Несие карталары қарыз құрсауында

Камила Абдиева Камила Абдиева
3990

Халықтың нақты еңбекақысы мен табысының төмендеуіне қарамастан биылғы жылдың І жартыжылдығында Қазақстан банктері несие карталарының жылдық мөлшерін беріп үлгерді.

Несие карталары қарыз құрсауында

Несие карталарының нарығы екі есеге өсті. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан банктері жалпы сомасы 38 млрд теңгеге 160 мың несие картасын шығарған, былтыр толық бір  жыл ішінде 39 млрд теңгеге шығарылған еді. Бұл туралы abctv-ке сейсенбі, 1 тамызда, "Алғашқы несиелік бюро" ЖШС (АНБ) хабарлады.

"Соңғы жылдың ішінде несие карталары шығарылымының тұрақты түрде өсіп келе жатқаны байқалды. Жалпы Қазақстандағы несие карталарының қоржыны шамамен 45,2 млрд теңгені құрайды, ал қолданыстағы карталардың саны 410 мың данадан асты", – делінген АНБ есебінде.

Жаз маусымы басталысымен дәстүрлі түрде несие алу белсенділігі артады. Алайда биылғы жылы халықтың несие жүктемесінің артқанына АНБ баса назар аударды, себебі несие санының өсу жылдамдығы жеке қарыз алушылардың санынан асып түскен.

"Несие  саны мен қарыз алушылар саны арасындағы қатынас 2017 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша 1,47-ні құрады, І тоқсанда 1,45-ті құраған еді. Алайда жүктеме мөлшері бойынша айтарлықтай өсім байқалмайды: бір қарыз алушының орташа есептелген борышы бір тоқсанның ішінде 845 мың теңгеден 859 мың теңгеге өсті, ал егер жыл басынан бастап қарасақ тіпті көрсеткіштің төмендегенін байқауға болады (2016 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 868 мың теңгені құрады). Бұл биыл берілген несиелердің орташа сомасы 2016 жылдан гөрі төмен болуына байланысты", – делінген баспасөз баянында.

Бұл ретте халықтың нақты қаражат табысының төмендеп келе жатқаны үрей тудырады. Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың қаңтар-маусым айларындағы орташа айлық еңбекақы 1,9%-ға өсіп, 143,8 мың теңгені құраған.

Алайда 2016 жылдың наурыз және желтоқсан айларындағы жалақының күрт артуын есепке алмағанда, 2015 жылдың сәуірінен бері нақты еңбекақы мөлшері үшінші жыл қатарынан төмендеп келеді. Маусым айында нақты жалақы көлемі былтырғы жылдың осы айымен салыстырғанда 7,5%-ға кем. Мамыр айының қорытындысы бойынша нақты табыс 6,4%-ға төмендеген.

Халықтың дағдарысқа дейінгі өмір деңгейімен қоштасқысы келмеуі борышкерлерді жаңа несие алуға итермелейді, осылайша оларды орға жығып отыр. Маусым айында АНБ берген жеке несие есептері шамамен 34 мыңды құрады, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 85,2%-ға артық.

Жинақталған бөлшек қарыз қоржыны бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 4,81 трлн теңгеге жетті, бұл мамыр айының қорытындысынан 1,2%-ға артық болса, биылғы жылдың І тоқсанының нәтижесінен 4%-ға асып түсті. Төлеу мерзімі 90 күннен асқан қарыздар үлесі 1 шілдеде 17,3%-ды құрады, бұл биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткіштен 0,2%-ға артық.

Әйгерім Сүлейменова, Камила Абдиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу