Недовесов елордадағы турнирді жеңіспен бастады

1466

Даниил Медведев Астанада өтіп жатқан турнирдің "Мастерс" және "Үлкен дулыға" жарыстарынан кем түспейтінін атап өтті.

Недовесов елордадағы турнирді жеңіспен бастады

Елордада Astana Open ATP 500 турнирінің іріктеу сайыстары өтіп жатыр. Қазақстанның жұптық сындағы екінші ракеткасы Александр Недовесов күтпеген нәтижеге қол жеткізді. Жекелей сында жарысты ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған Недовесов алғашқы кездесуінде әлемнің 69-ракеткасы, колумбиялық Даниэль Галанды 5:7, 7:6 (7:0), 6:2 есебімен ұтты. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.

Бірінші партияда Александр 4:1 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылығын сақтай алмады. Екінші сетте тай-брейкте 7:0 есебімен жеңсе, соңғы, шешуші партияны сәтті өткізді. Тартысты матч екі сағат жарымға жуық уақытқа созылды. Недовесов іріктеу сайыстарының финалында түркиялық Жем Илькел немесе қытайлық Чжичжень Чжанның біреуімен негізгі турнирге берілетін жолдаманы сарапқа салады. Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев әлемнің 65-ракеткасы, бельгиялық Давид Гоффенге есе жіберді – 1:6, 4:6.

Арысланбек Айтқұлов ресейлік Павел Котовтан ойсырай ұтылды – 0:6, 0:6. Ал Григорий Ломакин түркиялық Алтуг Челикбелектен айласын асыра алмады – 3:6, 3:6.

Сонымен қатар  Astana Open ATP 500 турнирінің жеребесі тартылды. Еліміздің бірінші, әлемнің 41-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 52-орында тұрған нидерландылық Таллон Грикспурмен кездеседі. Ал Михаил Кукушкин әлемнің 6-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципаспен ойнайды. Ақтау теннис мектебінің түлегі, 21 жастағы Бейбіт Жукаев әлемнің 35-ракеткасы, нидерландылық Ботик ван де Зандсхулппен кортқа шығады.

Әлемнің бірінші ракеткасы, US Open-2022 турнирінің чемпионы, испаниялық Карлос Алькарас рейтингте 31-сатыдағы даниялық Хольгер Рунемен сынға түседі.

Жарыстың екінші ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев испаниялық Альберт Рамос Виноласқа қарсылас атанды.

Додаға сондай-ақ "Үлкен дулыға" турнирінің 21 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джокович (жарыстың 4-ракеткасы), ресейлік Андрей Рублев (5), италиялық Янник Синнер (6), поляк Хуберт Хуркач (7), канадалық Феликс Оже-Альяссим (8) және басқалар қатысады.

"Турнирге қатысушылардың құрамы өте мықты. "Мастерс" және "Үлкен дулыға" жарыстарынан кем түспейді. Сондықтан матчтар өте тартысты өтетін болады. Өз шеберлігімді көрсету үшін бар күшімді саламын", – деді Даниил Медведев.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу