Наурызда халықтың несиесін жаппай кешіру ұсынылды

3877

Бұл миллиондаған қазақстандықтың отбасын шынымен шаттыққа бөлер еді.

Наурызда халықтың несиесін жаппай кешіру ұсынылды Фото: canva.com

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда азаматтардың шектен тыс кредиттелуі "апат" жағдайына жетті. Бұл көрсеткіш жөнінен Қазақстан тіпті санкция және соғыс жағдайында тіршілік етіп жатқан алып Ресейді артқа тастап, аймағында антирейтингтің көшін бастады. Банктер мен микроқаржы ұйымдарының алдында қарыз болып қалмаған ересек адамдар қатары күн емес, сағат сайын азайып барады.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жасы 18-ден асқан айналдырған 13 миллион қазақстандықтың 8,5 миллионы қаржы ұйымдарының алдында берешек. Олардың жалпы борышы алапат 19 триллион теңгеден асты.

Сорақысы сол, осы 8,5 миллион адамның 8,2 миллионы кепілсіз, тиісінше пайыздық сыйақысы жоғары, әрі еселеп өсетін тұтынушылық кредиттер алуға мәжбүр болған. Олардың кепілсіз кредит бойынша берешегі 10 триллион теңгеден асып жығылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанның 1,6 миллион азаматы зілбатпан ауыр қарызын көтере алмай, табысынан айрылып, тұрмысы тоқырап, отбасы ойран болып, берешегін өтеуді доғарған. Салдарынан, "улы кредиттерінің" көлемі 1,7 триллион теңгеге жетті.

Төлемінің енгізілмегеніне 90 күннен артық мерзім өткен проблемалық қарыздардың 1,3 триллион теңгесі – банктердің еншісінде. Тағы 109 миллиард теңге – микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) тиесілі. Өтелмейтін 382 миллиард теңге қарыз коллекторлық агенттіктерге берілген.

Осыған орай халық пен сарапшылар тарапынан ұсақ емес, кең ауқымды кредит кешіру рәсімін өткізу туралы ұсыныстар айтыла бастады. Еске сала кетсек, 2019 жылы мемлекет 500 мыңнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі несиесін кешірді. Оған бюджеттен 105 миллиард теңге бөлінді.

Экономист Марат Ерғозин бұл идеяны тәуелсіз экономистердің бір бөлігі қолдайтынын айтады.

"Мен Наурыз мерекесі қарсаңында жұмыстармен ірі банктің біріне соқтым. Үлкен зал толы ығы-жығы халық. Зал консультанты ұзақ күтуіме тура келетінін ескертті. Не болып қалғанын сұрасам, ұзақ демалыс кезінде несиесінің өтеу мерзімінің өтіп кетуінен қорыққан жұрт жұмысынан сұранып, ертерек төлем жасап тастауға тырысып жатыр екен. Жаңадан кредит рәсімдегісі келгендер де жетерлік. Сондықтан жүйе оларға басымдық беріп, өзге операцияларды кейінге ысырған екен. Залды бір шола қарап, жұртты қатты аяп кеттім. Ұлтымыздың ұлық мейрамы, әрі көктем келді. Өзара жылы шырайлы шүйіркелесіп, бір-біріне жымиып отырған біреуі жоқ. Кілең ұнжырғасы түскен, еңсесі езілген, жігері құм болған халық", – деді экономист.

Оның пікірінше, мемлекет халыққа барынша қайырымды, кешірімді болғаны жөн. Қамқорлығы жетіспейді.

"Жұрттың 300 мың теңгедей ұсақ қарызын кешіргенін жыр қылдық. Неге ең құрыса бір рет, Наурызда қарапайым халықтың 105 миллиард емес, бір триллион теңге борышын кешірмеске? Ұлыстың ұлы күнінде қазақ бабамыз кешірімді болуды өсиет етті емес пе? Осыны біз, экономистер үкіметтегілерге айтсақ, жауап біреу: "Жұрт жаман үйреніп алады". Бұрынғы қарызы кешірілгендер жаңадан кредит алды дейді. Онда бір рет несиесі кешірілген адамға екінші рет кешірілмейді деп бекіту керек. Қаншама олигархтың, бұрынғы билікте болып, шетелге кеткендердің миллиондаған, миллиардтаған қарызын банктер есептен шығара салған. Банктер де өздеріне берілген 8 триллион теңге ел қаржысының 6 триллионын сол бойы қайтармаған. Сондай-ақ несиесін өтей алмаған кейбір адамдың проблемалы борыштарын есептен шығару, қайта құрылымдау онсыз да үнемі жүргізіледі. Соларды жинақтап, Наурызда кешіруге болар еді", – деді ол.

М.Ерғозин азаматтардың берешегін өтеу үшін жаңа заем алатынын еске салды. Сонымен қатар телефон және интернет алаяқтарының торына түсіп қалып, борыш батпағына батқан азаматтар көп. Ішкі істер министрлігі тек былтырғы жылы алаяқтар 14 мыңнан астам қазақстандықтың сыртынан кредит рәсімдеп қойғанын мәлімдеді. Салдарынан, азаматтарға шамамен 5,8 миллиард теңге залал келген. Бұл тек алданғанын біліп, полицияға шағымданғандары ғана. Ол туралы хабарсыз жүрген, немесе үнсіз көніп, төлегендер қаншама?!

Бұдан банктердің, МҚҰ-лардың ештеңесі кеткен жоқ, олар бұл миллиардтарды алаяқтардың құрбандарынан өндіріп алады.

Сарапшылар банктердің алдындағы қарыз қазақстандықтардың тағдырын тәлкекке салатынына назар аудартады: борышты адам коллекторлардың, ЖСО-лардың қудалауына ұшырайды, олардың дауынан, тоқтаусыз қоңыраулатуынан ығыр болған жұмыс берушілер борышкерден құтылуға асық тұрады. Ол адам тұрғын үй-коммуналдық қызметтер алдында да қарыз болып қалады. Мемлекетке түрлі салығын төлей алмайды. ӘМСҚ оны медсақтандыру жүйесінен шығарып тастап, денсаулығы сыр беруі мүмкін. Әйелі тастап кетіп, алимент өндірсе, полиция көлігін тартып алып, өзін изоляторға қамап, ол жақтан да қуғын-сүргінге тап болады.

Ұсақ емес, кең ауқымды кредит кешіру көптеген қазақстандықты азап пен қиянаттан құтқарып, өмірін жаңадан бастауына мүмкіндік берер еді. Өйткені жеке тұлғалардың банкроттығы тетігі өзін ақтамады. Тиісті заң күшіне енгелі мемлекет банкроттыққа өтініш берген, соған шын мұқтаж 84 мыңнан астам қазақстандықтың небары 11%-ының немесе шамамен 9,5 мыңының ғана тілегін қанағаттандырған. Яғни, 64 мың азаматты билік кеудеден итеріп, қиындықпен жалғыз қалдырды.

Үкіметте банктердің лоббиі мықты екенін депутаттар жасырмайды. Мысалы, Мәжіліс "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда қабылдауға дайындап жатыр.

Оны талқылау барысында, жұмыс тобында бір топ депутат "жеке тұлғалардың банктердегі, микроқаржы ұйымдарындағы қарыздарын коллекторларға сатуға мүлдем тыйым салуды" қарастыратын норма енгізді. Бірақ бұған Үкімет, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үдере қарсы шығып, тосқауыл қойды. "Неге қарсысыздар? Неден қорқасыздар?" деп депутаттар аң-таң болып, қайта-қайта сұрады. Бірақ шенеуніктер наразылығының нақты себебін депутаттарға да түсіндірмеді: болмайды деген соң болмайды!

Оның орнына тек қысқа мерзімді мораторий ғана енгізілетін болды. Ол біткен соң борышкермен не істеймін десе де банкирдің еркі.

"Жеке тұлғалардың қарыздарын коллекторларға сатуға толық тыйым салу туралы депутаттардың ұсынысын Үкімет қолдамады. Оның орнына азаматтардың қарыздарын коллекторларға 24 ай өткеннен кейін беруге рұқсат ететін норма ұсынды. Яғни, қаржы ұйымдары – банктер мен МҚҰ-лар қарызды коллекторға екі жыл сатпайды, содан кейін ғана сатуға рұқсат. Сонымен қатар жұмыс тобында талқылау қорытындысында, азаматтардың қарыздарын коллекторларға сатуға 2026 жылға дейін мораторий енгізу мәселесі қосымша ұсынылды. Сол мораторий аяқталған соң, заң жобасында көзделген "коллекторларға қарыздарды 24 ай өткеннен кейін беру" туралы норма іске қосылады. Норма Үкіметке қорытынды алуға жіберілді", – деді депутат Берік Бейсенғалиев.

Яғни, Бектеновтың Үкіметі мораторийді құптамай тастауы мүмкін. Онда 2 жылдық шектеу ғана қалады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жұмыс тобының өзі сондай шешім қабылдады деп, бар "айыпты" депутаттардың өзіне аудара салды. Соңғы шешімді қабылдайтын да солар ғой.

"Банктердің проблемалық кредиттерін коллекторларға сатуына тыйым салу ұсынысына келсек, жұмыс тобының аясында әлгіндей шешім қабылданды. Яғни, мораторий қойып, нәтижесін көруіміз керек. Басқа мемлекеттерде толық тыйым салу деген жоқ сияқты. Қаржы тұрақтылығы жағынан келетін болсақ, стрестік, үмітсіз активтер болса, оны коллекторларға беріп, балансын тазалау үшін банктерге осындай мүмкіндікті сақтауымыз керек. Себебі, банктердің қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету міндеті бар. Үш жылға мораторий қоюды қарастырғанбыз. Енді мораторий тек екі жылға енгізіледі. 24 айда проблемалық кредит туындаса, банк реттеу механизмін жасап, іске жаратуы керек", – деді Мәдина Әбілқасымова.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары банктер мен микроқаржы ұйымдарының кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасын төмендету, "Жалақыға дейін" деп аталатын микроқарыздарды беруге қойылатын талаптарды қатаңдату жөнінде нормалар енгізген. Олар да Үкіметтің "батасын" алуға жолданыпты. Банкирлермен дос атқарушы билік оны мақұлдамаса, депутаттық бұл баптар қабылданбайды.

Парламентшілерге тек шарасыз бармақ шайнау ғана қалып тұр.

"Барлық қаржы ұйымдарында, банктерде проблемалық кредитпен жұмыс істейтін бөлімдер бар. Олар өзінің жұмысын істей алмайды, содан кейін коллекторларға сатады. Сонда банктер қарапайым адамдарға қарыз беруді біледі, қайтаруға келгенде айналысқысы келмейді, коллекторларға сатуға асығады. Мұның барлығы, меніңше, қарапайым адамдар үшін емес, банктердің портфеліндегі проблемалық кредиттерді тазалау үшін банктер ғана жасалған игілік сияқты көрінеді. Енді елді ойлайтын кез келді ғой", – деді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Бірақ өзі кінәраты көп заң жобасын қолдап, дауыс берді.

Сарапшылар шенеуніктердің бұқараға емес, банктерге бұра беретіндігінің тағы бір нышанын байқапты. Мысалға, алаяқтар банктердің клиенттік базасын пайдалану және әрбір банкке тиесілі қысқа нөмірінен қоңырау шалу арқылы азаматтарды алдап, үстінен несие рәсімдеп алады. Бұған банк қызметкерлерінің қатысы болған фактілер де тіркелді: мысалы, биыл Түркістан облысында банк қызметкері солай 21 миллион теңгенің кредитін рәсімдеген.

Сондықтан қазақстандықтар алаяқтық жолмен рәсімделген кредитті банктер мен МҚҰ-лар есептен шығарып, кешіруге тиістігін, болмаса, оны қаржы ұйымының өзі төлеуі керектігін айтып жүр. Үкімет болса, проблеманың жүгін халыққа аудара салды: қаласа, әр адам өз атына кредит рәсімдеуге өзі тыйым салуы керек. Үкіметтің бұл бастамасын заң жүзінде бекіткен депутаттар енді "сойқан" бастама көтерді: барлық қазақстандықтың несие алуына шектеу қойған жөн көрінеді.

"Қазіргі кезде басты проблемалардың бірі – алаяқтық. Жалпы, онлайн кредит алуға қатысты өткен жылы "әр адам өзіне электронды түрде шектеу қоюына болады" деп бекіттік. Бірақ оның пайдасын көріп отырған жоқпыз. Азаматтарымыз: "Біздің атымыздан онлайн кредит алуға неге рұқсат бердіңдер?" деп айтуда. Неге біз керісінше жасамаймыз? Бұдан былай барлығына жаппай шектеу енгізейік! Сонда кредит аламын деген әр азаматтың өзі ол шектеуді жеке-жеке алғызады. Ол қиын емес қой, бес-ақ минуттық жұмыс. Менің ойымша, әр адам жеке шектесін деген норманы банктер әдейі бекіткізіп қойған, сонда оны жасамаған кез келген адамның сыртынан рәсімдеуге болады. Оның орнына кредит алатын адам өзі келіп рұқсат сұрасын, оған рұқсат береді", – деп түсіндірді бұл идеясын депутат Мұрат Әбенов.

Заң жобасына сәйкес, егер азамат несиені алаяқтардың рәсімдегенін сотта дәлелдей алса ғана оны төлемейді. Бірқатар депутат бұл норманың іске аспайтынына сенімді.

"Заң жобасының 14-1-тармағы бойынша алаяқтар рәсімдеген несие соттың заңды күшіне енген шешіміне сәйкес кешіріледі делінген. Бұл формалды норма, ертең жұмыс жасамайды. Не себепті? Қылмыстық іс қозғалғанша, тергеу жүргізгенше, сотқа берілгенше, соттың үкімі заңды күшіне енгенше жылдар өтеді де, ол адам сол несиесін толығымен өтеп шығуға мәжбүр етіледі. Бұл жерде алаяқтыққа қатысты іс "Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне" тіркелген сәттен бастап, несиені өтеу тоқтатылуы керек сияқты. Сонда ғана бұл заң жұмыс жасайды", – деген пікір айтты депутат Бақытжан Базарбек.

Бірақ солай болу үшін депутат Базарбек жұмыс тобына тиісті ұсынысын енгізіп, қорғауы, өзге әріптестерінің қолдауын алуы, оған Үкімет те "мақұл!" деуі керек. Болмаса, бос сөз болып қалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу