Екі күннен кейін Қазақстан халқы тағатсыздана күткен ай келеді, ол әз әрі әсем мейрамдарға толы.
Оның үстіне 2025 жылы қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Қадір түні 26 наурыздан 27 наурызға қараған түнге түседі. Ораза айт 30 наурызда болады.
Елімізде 1 наурызда – "Алғыс айту күні" атап өтіледі. Бірақ Қазақстан Президентінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №173 жарлығымен енгізілген бұл мейрам ұлттық немесе мемлекеттік мереке мәртебесіне ие емес, ол жай ғана "Кәсiптiк және өзге де мерекелердің тізбесіне" қосылды.
Сондықтан бұл күні Қазақстанда демалыс жарияланбайды. Есесіне, биыл Алғыс айту күні сенбіге тұспа-тұс келеді, тиісінше, бес күндік жұмыс аптасындағы қазақстандықтардың көпшілігі демалады.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні 2025 жылы сенбіне тап келді. Сол себепті 10 наурыз, дүйсенбі демалыс болады.
"Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңына сәйкес, Ұлыстың ұлы күні қазақстандықтар 3 күн қатарынан демалуға тиіс: 21-23 наурыз аралығында. Соның ішінде 22 және 23 наурыз биыл сенбі-жексенбіге сәйкес келіп тұр. Тиісінше, бұл демалыс күндері 24 және 25 наурызға көшірілді.
Осылайша, Қазақстан тұрғындары нәзік болмыс иелерінің көктем мен махаббат мерекесіне орай – 8, 9, 10 наурыз күндері, ал, әз-Наурызға байланысты – 21, 22, 23, 24, 25 наурыз күндері демалады.
Дегенмен, осылардан сенбі-жексенбіні, яғни, онсыз да демалыс болатын күндерді алып тастаса, азаматтар жұмыс күндері арасынан 10 наурызда, сондай-ақ 21, 24 және 25 наурызда ғана 4 күн қосымша тыныға алады.
Сонда қалай қатарынан 10 күн бойы армансыз демалуға болады?
Мұның әдісін "Учет.kz" сарапшылары түсіндірді. Олардың айтуынша, мынадай бірнеше заңды айла-шарғыларды пайдаланғандар алдағы айда 21, 22, 23, 24, 25, 26, 27, 28, 29, 30 наурыз күндерін той тойлаумен, шаттық-думанмен немесе жеке басы-отбасының шаруаларын күйттеумен өткізе алады.
№1 тәсіл – бірер күнге "отпуск" алу
Қыстан моральдық-психологиялық қажып шыққандарға көктемнің алғашқы айында 3 күнге ғана жыл сайынғы ақылы демалыс алса, жеткілікті.
Еңбек кодексіне сәйкес, әрбір жұмыскерге жыл сайын ең кемі 24 күнтізбелік күнге созылатын "жыл сайынғы негізгі ақы төленетін еңбек демалысы" берілуге тиіс. Оның 3 күнін наурызда пайдалансаңыз, қалған 21 күні немесе 3 аптасы қалған маусымда еншіңізде қалады.
2025 жылы 21-25 наурыз – Әз-Наурыз мейрамына орай демалыс күндері болатыны әлгінде айтылды. Әрі қарай қазақстандықтар 26, 27, 28 наурыз күндері жұмыс істейді. Содан соң 29, 30 наурыз – сенбі-жексенбі болады.
Яғни, бухгалтерлердің мәліметінше, егер қызметкер, жұмысшы 26-28 наурызға, 3 күнге жыл сайынғы ақылы демалыс сұраса, онда оған мереке мен демалыс күндерін қосқанда 21-30 наурыз күндері, 10 күн бойы үзіліссіз тыныға алады.
Есепшілер мұны "ең қарапайым және танымал тәсіл" деп атады. Олай болса, қазірден бастап тезірек тікелей бастығыңыздың алдынан өтіп, рұқсат алып алуға және "эйчарға" (кадр бөліміне) аталған 3 күнге – 26 наурыздан 28 наурызды қоса алғандағы күндерге жыл сайынғы ақылы демалысты беру туралы өтініш тастап кетуге асығыңыз!
Өйткені бұл күндері демалыс алуға өзге қызметкерлер де қызығып, алдыңызды орап кетуі мүмкін. Бірде бір басшы жұмыс күні кеңсенің бос қалып, соқа басы сопайып отырғанды ұнатпайды. Демек, бұл күндерге отпуск сұрап жүгінгендердің басым бөлігін жіберуден бас тартуына тура келеді.
№2 тәсіл: Жұмыстан 3 күнге сұранып кету
Бұл тәсіл әлемнің шуағынан жаралған ең мейірімді, қайырымды, жанашыр бастығы барларға ғана жарайды. Өзге басшылар 3 күн түгіл, түске дейін сұранатындарды суқаны сүймейді, қуып шығуға кандидаттардың қара тізімінің басына жазып қоюы мүмкін.
Персоналды басқару мамандары 3 күнге сұрану үшін жалған сылтауларды ойлап тауып, негізге алмауға кеңес береді. Өтірігі ашылып қалса, абырой айрандай төгілері анық.
Сарапшылар жұмыс берушіден жазбаша сұрануды ұсынады. Өтініште жүктелген тапсырмаларды мерзімінен бұрын тап-тұйнақтай орындайтыныңызды, ал, босатылған күнгі жұмыстарды басқа күндері қосымша өтейтініңізді көрсетуге болады.
Кейін жұмыста болмағаны үшін (отгул) деген сылтаумен жұмыстан шығарып тастамауы үшін басшыңыздың шешімі мен рұқсаты құжат жүзінде рәсімделгені маңызды. "Есіңізде ме, сізге кіріп, ауызша сұранып едім ғой..." деген сияқты дәйектемелерді (егер нақты куәгеріңіз болмаса) соттың қабылдауы неғайбыл.
№3 тәсіл: Жалақыны сақтаусыз демалыс алу
Сарапшылар дәл осы күндерге "жалақы сақталмайтын демалысты" (отпуск без сохранения заработной платы) ұсыну туралы өтініш жазуға болатынын ескертті. Еңбек кодексінің 87-ші бабына сәйкес, жұмысшының талап етуімен кез келген басшы осындай демалысты да ұсынуға міндетті. Бұл заңнамада "әлеуметтік демалыстардың бір түрі" ретінде ресми бекітілген.
"Сұранып кету" секілді дәстүрлі демалыстан айырмашылығы сол, жалақы сақталмайтын демалыста 3 күннің жұмысын кейін өтеу ("отработка") талап етілмейді. Егер жұмыс беруші ол күндерді еңбекпен өтеуді талап етсе, онда тиісті жалақысын да төлеуге тиісті.
Сарапшылар тағы бір жайтқа назар аудартты: жалақы сақталмайтын демалыс күндері "жыл сайынғы негізгі ақы төленетін еңбек демалысы" күндерінің санын есептеуге қосылмайды.
№4 тәсіл: Уақытша еңбекке жарамсыздық
Егер сіз қым-қуыт, күйкі тірлікпен емделуге уақыт таппай жүрсеңіз, немесе ел түрлі той-томалақта тоя ішетін Наурыз мерекесін атап өту кезінде жай-күйіңіз нашарласа, дереу сөз болып отырған күні емханаңызға жүгіріңіз. Сонымен бірге, денсаулығыңыздың сыр бергені, салдарынан жұмыс орнына бара алмайтыныңыз туралы басшылықты хабардар етуді ұмытпаңыз.
Ал, ақ халатты абзал жандар ахуалыңыз ауыр болмаса да, түріңіз аянышты екенін байқаса, еш қинамай уақытша еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеп береді.
Мұндай жағдайда жұмысшыға жалақы төленбейді, оның орнына басқа ақы беріледі. Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес, жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті.
Осы бап бойынша еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша 1 айға төленетін әлеуметтік жәрдемақы 25 АЕК-тен (2025 жылы – 98 300 теңгеден) аспауға тиіс.
Жалпы, мамандар наурыздағы мерекелік демалысты ұзартудың "экзотикалық" тәсілдері де бар екенін жеткізді. Мысалы, Еңбек кодексі бойынша жұмыс беруші скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс беруге міндетті.
Бірақ бұл зерттеулерден өту күні 26-28 наурыз аралығына тұспа-тұс келуі үшін алдымен емханадағы басшылықпен келісуге тура келуі мүмкін. Қалай болғанда, Еңбек кодексінің 87-бабында "1 жыл ішінде 3 жұмыс күнінен аспайтын көлемде скринингтік зерттеулерден өтуге арналған демалыс" беру бекітілген.
Бұдан бөлек, егер айы-күні жетіп тұрса, жүкті аналар 26 наурыздан бастап бала туу және бала күтімі бойынша демалыс ала алады.
Аяғы ауыр әйелдердің сондай-ақ "жүктіліктің 12 аптасына дейін медициналық есепке қоюға арналған кемінде 3 жұмыс күні көлемінде демалыс" алу мүмкіндігі бар.
Бастық келіссе, өндірістен қол үзбей білім алуға қолайлы жағдайлар жасау (оқу демалысы) және өзге де әлеуметтік мақсаттар үшін жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату түріндегі "әлеуметтік демалыс" түрлері де кодексте қарастырылған.
І-ші және ІІ-ші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға ұзақтығы кемінде 6 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы беріледі.
Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге "Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардың тізбесіне" сәйкес ұзақтығы кемінде 6 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары беріледі.
Айтпақшы, бірқатар азаматтар, денсаулығы жараса, осылай 10 емес, қатарынан 11 күн бойы бейғам тыныға алады. Бірақ ол үшін Қан орталығына барып, қан тапсыруыңыз керек. Бұл тәсіл барлық адамға бірдей жарай бермейді: кейбір адамдарға денсаулық жағдайына байланысты қан тапсыруға рұқсат етілмейді. Дәрігерлердің айтуынша, мысалы, егер адамның көзі нашар көрсе, қаны аз болса, қан тапсыру оның жағдайын күрт нашарлатуы мүмкін.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 208-бабы бойынша жұмыс күндері медициналық зерттеп-қаралу және қанды, оның компоненттерін донациялау кезінде жұмыскер орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыстан 1 күнге босатылады.
Алайда басшылықтан сөз естімеу, берілген тапсырманы жарға жықпау үшін 31 наурыз күні қан тапсыратыныңызды ертерек ескертіп қойғаныңыз жөн.
Сарапшылар наурыздағы демалыстарды ұзартудың қай тәсілін таңдау әр адамның өз қалауына және ахуалына байланысты болатынын ескертеді. Мұнда сонымен бірге жұмыскердің ұжымдағы бедел-ажары да, басшысымен жақсы қарым-қатынасы да, келіссөз жүргізу қабілеті де маңызды рөл атқарады.
Мәселен, Еңбек кодексі жұмыс берушілерге үлгілі, озық қызметкерлерді негізгісі сыртында "жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыспен" ынталандыруға рұқсат етеді.
Мұқият ойластырып, ұсынылған нұсқалардың бірін немесе бірнешеуін таңдап, көктемгі демалыстан барынша толық ләззат алыңыз!