Қазақстандық мерген Никита Чирюкин Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан нысана көздеуден әлем чемпионатында үздік ондыққа кірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Отандасымыз 25 метр қашықтықтан жылдам атылатын тапаншамен нысана көздеу сайысында өнер көрсетті.
Іріктеу кезеңінде ол 582 ұпай жинап, тоғызыншы орынға тұрақтады. Қазақстандық мергеннің нәтижесі Оңтүстік Корея өкілі Ли Гонхекпен бірдей болды. Алайда кореялық спортшы ішкі ондыққа көбірек тигізіп (25 қарсы 24), сегізінші орынмен финалға жолдама алды.
Осылайша, Никита Чирюкин ақтық сынға өте алмады. Финалға іріктеудің үздік сегіз мергені шықты.
Жарыстың финалында Германия өкілі Флориан Петер алтын медаль жеңіп алды. Франциялық Клеман Бессаге күміс, ал оның отандасы Жан Кикампуа қола жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, бұған дейін Ирина Юнусметова Қазақстан құрамасына осы әлем чемпионатындағы алғашқы медальді сыйлаған еді. Ол 50 метр қашықтықтан тапаншамен нысана көздеуде қола жүлде иеленді.