Нетаньяху Трамптың Газаға қатысты жоспарын қабылдамады

99

Израиль АҚШ өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатыр. 

Нетаньяху Трамптың Газаға қатысты жоспарын қабылдамады Фото: AP Photo / Ronen Zvulun

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторына қатысты 15 тармақтан тұратын жоспарын қабылдамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Израиль әскері ХАМАС толық қарусыздандырылмайынша, Газа секторынан шығарылмайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

"Израиль 15 тармақтан тұратын бұл құжатты қабылдамайды. ХАМАС толық қарусыздандырылмайынша, Израиль қарулы күштері Газа секторынан әскерін шығармайды. Сонымен қатар Израиль әскері өз сарбаздары мен азаматтарына төнетін қауіптің алдын алуды жалғастырады", – деді Нетаньяху жексенбі күні министрлер кабинетінің отырысында.

"Бейбітшілік кеңесі" шілде айында ХАМАС пен Газадағы басқа да қарулы топтарды толық қарусыздандыру туралы келісімге қол жеткізілгенін айтқан болатын. Десек те, ХАМАС ауыр қару-жарақты тапсыру үшін Израиль барлық әскери әрекетін тоқтатып, әскерін Газа секторынан шығаруы тиіс екенін мәлімдеген. 

Өткен айда Трамп ХАМАС-тың Газа секторын қарусыздандыру жоспарын қабылдағанын мәлімдеп, мұны "ұзақ мерзімді бейбітшілікке жасалған маңызды қадам" деп атаған болатын.

Алайда Нетаньяху Израиль әскерін Газа секторынан шығару үшін алдымен ХАМАС қаруын тастауы тиіс екенін тағы да атап өтті. Ол қазіргі уақытта АҚШ өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатқанын жеткізді.

"Олардың өз ұсыныстары бар. Оның кейбіреуі бізге қолайлы, ал кейбірін қабылдай алмаймыз. Мұндай мәселелерде өз ұстанымымызды қалай қорғау керектігін білеміз", – деді Биньямин Нетаньяху.

Израиль былтыр қазан айында Газада атысты тоқтату туралы келісім жасалғаннан бері анклавқа соққы беруді жалғастырып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу