"Номад" "Ертістен" айласын асырды, "Торпедо" тағы да жеңілді

1826

Елордалық "Номад" өз алаңында Қазақстан кубогінің топтық кезеңінде павлодарлық "Ертісті" 4:1 есебімен жеңді. Ал "Торпедо" "Алматыға" ірі есеппен жеңілді.

"Номад" "Ертістен" айласын асырды, "Торпедо" тағы да жеңілді

"Номад" пен "Ертіс" арасындағы кездесу матчтың 54-секундында Всеволод Логвиннің соққан голымен басталды. Ол павлодарлық команданың қақпасына қарай бет алып, үш қорғаушыны алдап өтті. Содан кейін шайбаны қақпаға дәл бағыттады. Ал матчтың 2 минутынан асқанда "Номад" 2:0 есебімен алға шығып үлгерді. Бұл жолы  қорғаушы Эмиль Нұрғалиев айдынның ортасындағы көк сызықтан шайбаны дәл лақтырды. Ал үшінші минутта таблодағы есеп 3:0 болды. Гол авторы Дмитрий Макеев.

Павлодарлық команда ұзақ уақыт бойы нәтижелі шабуыл ұйымдастыра алмай, әлек болды. Тек екінші кезеңде ғана "Ертістің" қорғаушысы Юсуп Аханов айдын қожайындарының қателігін пайдаланып, гол соғып кетті. Дегенмен "Номад" қарап қалмады. Елордалықтар сапынан 58-минутта Андрей Рунов есепті 4:1-ге жеткізді.

Қазақстан кубогі аясында бүгін "Номад" "Бейбарыспен" кездеседі. Матч "Барыс Аренада" елорда уақытымен 19:00-де басталады.

Алматыда өткен Қазақстан кубогінің екінші кездесуінде "Торпедо" "Алматы" командасынан жеңілді. Матч алматылықтар үшін қауіпті сәттерге толы болды. Бірақ "Торпедо" мүмкіндігін толық пайдалана алмады. Шабуылдарды сәтті аяқтауға дәлдік жетіспеді. Өскемендіктер сапынан тек Эрик Алдабергенов көзге түсті. Ал айдын қожайындары бес бірдей гол соқты. Гол авторлары Штефан (09:45), Гриценко (12:19), Ваулин (44:11), Штефан (55:44), Ищенко (59:02). Бүгін 14:00-де "Торпедо" Қазақстан кубогінің топтық кезеңінің финалдық ойынын Көкшетаулық "Арланға" қарсы өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу