаның әуе кеңістігін бұзғанын айтты. 

НАТО-ның Еуропадағы күштерінің қолбасшысы альянстың тежеу және қорғаныс жүйесіне төнетін қауіптердің нақты қай жерде орналасқанын анықтау үшін бар күшін салатынын жеткізді. Қажет болса, қорғаныс жүйесіне тиісті өзгерістер енгізілмек. 

Жұма күні таңертең Ресейдің 2 зымыраны мен бір ұшқышсыз ұшу аппараты Польша аумағына құлаған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Маңызды инфрақұрылым нысандарына да зақым келмеген.

Сенбі күні Польша әскери жандармериясы әуе нысандары құлаған үш аумақты тексеру және дәлелдемелер жинау жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.

Рюттенің айтуынша, оқиғаның барлық мән-жайы мұқият анықталуы тиіс.

Журналистердің "Мұндай оқиға тағы қайталануы мүмкін бе?" деген сауалына НАТО Бас хатшысы мұндай жағдайдың қайталану мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайтынын айтты. Сонымен қатар, ол: "НАТО Польша аумағының әрбір қарыс жерін қорғайды" деп мәлімдеді.

Бұған дейін Польша билігі елдің әуе кеңістігін Ресей зымырандарының бұзуына байланысты Солтүстік Атлантикалық кеңестің отырысы дүйсенбі күні Брюссельде өтетінін хабарлаған болатын.

Польшаның НАТО жанындағы Тұрақты өкілдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынға ел атынан Қорғаныс министрінің орынбасары Павел Залевский қатысады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу