Нилуфар Раимова жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанды

1683

Уфа қаласындағы "Уфа Аренада" жасөспірімдер арасында еркін күрес, әйелдер күресі және грек-рим күресінен Әлем чемпионаты (Junior World Wrestling Championships Ufa 2021) өтуде. 16 тамыз күні басталған турнир 22 тамыз күні мәресіне жетпек.

Нилуфар Раимова жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанды

Қазақстан құрамасының өкілі күрестен Уфада өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Әйелдер арасында 57 келіге дейінгі салмақта өткен финалдық жекпе-жекте Нилуфар Раимова италиялық Аврора Руссодан басым түсті. Тартысты кездесу 8:6 есебімен қазақстандық спортшының пайдасына аяқталды. Осылайша Нилуфар жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты.

Сонымен қатар Дилназ Мулькинова (76 келіге дейін) мен Мадина Аман (59 келіге дейін) жетістікке жетті. Үшінші орын үшін күресте Аман Анна Шелді (Венгрия) мерзімінен бұрын жеңсе, Мулькинова кездесудің негізгі уақыты аяқталмай жатып қола медаль иеленді. Ол Моңғолия өкілі Одбаг Улзиибаттан басым түсті.

Ал ерлер арасында еркін күрестен қазақстандық Нұрдәулет Қуанышбай жасөспірімдер арасындағы Уфа қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша финалда қазақстандық АҚШ өкілі Киган Отоолемен кездесті. Нұрдәулеттің қарсыласы айқын басымдықпен, 11: 0 есебімен жеңіске жетіп, алтын алса, жерлесіміз Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Айта кетейік, бұған дейін Асылжан Есенгелді (57 келіге дейін) мен Бекзат Ермекбай (65 келіге дейін) қола жүлде жеңіп алған болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу