Недовесов жартылай финалға жолдама алды

2111

Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында украиналық Денис Молчановпен бірге Анталияда "Челленджер" турнирінің жартылай финалына шықты.

Недовесов жартылай финалға жолдама алды

Қазақстандық-украиналық жұп ширек финалда колумбиялық Даниэль Элахи Галан Риверос пен эквадорлық Эмилио Гомеспен шеберлік байқасты. Осы жарыстың 2-ракеткасы Недовесов – Молчанов жұбы қарсыластарын 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Александр Недовесов пен Денис Молчанов жүлде қоры 44 820 АҚШ долларына бағаланған жарыстың финалына шығу үшін филиппиндік Трет Хьюи – нидерландылық Сэм Вербик жұбымен таласады.

Сондай-ақ бірқатар қазақстандық теннисшілер Мельбурнде өтетін турнирге дайындық үстінде. Кеше Yarra Valley Trophy - WTA 500 турнирі жеребесінің нәтижелері белгілі болды. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.

Бірінші айналымда қазақстандық Ярослава Шведова бельгиялық Кирстена Флипкенспен (WTA рейтингінде 87-орында) ойнайды. Ярослава Елена Рыбакинамен бірге өнер көрсетеді. Олар серб-хорват Стоянович/Юрак жұбына қарсы ойнайды.

Жарыстың бірінші ракеткасы, румыниялық Симона Халеп екінші айналымнан бастап шығады. Ол ресейлік Анастасия Потаповамен немесе америкалық Уитни Осуигвемен ойнайды. Екінші сатыда тұрған жапондық Наоми Осака екінші айналымда аустралиялық Айла Томляновичпен немесе Франция теннисші Ализе Корнемен кездеседі. Үшінші орындағы украиналық Элина Свитолина алғашқы кездесуінде германиялық Андреа Петковичпен немесе италиялық Мартина Тревизанмен ойнайды.

Тағы екі теннисшіміз Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина 2021 жылдың 3-7 ақпан аралығындағы Grampians Trophy турнирінің жекелей сынына қатысады.

Ал Зарина Дияс Gippsland Trophy - WTA 500 негізгі кезеңінің бірінші айналымында әлемнің 51-ракеткасы Лаура Зигемундпен (Германия) кездеседі. Жалпы турнирдің жүлде қоры 565 мың АҚШ долларын құрайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу