Бұл қалада да адамдар қаза тапты, полиция мен әскер жараланды.
Ондағы аласапыранды республика жұрты телеарналардан көрген жоқ. Жаңалық порталдарынан да бірен-саран хабар оқығаны болмаса, толыққанды ақпар ала алмады.
Алаңнан видео жариялаған журналист, блогерлер "заң бұзғандықтан" қамалып, айыппұл төлеуге міндеттелді.
Блогердің бірі – Александра Осипова. Куәгер inbusiness.kz тілшісіне сол күні көрген-білгенін әңгімелеп берді.
"ӘСКЕРДІ САПҚА ТҰРҒЫЗЫП, АЛАҢДА КҮТТІ"
– Біздің білуімізше, Өскеменде 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінің дүмпуі, 1993 жылы ұлты шешен азаматтар қазақтың жас жігіттерін өлтіргенде наразылық болды. Бұдан кейін ауқымды шеру өткені туралы естімеппіз. Жалпы биыл да бұл қалада халық көшеге шығады деп ешкім күтпеген секілді. Дегенмен митинг болды. Ол қай күні және қалай басталды, кімдер ұйымдастырды, жиналғандар қандай талаптар қойды?
– Мен 30 жастамын, осы саналы өмірімде туған қаламның көшесінде бірде-бір наразылық әрекетін көрген емеспін.
Экология мәселесін қозғайын деп 2019 жылы бейбіт митинг өткізуге рұқсат алуға тырыстық, өйткені бұл тақырып қалада өте өзекті екенін білесіз. Біз бірнеше адамның атынан жыл бойы 30-дан астам өтініш жолдадық, бірақ биліктен бір рет те рұқсат ала алмадық. Әкімдік "бөлінген орындарда басқа іс-шара өткізу жоспарланған", деп жауап береді. Дегенмен біз сол жерлерді айтылған уақытта барып көріп жүрдік, кейде ешкім болмайтын, ал кейде бюджет қызметкерлерін флешмоб өткізуге қуып шығаратын.
Осы жолы қаңтардың төртінде қалалық чаттар пайда бола бастады. Онда адамдар шеруге шығуға дайын екендігін айтысып, өзара талқылау жүргізді. Ал 5 қаңтарда сағат 13:00-де Республика алаңына топтаса бастады. Митингте ұйымдастырушы болған жоқ. Жиылғандар жалпылама, әлеуметтік ұрандар тастады: жалақыны көтеру, азық-түлік бағасын түсіру, қала мен облыс әкімдерінің отставкаға кетуі, "Шал, кет!".
– Саяси талаптар да бар ішінде... Жақсы, әрі қарай жалғастыра беріңіз.
– Иә, жалғастырайын. Жәй күндері көшесінде полиция қаптап жүретін біздің қаланың тұрғындары да шеруге шығуға дайын екенін білгенде қатты таңғалдым. Оларды аяусыз қуып таратып жіберетіні әу баста белгілі еді. Дейтұрғанмен, әлеуметтік желілерде жиналып жатқан адамдарға билік күні бұрын үндеу жасамады, қақтығыстың алдын алуға тоқтау айтпады. Бар болғаны межелі күні таңертең ерте әскерилерді сапқа тұрғызып, ауыр техникаларды алаңға тізіп қойып күтті.
– Сіз әлеуметтік желіде тікелей эфир таратқаныңызды білеміз. Онда жұрт облыс әкімі Даниал Ахметовті шақырғанын, бірақ әкім алаңға шықпағанын айтасыз. Жұрттың талабын біреу тыңдады ма, жауапқа жұртшылық қанағаттанды ма?
– Шынында да, наразылық білдірушілер арасында "Ахметов, шық!" деген ұран айтылды. Дегенмен облыс әкімі адамдар алдына шықпады. Алайда сағат 14:00 шамасында қала әкімі (Жақсылық Омар – авт.) келді. Оны бетперде киген 8-10 әскер қорғап жүрді. Ол "осында келген әрбір адамның мәселесін жеке-жеке шешіп беремін" дегенді айтты. Көпшілік оның сөздеріне қанағаттанбады, біраздан соң өзі де көпке сіңіп жоқ болды.
"ЖОҒАЛТАТЫН ЕШТЕҢЕСІ ЖОҚ ҚАРАПАЙЫМ АДАМДАР ҚАЛДЫ"
– Мылтық атылуы, көзден жас ағызатын газ шашылуы – алаңдағы шу қалай тұтанды? Жалпы сіздің жадыңызда қандай картиналар сақталып қалды?
– Мен көлікте жылынып отырғанмын, кенет басталған айғай-шуды естігенде жүгіре шықтым. Алаңға таяғанымда ауаға газ тарап кетіпті. Әскерилер граната лақтырса, адамдар қар атып "жауап қатып" жатты. Мен қақтығыс басталуын көрмей қалдым, бірақ наразылық білдірушілер "полиция бірінші бастады" деп айтты. Мұның анық-қанығын полицейлерден де нақтылау мүмкін емес секілді. Алғашқы жарылыстарда эмоцияма ие бола алмадым, жыладым... Жыладым, өйткені осымен бейбіт шеру біткенін түсіндім.
Әскерилер газды шашып-шашып жіберді де кері шегінді. Аздан соң жан-жаққа шашыраған көпшілік қайта жиналды, полиция да оралды. Әскерилерге қосымша күш келді, олар наразы топтың жолын басқа қапталдан тұйықтауға тырысты. Адамдар оны бұзып өтті. Адамдар қоқыс бөшкелері, орындық тақтайларын жұмсай бастады. Полицияның қалқан, таяқ және шлемдерін тартып алды.
Әлгіндегіден де көп әскер келді. Сосын адамдар екі-үштен бытырап кетті. Біз көлікке мініп, үйге қайтуға бет алдық. Адамдар жол үстімен жүгірді. Көпірді жабуға кеттік десті олар. Көп адам жиылды да, көлік қозғалыс тоқтатып тастады. Содан кейін бағанағы алаңға қайта бет алды, екі жақ тағы да қақтығысты. Екі тарапта да құрбан болғандарды көрдім. Адамдар кері шегініп, алаңға қайта оралып отырды. Сағат сайын қарасы азая түсті. Сонда да өршелене ұмтылды. Ара ұстаған адам болды. Бірінің қолында тротуар плиткасы, енді бірінде келтек... таяқ... тіпті "Молотов коктейлі" де бар...
Мұндай жағдай түнгі сағат екіге дейін созылды.
– Мемлекет басшысынан бастап барлығы арандатушылық туралы айтып жатыр. Жалпы сіздің түсінігіңізде арандатушы деген кім? Өскеменде арандатушыларды көрдіңіз бе?
– Басында мұндай адамдар жалпы массадан қатты ерекшеленді. Көпшіліктің өзі оларды тыйып тастап тұрды. Көпірді "жапқаннан" кейін жиналғандар ештеңе талап етпеді, адамдар әрі қарай жай ғана төбелесуді ғана ойлаған секілді. Бұл – жеке пікірім. Меніңше, бұл жерде жоғалтатын ештеңесі жоқ, немқұрайлы биліктің кесірінен осындай күйге түскен қарапайым адамдар тұрды. Біреуі агрессивті болса, екіншісі ондай қатты ашулы да емес еді. Негізінен, контингент түнге жақын өзгерді. Жас, адуынды қазақтар шықты. Олар келісіп, бірге әрекет етті.
Атылған оқ, ауаға тараған газ, шашылған бұтақтар... Бұл түн өте қорқынышты болды. Бірнеше сағатқа созылған кәдімгі соғыс болды.
Сол сәтте жай видеоға түсіріп тұрған "көрермендер" де болды. Оларды да қамауға алып, айыппұлға кесті.
"МЕН КЕЛІСПЕЙТІН ЖАЛҒЫЗ НӘРСЕ БАР..."
– Митингтен кейін қаланың көрінісі қандай еді? Жақыны қаза тапқан адамдарды танисыз ба?
– Әкімдік ғимараты зардап шегіп, бір көлік өртенді. Мен сол түнді ауруханада өткіздім, сондықтан құрбандар көп болғанын білемін. Наразылық кезінде баласы оқтан қайтыс болған отбасымен де тілдестім...
– Сізді полиция қашан алып кетті? Полиция өзін қалай ұстады?
– Қабылдау бөлмесінен үйге қайтып бара жатқанымда әскерилер тоқтатты. Мені таныды да, көлікті тексерді. Тікелей эфир өткізгендіктен кінәлісіз деп айтты. Боқтады, қару кезеніп дікеңдеді, жерге лақтырып жіберді. "Мені өлтірмеңіздерші" деп жалбарынып, жыладым. Шамасы, мұндай реакция күтпеген болар, босатып қоя берді.
Кейін мені 9 қаңтарда алып кетті. Жауап алу барысында боқтау, айғайлаудан артық нәрсе болған жоқ. Судьяны күтіп отырғанда олармен сөйлестім. Әрине, бір жағынан оларды түсінемін, олардың кінәсі емес еді. Эмоция болды.
Маған тағылған бапта 15 күнге қамау қарастырылған, бірақ кәмелетке толмаған балаларым бар екенін ескеріп (150 мың теңге көлемінде – авт.) айыппұл салды. Соттан кейін үйге жеткізіп тастады. Шынымды айтсам, алаңда көргенімнен кейін олардың тергеудегі айғайлағандары онша әсер етпеді. Мен келіспейтін жалғыз нәрсе ғана болды – бұл сот шешімі. Мен тікелей эфир жүргіздім, бірақ адамдарды митингке шақырмадым. Керісінше, тікелей эфирді көріп, көп адам қорқып үйінде отырды-ау деп ойлаймын.
– Республикалық басылымдарға өзіңізге адвокатпен сөйлестірмегенін айтасыз. Қазір аппеляциялық шағым беріп жатырсыз ба? Айтпақшы, смартфоныңызды қайтарды ма?
– Иә, қайта-қайта сұрасам да адвокат бермеді. Телефонымды алып қойды, оған қарсы болмадым. Жасыратын ештеңем жоқ, сондықтан созбақтамай бәрін айттым. Сот шешімімен келіспеймін және оған шағымданамын. Ал телефонды әлі қайтарған жоқ.
"ШЕНЕУНІКТІҢ ПИАРЫН ЖАСАҒАНША..."
– Сіз әрқашан қаланың мәселесін көтеріп, белсенді әрекет етіп жүретініңізді көріп, біліп отырамыз. Жақында ғана ТМК зауытынан белгісіз қызыл түтін шыққаны, қаланың қоқысқа толып бара жатқаны туралы постар жаздыңыз. Тәуелсіздік монументінің сапасына, оған жұмсалған қомақты қаражатқа да алаңдаушылық байқаттыңыз. Облыс әкімін де, қала әкімін де, депутаттарды да жиі сынайсыз. Әдетте блогерлер ақшаға мақтау пост жазады, сіз оларға ұқсамайсыз. Оның себебі неде?
– Шенеунікке "пиар" жасағанша бизнесті жарнамалаған дұрыс. Бақытымызға орай, мүмкіндік бар. Блог жүргізу – өзімнің сезімім мен ойымды жеткізу тәсілі. Белгілі бір дәрежеде жеке терапиям десем болады. Облыста көптеген заңсыз іс-әрекет болып жатыр, тамыр-таныстық пен жемқорлық өркен жайған. Мұндайда үнсіз қала алмаймын. Балаларымның, менен кейінгі жастардың алдында өзімнің жауапкершілігімді сезінемін. Біраз уақыт қаланың қоғамдық кеңесінің мүшесі де болғанмын, одан қуып шығарды. Биліктің өлшеміне салсақ, "тым радикал көзқарастағы" адаммын. Дегенмен мен әділдік пен заңдылықты ғана талап еттім. Мен сияқтылар әкімдік жаққа ызық емес. Бірақ былайғы көпшілікке қызық, тартымды болсам керек. Солардың құрметіне жұмыс істеймін.
– Өскемендегі митинг туралы сізден басқа жазғандарды байқамадық. Жалпы өңірде мәселе көтеретін адамдарды қысымға ала ма?
– Өскеменде саясатқа араласу оңай емес. Менің танымалдығымның сыры осы, саясатты қозғауымда жатыр. Өйткені басқалары үнсіз ғой. Біреу қорқады, екіншісіне қызық емес, үшіншісі тіс жармауы үшін ақша алады... Менің ойымша, интернет басқаратын әлемде билік айтарлықтай қысым көрсетуі мүмкін емес. Айтқың келгенді айта аласың. Тек ондайға көбі құлықты болмаса керек.
"КЕЙ АДАМНЫҢ ТАҢДАҒАН ТӘСІЛІН ОЙЛАСАМ ЖҮРЕГІМ АУЫРАДЫ..."
– Ел "террорлардан" тазартылды, кей аймақта коменданттық сағаттар алынып жатыр, "Жаңа Қазақстан" құратынымыз айтылды... Сіздің қазіргі көңіл күйіңіз қандай?
– Қаламның көшелерінен террорист немесе жалдамалы адамдарды көрмедім. Халықты көшеге шығуға итермелеген мәселелерді шешкеннен гөрі, "терроризм" тақырыбын қозғау шенеуніктерге ыңғайлы.
Кейбіреуді аяусыз ұстап, қатал тергеуге алып жатқан жағдайлар бар. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бейбіт тұрғындар мен күш құрылымдарының арасындағы шиеленіс қазір максималды деңгейде. Билік татуластырудың орынына елді жанжалға итермелейді. Шенеуніктердің әрекетсіздігінен зардап шеккен полицейлерге, наразылық білдірудің тәсілі ретінде бүлік істеуді таңдағандарды ойласам жүрегім ауырады.
Бізде еркін БАҚ жоққа тән, қоғамдық тыңдауларды заңды бұза отырып өткізеді, әкімдікке жақындар ғана депутат болады. Бұдан кейін бақытты болашақ туралы елестетудің өзі қиын? Бұл жаңа наразылықтардың бастауы. Маған қатысты сот пен салынған айыппұл – өткеннен сабақ алмағанын көрсетеді. Президент біздің облысқа назар аударады деп сенемін. Біз бәріміз облыс пен қала әкімдерінің қызметінен кетуін асыға күтіп отырмыз. Әлі де болса оптимистік көзқарастамын, не де болса уақыт көрсетер...
Қорқыныш... Бұл күндерде бастан өте көп қиындық өтті, бәрімізге әсер етті. Халықтың есебінен өмір сүретіндер халықтың қаны төгілгеннен кейін ғана қозғалғаны өкінішті.
– Аман болыңыз!
Сұхбаттасқан Тасқын Болатұлы
Фото: Мерей Қайнарұлының Фейсбуктегі парақшасынан