Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқу қымбаттады

10228

Дарынды балалардың оқу ақысын мемлекет көтереді.  

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқу қымбаттады

Осы мақсатта сонау 2009 жылғы 14 наурызда қабылданған, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Елбасының "Өркен" білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлерін бекіту туралы" Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілген. Олар 2020 жылдың басында күшіне енеді.

Сонымен, НЗМ орналасқан қалада тұратын, сондықтан жатақхананы қажет етпейтін озат шәкірттердің әрқайсысы үшін жылына бюджеттен 1 миллион 906,3 мың теңге қаражат бөлінеді.

Салыстыру үшін айта кетейік, былтырғы 2019 жылы жатақхана талап етпейтін әрбір жас талант үшін 1 млн 903,8 мың грант төленетін.

Ал өзге ауыл-аймақтан келген, тиісінше жатақханада тұруға мұқтаж оқушылар үшін тариф басқа. Атап айтқанда, ондай әрбір бала үшін "Назарбаев Зияткерлік мектебіне" бұдан былай жылына 2 миллион 804,2 мың теңге бөлу жоспарлануда.

Бұған дейін бұл сома жылына 2 млн 801 мың 376 теңге болған.

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, қос гранттың мөлшерлері де жыл сайын индекстеуге жатады. Демек, келесі жылдарда да қымбаттайды.

Жаңа Үкімет қаулысы жобасына қоса берілген салыстырма кестеде бұл қаражаттар былтыр Парламент қабылдаған 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетте қарастырылғаны айтылады. Нақтылай кетсек, еліміздің басты қаржылық құжатының "Сапалы мектеп біліміне қолжетімділікті қамтамасыз ету" деп аталатын 99-шы бюджеттік бағдарламасының "Назарбаев Зияткерлік мектептерінде мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру" кіші бағдарламасы аясында НЗМ-де дарынды балаларды оқытуына және тәрбиелеуге ақша бөлініпті.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың дерегінше, ел Үкіметінің 2019 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген 2020 жылға арналған мемлекеттік тапсырмалардың тізбесіне сәйкес, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымындағы білім беру және тәрбиелеу жөніндегі қызметтер" атты мемлекеттік тапсырманы орындауға биыл 29 миллиард 500,8 миллион тенге сомасында бюджет қаржысы бөлінген.

Вице-министр НЗМ-дегі оқу ақысының алдағы үш жылда қалай қымбаттайтынын да хабарлай кетті.

Бір оқушының жылдық оқу ақысы 2020 жылы 1 миллион 906 мың 300 теңгені, 2021 жылы – 1 млн 907 мың 500 теңгені, 2022 жылы – 1 миллион 907 мың 518 теңгені құрайтын болады.

Ал оқуды және жатақханада тұруды қоса есептегенде әр балаға арналған жылдық білім беру ақысы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 2020 жылы 2 миллион 804 мың 200 теңге, 2021 жылы – 2 млн 805 мың 100 теңге, 2022 жылы – 2 млн 805 мың 200 теңге болады.

БҒМ тиісті миллиардтар бюджеттен 2020 жылы 1 қаңтардан бастап бағыттала бастайтынын хабарлады.

Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов НЗМ-ді үш жыл бойы бюджеттен қаржыландыру көлемін атады.

Соның ішінде білім ұйымы желісіне ел қазынасынан 2020 жылы – 29 млрд 500,8 млн теңге, 2021 жылы – 29 млрд 683,9 миллион теңге, 2022 жылы – 29 млрд 712,3 миллион теңге қарастырылған.

Ұйым сайтында еліміз бойынша 20 Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 14 мың 376 бала оқитыны көрсетілген. Оның шамамен 2,5 мыңдайы жатақханада тұрады.

2 мың 884 мұғалімнің 180-і ғана шетелдік екен.

Айтқандай, қазіргі кезде зияткерлік мектептерде құжат қабылдау жүруде және бұл науқан 2020 жылғы 31 қаңтарға дейін жалғасады.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу