Нобель Тунбергке бұйыруы мүмкін бе?

5897

Климаттың өзгеруі мен вирус дәуірінде бұл сауалға "мүмкін" деп те жауап беруге болады. 

Нобель Тунбергке бұйыруы мүмкін бе?

Кейбір сарапшылардың болжамынша, биыл Нобельдің Бейбітшілік сыйлығы жасылдар насихатшысы Грета Тунберг пен "Жұмалар Болашақ үшін" (Fridays for Future) қозғалысына берілуі мүмкін. Өйткені осындай шешім арқылы әлем жұртына бүлінген қоршаған орта мен бейбітшілшікке, қауіпсіздікке төнген қатер арасында байланыс бар екенін жеткізуге болады.

1 млн долларлық марапаттың жаңа иегері 7 қарашада Ослода 317 үміткердің ішінен таңдалады. Бұл жүлдені үшке бөлуге болады.

17 жасар швед қызының кандидатурасын Нобельге норвегиялық үш депутат пен швециялық екі парламентарий ұсынып отыр. Егер жеңіске жетсе, Тунберг пәкістандық лауреат Малала Юсуфзайдың жасында әйгілі сыйлықты иеленген нобельдік жүлдегер атанады.

Нобельдік марапат жайындағы бірнеше кітаптың авторы, тарихшы Асли Свин "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында айтқандай, Тунберг биылғы ең мықты кандидат болып тұр. Өйткені АҚШ-тың батыс жағалауында ормандардың жаппай өртенуі мен Арктикада температураның көтерілуі адамдардың ғаламдық климаттың жылынып жатқанына күмәнін сейілтіп отыр.

"Әлемде Тунберг тәрізді ешкім жалғыз жүріп, климаттың өзгеруіне планета жұртының назарын аудара алған жоқ", – дейді норвегиялық жазушы.

Нобель комитеті бұл сыйлықты осыған дейін қоршаған ортаны қорғаушыларға екі рет берген екен. Ол 2004 жылы Африкада 30 млн ағаш отырғызу науқанын насихаттаған Вангари Маатаиға, 2007 жылы Ал Гор мен Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық органға. 

Стокгольмдегі Бейбітшілікті зерттеу халықаралық институтының директоры Дан Смиттің сөзінше, коронавирус дағдарысы дәуірінде нобельдік комитет лауреатты таңдарда пандемиядан бейбітшілік мен қауіпсіздікке төнген қатерді де ескеруі мүмкін.

"Қоршаған ортаға келген залал мен біздің пандемиямен байланысты проблемаларымыздың арасында данекер бар. Мен үшін қызық сауал – Нобельдің Бейбітшілік сыйлығын тағайындау комитеті осыған мән  бере ме екен. Егер комитет бұл трендті ерекшелегісі келсе, таңдау Грета Тунбергке түсе ме деген ой келеді", – дейді Смит.  

"Болашақ үшін жұмалар" қозғалысы 2018 жылы Тунберг климаттың жылынуымен күреске шақырып, Швециядағы мектебінде ереуіл өткізгенде басталды. Содан бері қозғалыс ғаламдық наразылыққа айналып отыр.

Былтыр букмейкерлер Гретаны Нобельдің Бейбітшілік сыйлығына фаворит деп атағанда, көптеген адам, әсіресе, оның жасына қарап, жүлдегер атанатынына күмән келтіргенді. Бірақ бұл жолы Тунбергте мүмкіндік көбіректеу деген пікір бар.  

Ирландиядағы Paddy Power букмейкерлік агенттігі үшін әйгілі сыйлықты иеленуге бірінші фаворит – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, одан кейінгі орында – Тунберг, үшінші сатыда - Жаңа Зеландия премьер-министрі Джасинда Ардерн тұр.

"Грета да Малала тәрізді екінші рет нобельдік жүлдеге ұсынылды және ол да бірінші рет үміткер болғанда, Малала сияқты тым жас еді", – дейді.

Айта кетсек, Юсуфзай Нобельді 2014 жылы жеңіп алды.

Трамп емес

Өзге кандидаттар арасында "Гонконг халқы", НАТО, Джулиан Ассанж, Челси Мэннинг, Эдвард Сноуден, сонымен қатар түрмеге қамалған саудиялық белсенді Луджайн әл-Хатлул бар.

Өзге варианттар – "Шекарасыз репортерлер", Ангела Меркель, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ж.т.б. Алайда бұл мекемелер мен тұлғалардың сыйлыққа ұсынылғаны, ұсынылмағаны әзірге белгісіз.

Биылғы Нобельге Дональд Трамп лайық па? Бұл сауалға да әзірге жауап жоқ. "Бірақ арағайындық жасап, Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерін, Бахрейнді достастырғаны үшін Ақ үй басшысы бағалы жүлдеге кандидат болуы керек", – дейді норвегиялық депутаттардың бірі. 

Свин мен Смиттің ойынша, ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық келісімдерден бас тартқаны үшін Америка президентінің Нобельдік лауреат атануы екіталай. "Сонымен қатар, оның АҚШ-та оңшылдар жасап жатқан зорлық-зомбылыққа қарсы позициясы да айқын емес", – дейді Смит.

Арыс Әділбекұлы


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу