Натрий цианидін шығаратын тұңғыш зауыт

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
4348

"Talas investment company" келесі жылы 15 мың тонна өнім өндіруді көздеп отыр.

Натрий цианидін шығаратын тұңғыш зауыт

"TalasInvestmentCompany" зауыты келесі жылдан бастап 15 мың тонна натрий цианиді мен 500 мың тонна аммоний сульфатын өндіреді. Осыдан 2 жыл бұрын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бой көтерген зауытта бүгінгі таңда 408 адам еңбек етеді. Бұл Қазақстан химия өнеркәсібіндегі натрий цианидін өндіретін тұңғыш химиялық зауыт. Жобаның жалпы құны 12,9 млрд теңгені құраған.

"Қазіргі таңда кәсіпорын тәулігіне 30-40 тонна өнім өндіріп отыр. Еліміздің ішкі нарығына  жылына 60 мың тонна натрий цианиді қажет, ал бізге Ресей, Қытай мемлекеттерінен де тапсырыс түсіп жатыр.

Қытай мамандары құрастырған өндіріс орны қалдықсыз технологияға негізделген. Кәсіпорынға қажетті шикізат есебіне газ бен кен қоспалары пайдаланылып, одан құрғақ түйіршіктелген натрий цианиді шығарылады. Жоғары температурада ажыратылған аммоний сульфатын тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Өндіріс орнының аймақтық экологияға зияны жоқ.

Зауыттағы баротермикалық цехта су бірнеше мәрте сүзіледі. Бізде  қауіпсіздік шарасы қатаң бақылауға алынған.  Зауытта жұмыс істейтін адамдардың дені жергілікті тұрғындар.

Айта кетейін, натрий цианидінің 1 тоннасы 1 млн теңге тұрады. Салыстырмалы түрде алғанда  біздің өнім  өзге кәсіпорындардың өнімдерінен әлдеқайда арзан", – дейді кәсіпорын басшысы Бақтияр Алдашов.

Өнімге қажетті шикізат бастапқыда Татарстан, Қытай  мемлекеттерінен  тасымалданады деп жоспарланған болатын. Қазір шикізат Ақтау, Шыршық, Павлодар  өңірлерінен және Қытайдан жеткізіліп жатыр.   
Алтын өндірісінде пайдаланылатын таптырмас өнім цианид натрийін алудың экологиялық өндірісіне аталмыш зауыттың қоршаған ортаны қорғау бойынша жобасын әзірлеушілерінің бірі М.Мүсіркепов былай деп түсіндірме жасапты:  "Зауыт жылына 7200 сағат жұмыс істейді.

Өндіріс қуаты 15 мың тонна натрий цианиді мен 5 мың тонна аммоний сульфатын құрайды.  Өндіріс үшін жылына көлемі сағатына 3750 текше метр табиғи газ, 9566 тонна аммиак, 3770 тонна күкірт қышқылы, 13800 тонна натрий гидроксиді қажет".

Оның жазуынша, натрий цианидін өндіру үшін алдымен табиғи газ катализатордан өтеді. Құрамындағы метанды 89-96%-ға жеткізеді. Ары қарай оған аммиакты қосып синил қышқылын алады. Сосын синил қышқылына натрий гидроксиді қосылып, натрий цианиді алынады. Осы химиялық түзілістерден шыққан газдың бәрін залалсыздандыру, тазалау кезінде аммоний сульфаты шығады.

Қоршаған ортаны қорғау шарасы бойынша  аккредитациядан өткен зертханалар айына бір рет сараптама алып отырады. Ол үшін зауыт айналасында  4 жерден жерасты суларының жоғары және төмен ағымдарынан бақылау ұңғылары бұрғыланады. Сол ұңғылар арқылы сараптама жасалады.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу