Некені тіркеу рәсімі үш күнге дейін қысқартылады

1900

Ақпарат және коммуникация министрлігі заңнамаға тиісті өзгертуді дайындап жатыр.

Некені тіркеу рәсімі үш күнге дейін қысқартылады

Ақпарат және коммуникация министрлігі 121 мемлекеттік қызметті оңтайландыру мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерісті дайындауда. Атап айтқанда, министрлік  некені тіркеу шарасын үш жұмыс күніне дейін қысқартуды көздеп отыр. Бұл туралы 15 қаңтар күні үкіметтің отырысында министр Дәурен Абаев мәлім етті.

"Некені тіркеу шарасын оңтайландыру некені тіркеу мерзімін бір айдан үш күнге дейін  қысқартатын болады. Сонымен қатар некені тіркеу күнін өтініш берген күннен бастап екі айға дейін таңдауға мүмкіндік тумақ", – деді министр.

Сондай-ақ салалық орган салық төлеушілердің артық төлеген сомасын автоматты түрде кері қайтаруды да енгізбекші. Министрлік дайындап жатқан түзетулердің ішінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тәртібін бір ғана нормативтік актімен – ережемен реттеуге қатысты да түзету бар.

Жалпы алғанда 3,5 мыңнан астам стандарт пен регламент жойылады.

Сонымен қатар "пилоттық жоба" түсінігін енгізу жоспарланып отыр. Дәурен Абаев бұл белгілі бір қызметті жетілдіру кезінде процестерді алдын ала байқап көруге, тәуекелдерді анықтауға, қызметті көрсетудің кезеңдерін өзгертуге мүмкіндік беретінін айтты.

"Сондай-ақ бұл мемлекеттік қызметті оңтайландыру мерзімін қысқартады. Қазіргі уақытта мұндай өзгертулер жарты жылға дейін созылады. Бұған қоса, атап кеткендей, бұл әлеуметтік маңызы бар мәселелерге қатысты тәуекелдерді азайтады. Өйткені пилоттық жоба белгілі бір аумақта  ғана іске асырылып, іске асыру мерзімі шектелуі мүмкін, сондай-ақ барлық азаматты қамтымайды. Оны тез жоюға немесе тоқтатуға, өзгертуге болады", – деді АКМ басшысы.

Бүгінгі күні қазақстандықтардың 64%-ы интернетке шығу үшін смартфондарды пайдаланады. Министрлік жұмысының басты бағыттарының бірі –  M-Gov электронды үкімет қосымшасын дамыту, бұл қосымшаны қазір 1,3 млн азамат пайдаланып отыр. M-Gov арқылы тек 87 қызмет пен сервис қана қолжетімді болып отыр. Ведомство мобильді және веб-нұсқаны синхрондау бойынша жұмыс жүргізуде.

Атап кетер болсақ, бүгінгі күні мемлекеттік қызмет көрсету тізімінде 741 қызмет түрі бар. Оның  454-інің немесе 61%-ының электронды формасы бар. Соның ішінде 165 мемлекеттік қызмет қана электронды форматта қолжетімді. Оның тең жартысы – лицензиялар мен рұқсат беруші құжаттар, сондай-ақ кәсіпкерлікті субсидиялауға қатысты қызметтер.

Карина Алимова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу