Телекоммуникациялық құрылғылар өндірушілер – Nokia мен Ericsson Ресейден жыл соңында кетеді, яғни, бірнеше күннен кейін. Сондықтан, ұзақмерзімдік перспективада РФ аумағында мобильдік желілер оңалмастай зақымданып, миллиондаған қарапайым ресейлік үшін байланыс нашарлауы мүмкін.
Телекоммуникациялық компаниялардың бес жоғары лауазымды менеджері мен осы саланың өзге де өкілдері "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында айтқандай, енді ресейлік ұялы телефон қолданушылар смартфонға жүктеп алу мен жүктеп салудың баяулауынан, үзіліп кеткен қоңыраулардың жиілеуінен, байланыстың ұзақ уақытқа жоғалып кетуінен зардап шегейін деп отыр. Өйткені, жергілікті операторлар бағдарламалық жасақтаманы жаңарту немесе түзету мүмкіндігін жоғалтпақ. Бұған қоса, байланыс жабдықтары ескіріп, оларға қосалқы бөлшек табу қиындауы мүмкін.
Ресейдегі телекоммуникациялық жабдықтар нарығының үлкен үлесі және базалық станциялардың 50%-ға жуығы Ericsson мен Nokia компанияларының үлесінде. Бұл фирмалар телекоммуникациялық антенналардан бастап сандық сигналдарды тасымалдайтын оптикалық-талшықты жабдықтарға дейін жасайды.
Сонымен қатар екі еуропалық кәсіпорын желінің түрлі бөліктерінің бірлесіп жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін маңызды бағдарламаларды шығарып келеді.
"Ресейде осы жыдың соңына дейін жұмыс істейміз. Өйткені, бізге Швеция үкіметі берген санкциялық жеңілдіктер желтоқсанның 31-не дейін ғана берілді", – дейді "Эриксонның" қаржы директоры Карл Мелландер Reuters агенттігі тілшісімен болған әңгімеде.
Nokia компаниясының бас директоры Пекка Лундмарк та өз сұхбатында бұл пікірді қайталап, "Біз жұмысымызды аяқтап жатырмыз. Енді Ресейге ештеңе жеткізбейміз" деді.
Осы күнге дейін Ресей экономикасы Мәскеу Украинаға әскер кіргізгеннен кейін Батыс енгізген санкциялар мен экспорттық бақылауларға төтеп беріп келді. Бірақ Nokia мен Ericsson-ның таяуда кетуі Ресейдің күнделікті өміріне тереңірек әсер етіп, телефон қоңырауы сияқты қарапайым мәселені де проблемаға айналдыруы ғажап емес.
Дегенмен РФ цифрлық даму министрлігі мәлімдегендей, Ресейде телекоммуникациялық құрал-жабдықтар тапшы емес, ал Nokia мен Ericsson компанияларының елден кетуі байланыс сапасына әсер етпейді.
Ресейдің Байланыс және бұқаралық коммуниакация министрі Мақсұт Шадаев болса, осы аптаның басында мәлімдеме жасап, төрт байланыс операторының Ресейде жасалған жабдықтарды 100 миллиард рубльге (1,45 миллиард долларға) сатып алу туралы келісім-шартқа отырғанын мәлімдеді.
"Бұл Ресейде телекоммуникациялық жабдықтардың заманауи өндірісін ұйымдастыруға мүмкіндік береді", – деді ол сол операторлар мен өндірушілердің атын атамастан.
Ресейдің жетекші байланыс операторы MTS бұл оқиғаға түсініктеме беруден бас тартты.
Сонымен қатар осы жағдайға қатысты Ресей телекоммуникация фирмаларының "Үлкен төрттігі" - Megafon, Veon, Beeline және Tele 2 әзірге пікір білдірмей отыр.
Ресейлік жабдықтарды ілгерілетуге арналған мемлекеттік бағдарламалар байланыс операторларына соңғы бірнеше жылда Nokia және Ericsson компанияларына тәуелділікті азайтуға көмектесіп, ресейлік өндірушілердің нарықтағы үлесін биыл 2021 жылғы 11,6%-дан 25,2%-ға дейін ұлғайтқан.
Бірақ осы өнеркәсіп мамандарының пікірінше, бүкіл әлем 5G технологияларын енгізіп, алға ұмтылып жатқан заманда, шетелдік фирмалармен байланыстардың үзілуі ресейлік коммуникацияларды бір ұрпаққа кері қайтаруы мүмкін.
"Егер бұл жағдай бірнеше жылға созылатын болса, ресейлік ұялы байланыс желілері қамту зонасы жағынан 1990-шы жылдардың аяғындағы жағдайға оралуы мүмкін. Ол кезде мобильдік телефон үлкен қалалар мен ең бай қалалардың шетіндегі аудандарда ғана жұмыс істеді", – дейді Мәскеудегі ComNews басылымы IT бөлімінің жетекшісі Леонид Коник.
Өзге бір телекоммуникация сарапшыларының айтуынша, операторлар қалалық желілерді нығайту үшін жабдықтарды әкететін болса, ең алдымен ауылдық жерлерде байланыс бұзылады, ал бағдарламалық жасақтама жаңартылмаса, желілердің қызметі қайта-қайта тоқтап, тіпті кибершабуылдарға ұшырауына мүмкін.
Қытайлық телекоммуникациялық жабдық өндіруші, әрі өткен жылы Ресейге өз өнімін ең көп сатып, жергілікті нарықтың үштен бірінен астамын үлесіне алған Huawei бағдарламалық жасақтаманы жаңарту мен жөндеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырады деген болжам бар. Алайда бұл фирма да Ресейге жаңа жабдық сатуды тоқтатқан.
БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ЖАСАҚТАМАНЫ ЖАҢАРТУ АЯҚТАДЫ
Ұялы байланыс операторлары үшін өз желілерінің жұмысын жалғастыру жолындағы ең үлкен кедергі – бағдарламалық жасақтаманың жаңартылмауы мен түзетудің тоқтатылуы. Nokia мен Ericsson Ресейде бұл істерді келесі жылға дейін доғаратынын хабарлап отыр.
Бағдарламалық жасақтамалар телекоммуникациялық желіні құрайтын бірнеше жабдықты біріктіріп, аналогтық, цифрлық сигналдарды қамтамасыз етеді; желілік трафикті бақылайды және оңтайландырады; инфрақұрылымды кибершабуылдардан қорғайды.
Ұялы байланыс операторлары болашақта пайдалану үшін аппараттық бөлшектерді артығымен жинай қоюы мүмкін. Бірақ желінің тұтастығын сақтау үшін сол лицензияланған бөлшектерді кестеге сай жаңартып, түзетіп отыру керек.
"Сөз жоқ, желілер жұмысының тұрақтылығын, қауіпсіздігін, сенімділігін қамтамасыз ету үшін бағдарламалық жасақтама басты маңызға ие", – дейді PP Foresight талдаушысы Паоло Пескаторе.
Ресейлік байланыс операторлары санкциялар қарсаңында, яғни, ақпан, наурыз айларында, шетелде өндірілген бөлшектерді жинап алды деген болжам бар. Бірақ Nokia мен Ericsson желтоқсанның 31-де бұл мемлекетте жұмысын тоқтатқанда, сол қор бәрібір азая бастайды.
Үкіметтің тапсырмасы бойынша ресейлік операторлар бірігуі керек. Бұл консолидация оларға желілердің қызмет мерзімін ұзарту үшін жабдықтар мен ресурстарды бөлісуге мүмкіндік беруі ықтимал.
Тағы бір айта кететін жайт, Америка Құрама Штаттары Ресейге санкция сала бастағанда, Huawei бұл мемлекетке жаңа жабдықпен бірген смартфон сатуды да доғарды. Дегенмен Huawei Ресейдегі қазіргі мәртебесін жария етпей, ол турасында түсініктеме беруден бас тартып келеді.
Арыс Әділбекұлы