Несиесін уақтылы жаба алмаған 1,4 млн адам "ақталды"

6131

2021 жылдың сәуірінен бастап бір кезде несие алып, уақтылы жаба алмаған азаматтарды ақтаудың жаңа механизмі іске қосылған. 

Несиесін уақтылы жаба алмаған 1,4 млн адам "ақталды"

Аталмыш жеңілдік бүгінге дейін миллионнан артық азаматтың пайдасына жарады, деп хабарлайды іnbusiness.kz.

"Пандемия азаматтарға қаржылық қызметтерге толыққанды қол жеткізу қажеттігі барын айқын көрсетіп берді. Бұрын азаматтардың жекелеген санаты қаржылық қызметтерге қол жеткізе алмай әуреленетін. Себебі мойнындағы қарызын толық жапса да, олардың несие тарихы нашар еді", – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова онлайн режимде өтіп жатқан VIII CFO саммитінде.

Осы санаттағы азаматтарды қолдау үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2021 жылдың сәуірінен бастап қарыз алған азаматтарды ақтаудың жаңа механизмін іске қосқан. Ол бойынша несие бюросында қарызын жапқан азаматтарға "ақталған" деген мәртебе беріледі. Бүгінгі таңда қарызын уақтылы өтей алмаған 1,4 млн адам "ақталған" мәртебесіне ие болыпты.

Мадина Әбілқасымова атап өткендей, 2017-2019 жылдары тұтынушылық несие нарықтың қарқынды өсімге ие болған сегментіне айналған. Сол себепті бұл салаға екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдар көп қызығушылық танытты. Әлбетте, бұл қызығушылық айналып келгенде халықтың жаппай несие алуына, осылайша қарызға батуына, банк секторына да қауіп төндіруге алып келері анық еді. Осыған байланысты агенттік табысы күнкөріс минимумынан төмен азаматтарға қарыз беру ісін тоқтатқан. 

"Өткен жылдың наурыз айынан басталған коронавирус пандемиясына байланысты банктердің жаңа несиелерді оңды-солды беруді едәуір тоқтатып тастады. Тұтынушылық несиенің азаюуы халықтың саудадағы таңдауына да әсер еткенін атап өту керек. Оның үстіне азаматтар қарыз алғаннан гөрі ақшаны жинаған тиімдірек екенін ұға бастады", – деп түйді Мадина Әбілқасымова.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу