Немістер қазақ мұнайын сатып ала алмайтын болды

110

Қазақстан мамырдан бастап Германияға мұнай сата алмайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Немістер қазақ мұнайын сатып ала алмайтын болды Фото: ЖИ

Ақпаратты алдымен Reuters агенттігі жариялаған болатын. Онда Ресей "Дружба" құбырымен Қазақстан мұнайын экспорттауды тоқтататыны айтылды.

Бір қызығы, бұл ақпарат жария болғанда Ресей тарапы ресми дерек шығармай, үнсіз отырды. Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Reuters-ке мұнай экспортын тоқтату жоспарынан хабары жоқ екенін жеткізген. Яғни, Ресей соңғы уақытқа дейін ауыз ашпай отырды десек, жаңылмаймыз.

Ақыры 22 сәуірде аймақтық экосаммит кулуарында Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов де бейресми дереккөздердің қауесеттің шын екенін естігенін айтты.

"Ресейдің мұнай тасымалдауды тоқтататынын бейресми дереккөздер арқылы алдым. Ресей Федерациясы жағынан ресми мәлімдеме әзірге келген жоқ. Бірақ бейресми дереккөздер арқылы біз мұның шын екенін білеміз", – деп қысқа қайырды министр.

Көп ұзамай солтүстіктегі көрші ақпаратты ресми түрде растады. Ресейдің вице-премьері Александр Новак Германияға "Достық" құбыры арқылы тасымалданатын Қазақстан мұнайы техникалық шектеулерге байланысты басқа логистикалық дәліздерге жіберіледі деп мәлімдеді.

"1 мамырдан бастап, "Достық" құбыры арқылы бұған дейін Германияға жөнелтіліп келген Қазақстан мұнайы басқа, бос логистикалық бағыттарға жіберіледі. Бұл қазіргі техникалық мүмкіндіктерге байланысты", – деді ол.

Енді қараңыз, әуелде ақпараттан хабарсыз екенін, тек бейресми дереккөздерден естігенін Қазақстан үкіметінің өкілдері де растады. Бірақ Александр Новак бұл шешім Қазақстанмен алдын ала келіссөз жүргізу арқылы қабылданғанын ескертті. Яғни, тараптардың пікірі қайшы. Біздің болжамамызша, көрші ел шешімді өз бетінше қабылдаған.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаиловтың айтуынша, "Дружба" құбыры арқылы Германияға мұнай жеткізудің тоқтауы – аса сындарлы жағдай емес. Себебі Ресейдің Қазақстанға қандай да бір наразылық білдіруіне негіз жоқ. Оның үстіне "Дружба" Қазақстан үшін негізгі бағыт емес, Еуропаға жеткізудің қосымша арнасы ғана, әрі ол көбіне Германия үшін пайдаланылып келеді.

– Бұл тоқтау бір аймен шектелмеуі де мүмкін. Германияға жеткізілген мұнай көлемі айтарлықтай үлкен емес. Қазақстаннан гөрі Германияның мүддесіне көбірек сай еді. Біз үшін бұл бұрыннан бар мәселе – экспорттық бағыттарды әртараптандыру қажеттігін тағы да еске салатын белгі, – деді сарапшы.

Асқар Исмаиловтың сөзінше, "Дружба" арқылы жіберілген мұнайдың бір бөлігін теміржол тасымалы арқылы немесе Усть-Луга бағытымен қайта бағдарлауға болады. Бұған дейін Қазақстан мұндай тасмыалдау тәсілдерін қолданған.

– Жалпы, еліміздің экономикасына айтарлықтай әсер сезіле қоймайды. Әрине, егер осы мұнай мысалы, Қытайға бағытталса, экспорттық табыс аздап төмендеуі мүмкін еді, – деп түйіндеді мұнай-газ саласының сарапшысы.

Расымен де, Қазақстан бұған дейін дәл осы "Достық" құбыры арқылы Германияға аса көп мұнай жеткізген жоқ. Мәселен, 2025 жылы еліміздің мұнай экспорты 78,7 млн тонна болса, соның шамамен 2,1 млн тоннадан астамын ғана немістерге сатқан. Бұл – жалпы экспорттың тіпті 5 пайызына да тең болмайды. Әйтсе де, Қазақстан мұнай жеткізу жолдарын әртараптандыру мәселесіне осы бастан зер салғаны жөн екені сезіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу