Әлемге әйгілі Netflix Головкин жайлы фильм түсіргелі жатыр

537

Дәлірек айтқанда, Netflix Канело мен Головкин жекпе-жектеріне арналған деректі фильм түсіреді.

Әлемге әйгілі Netflix Головкин жайлы фильм түсіргелі жатыр Фото: ЖИ

Жобаны 2018 жылы NBA жұлдызы Стивен Карри негізін қалаған Unanimous Media компаниясы жүзеге асырады.

Фильм Канелоның басты қарсыласы Геннадий "GGG" Головкинмен өткізген трилогия жекпе-жектеріне арналмақ. Режиссері – Хуан Камило Крус. Премьера күні әзірге белгісіз.

Альварес пен Головкин рингте жалпы 36 раунд өткізді. Алғашқы кездесу 2017 жылдың қыркүйегінде өтіп, даулы шешіммен тең аяқталды. Сол жекпе-жекте Альварес The Ring журналының орта салмақтағы чемпиондық белбеуін сақтап қалса, Головкин WBC, WBA және IBF титулдарын қорғады.

1 жылдан кейін өткен қарымта кездесуде Альварес төрешілердің басым дауысымен жеңіске жетті. Ал үшінші жекпе-жек 2022 жылдың қыркүйегінде Канелоның суперорта салмақтағы барлық чемпиондық атақтары үшін өтті. Бұл кездесу алдыңғыларға қарағанда тартыссыз өтіп, Альварестің айқын жеңісімен аяқталды.

Альварестің Netflix-пен бұрыннан байланысы бар. Өткен жылдың қыркүйегінде оның Теренс Кроуфордқа қарсы жекпе-жегі 300 миллионнан астам жазылушысы бар стриминг платформасында көрсетіліп, әлем бойынша 40 миллионнан астам көрермен жинады.

Қазір 43 жастағы Геннадий Головкин Альвареске қарсы соңғы жеңілісінен кейін рингке шыққан жоқ. Ал 2025 жылдың соңында ол World Boxing ұйымының президенті болып сайланды.

Канело қыркүйек айында рингке қайта оралады. Сауд Арабиясының Бас ойын-сауық басқармасының төрағасы әрі The Ring журналының иесі Турки Әл-Шейх Альварестің алдағы жекпе-жегі туралы пікір білдірді.

"12 қыркүйек аса маңызды жекпе-жек болады. Бұл — Canelo Promotions компаниясының алғашқы бокс кеші. Турнир “Мексика бүкіл әлемге қарсы” деп аталады. Канело командасындағы барлық боксшылар әлемнің қалған бөлігіне қарсы шығады. Ал Альварес басты жекпе-жекте әлем чемпионы атағы үшін айқасады. Бұл Сауд Арабиясы үшін үлкен тосынсый болады, инша Аллах", – деді Турки Әл-Шейх.

Альварестің қарсыласының есімі кейінірек белгілі болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу