Бүкіл әлемнің назарын аударған Ресей оппозиционері Алексей Навальныйдың ісі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің экономикасына кері әсер етпей ме? Орталық коммуникациялар алаңында брифинг өткізген ЕЭК алқасының мүшелеріне осындай сұрақ қойылды. Бұл сұраққа кеңінен көсіліп жауап берген ЕЭК алқасының интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазиев санкциялар соғысы Қытайды әлем экономикасының орталығына айналырып тынатынын ескертті.
"Біздің даму стратегиямыздың санкцияларға қатысын айтсақ, ол мұндай шектеулерге балама жолға ұқсайды. Біздің мемлекеттің басшылары сауда-саттық пен экономикалық әріптестік саласында санкциялар қолдануды талай рет сынағанын естіген шығарсыздар. Бұл сакциялар бүгінде құқықтық алаң аясынан тыс іске асып жатыр. Дүниежүзілік сауда ұйымының, Халықаралық валюта қорының жарғыларына қайшы. Жуықта ғана өткен Давос форумы іскерлік қауымдастықта, көптеген елдерде "санкциялардан бас тарту керек" деген халықаралық ымыра бар екенін көрсетті. Санкциялар ешкімге пайда әкелмейді. Ресейге қарсы санкциялар бізден қарағанда Еуроодаққа көп шығын келтірді деп айта аламын. Яғни, бұл шайқаста айтарлықтай өткір қылыш деуге болады", - деген ЕЭК өкілі "Батыс есігін тарс жапқанымен, Шығыс құшағын айқара ашып отыр" деген оптимистік мәлімдеме жасады.
"Соңғы 5 жылда санкциялар жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бұл санкциялар біздің сыртқы сауда байланысымызда күрделі реформалар жасауымызды ынталандырды. Қазір Қытаймен тауар айналымы жылдам өсіп келеді. Оңтүстік-Шығыс Азиямен әріптестіктен үлкен мүмкіндіктер көріп отырмыз. Вьетнаммен, Сингапурмен еркін сауда аймағы жұмыс істеп тұр. Енді Үндістанмен келіссөз жүріп жатыр. Иранмен преференциалды тауар режиміне өтуге шақ тұрмыз. АҚШ қабылдаған санкиялар Еуроодақтың өзіне және біздің Еуроодақпен байланысымызға зардап тигізіп жатыр. Бірақ бұл проблемалар Шығыстағы әріптестікті күшейтудің есебінен оңай өтелуде", - деді Сергей Глазиев.
ЕЭК өкілі Ресейге санкция салу тоқтамаса, әлемдік экономиканың орталығы түбегейлі Шығысқа ауады деген болжам-ультиматум айтты.
"Санкциялар қазір әлем экономикасында жүзеге асып жатқан құрылымдық өзгерістерді күшейтуде. Әлем экономикасының орталығы Батыстан Шығысқа ығысып келеді. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы елдердің экономикалық белсенділігі өндіріс көлемі бойынша да, сауда-саттық көлемі бойынша да қазір АҚШ пен Еуродақтың біргіп алғандағы көлемінен асып кетті. Сондықтан, менің ойымша, санкциялар соғысының бәрі бітеді. Біз барлық елдермен әріптестік орнатуға дайынбыз. Бұл мәселеде біздің өз ішімзде толықтай өзара түсіністік бар. Біз санкциялар қолдануға қарсымыз. Бірақ санкциялар жақында тағы қолданылатын болса, мүмкіндіктерге қарай жоспарды қайта қарауға тура келеді. Біз қазір Қытай Республикасымен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Үлкен сауда-экономикалық келісім күшіне енген болатын. Қазір әріптес табудан проблема сезініп отырған жоқпыз. Бізбен бірге жұмыс істеуден бас тартқан серіктестер өз-өздеріне қастық жасап отыр", - деді ЕЭК министрі.
Есімжан Нақтыбайұлы