Назым Қызайбай Испаниядағы турнирді жеңіспен бастады

826

Екі дүркін әлем чемпионы, қазақстандық Назым Қызайбай Испанияның Ла Нусия қаласында өтіп жатқан бокстан Boxam Elite-2024 халықаралық турниріндегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. 

Назым Қызайбай Испаниядағы турнирді жеңіспен бастады Фото: boxingkazakhstan

50 келіге дейінгі салмақта 1/4 финалда Назым португалиялық Рита Соарешпен кездесіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен (5:0) жеңіске жетті. Осылайша, қазақстандық былғары қолғап шебері турнирдің жартылай финалына шығып, кем дегенде қола жүлдеден үміткер атанды.

Тағы бір қазақстандық боксшы Айдана Забынбекова (60 келі) 1/8 финалда филиппиндік Риза Пасуитті 4:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, қазақстандық боскшы қыздар Boxam Elite-2024 турнирінде кем дегенде жеті медальдан үміткер: Әйгерім Сатыбаева (48 келі), Жазира Урақбаева (52 келі), Мәдина Нұршаева (70 келі) және Гүлсая Ержан (75 келі) жарыстағы жолдарын жартылай финалдан бастайды.

Тағы үш қазақстандық Аида Әбікеева (63 келі), Фариза Шолтай (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) бірден финалда өнер көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу