Агенттік азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуға мүмкіндік беретін "Стоп-кредит" тетігінің қызметіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Негізінен, "Стоп-кредит" қосылған азаматқа банк немесе микроқаржы ұйымы қарыз беруден бас тартуы тиіс. Дегенімен, заңнамада бұл шектеу қолданылмайтын бірқатар жағдай қарастырылған.
Сонымен, "Стоп-кредит" банк қарыздарына қатысты мына жағдайларда қолданылмайды:
- тұтынушылық қарыздың сомасы тікелей тауарды, жұмысты немесе көрсетілетін қызметті сатушының шотына аударылса және қарыз алушы тауарды, жұмысты немесе қызметті алғанын растаса. Бұл – тауарлық кредит;
- қарыз сол банктегі басқа берешекті өтеу үшін берілсе, яғни ішкі қайта қаржыландыру кезінде;
- төлем картасы бойынша 150 АЕК-тен (648 750 теңге) аспайтын кредиттік лимит шеңберінде қарыз берілсе. Бұл лимит тауарлар мен қызметтерді төлеуге арналған жаңартылатын кредиттік лимит болуы керек;
- қарыз қаражаты тек салықтарды, айыппұлдарды немесе атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті төлеуге мақсатты түрде аударылса.
Микрокредиттер бойынша да бірқатар ерекшелік бар.
"Стоп-кредит" қосылғанына қарамастан, микроқаржы ұйымы:
- тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер үшін ақшаны тікелей сатушыға немесе өнім берушіге аударуға;
- сол микроқаржы ұйымындағы бұрынғы берешекті қайта қаржыландыруға;
- салықтарды, айыппұлдарды және атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеуге микрокредит беруге құқылы.
Сонымен қатар ломбардтар беретін микрокредиттерге "Стоп-кредит" тетігі қолданылмайды.
"Стоп-кредит" бұзылып, несие берілсе не болады?
Егер банк немесе микроқаржы ұйымы "Стоп-кредит" талабын бұзып, банктік қарыз немесе микрокредит берсе, қаржы ұйымы заңда көзделген шараларды қабылдауға міндетті.
Мысалы, несие бойынша берешек есептен шығарылуы, қарыз алушының кредиттік тарихына тиісті түзету енгізілуі және одан өндіріп алынған қаражат қайтарылуы тиіс.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Стоп-кредит" тетігі банк пен микроқаржы ұйымдары қарыз беру кезінде орындауға міндетті басқа талаптардың күшін жоймайтынын атап өтті.