BILD басылымы қамал ішінде батырлар залы сақталғанын жазады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Германияның Саксония жеріндегі Бад-Дюбен қаласының билігі шамамен XIII ғасырдағы Шнадитц қамалына сатып алушы іздеп жатыр. Нысан небәрі 1 еуроға саудаланады.
– Қамалдың сақталып қалғанын қалаймын. Бұл ғимарат өңір мен бүкіл Саксония үшін маңызды. Әрине, қазіргі сыртқы келбеті көңіл көншітпейді, әлі істелетін жұмыс көп. Бірақ шатыры бүтін, – деді қала мэрі Матиас Мит BILD басылымына берген сұхбатында.
Жергілікті биліктің бағалауынша, қамалды толық қалпына келтіруге шамамен 20 млн еуро қажет. Тарихи ғимарат мемлекет қорғауында болғандықтан, жөндеу жұмыстарының барлығы ескерткіштерді қорғау органдарымен келісілуі тиіс. Бұл қалпына келтіру мерзімін едәуір ұзартуы мүмкін.
Бұған дейін де инвесторлар қамалды сақтап қалуға әрекет жасаған. 2014 жылы америкалық әйел мен оның ұлы мұнда қонақүй, барбекю мейрамханасы және шарап барын ашуды жоспарлаған. Десе де, жобаға уәде етілген миллиондардың орнына шамамен 400 мың еуро ғана инвестицияланған.
2018 жылы сатып алу-сату шарты бұзылып, ғимарат қайтадан қала меншігіне өткен еді.