Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова "Мақсатты мектептер" жобасын тоқтатуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұстаздарды қолдаудың орнына сабақпен қабаттастырып оқытып, артық жүктемемен қинап жатқан, не қаулысы, не бұйрығы жоқ, не педагогикалық қауымдастықпен жария талқыланбаған мақсаты белгісіз "Мақсатты мектептер" жобасы тоқтатылсын. Ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет, бірақ ол заңды және жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс. Егер бұл үдеріс заңсыз болса немесе қажетті жария талқылаулар мен ережелер сақталмаса, онда бұл білім сапасына және ұстаздардың кәсіби дамуына теріс әсер етеді", – деп жазды депутат өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, әлеуметтік желілердегі ұстаздардың жанайқайы осының дәлелі.
"Мақсатты мектептер" жобасы ұстаздарды қолдаудың орнына артық жүктемемен қинап жатқандығы туралы ұстаздардың пікірлерін ескере келе, бұл жоба бойынша ашық қоғамдық талқылау өткізілмегендігін және ресми шешім Үкіметтің қаулысы немесе уәкілетті мемлекеттік орган бұйрығымен рәсімделмегендігін негізге ала отырып, жобаны тоқтату қажет. Мұндай бастамалар, егер тиісті заңнамалық рәсімдерден өтпесе және ұстаздарға қолдау көрсетудің орнына қиындықтар туғызса, қайта қарастырылуы тиіс. Жоба ресми мақұлданбаса, педагогикалық қауымдастықпен талқыланбаса және операторларға жұмсалатын қаражат нақты қаулы немесе бұйрықпен негізделмесе жобаны жалғастыру қисынсыз", – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.