Норвегиялық шахматшы 9 дүркін әлем чемпионы атанды

244

Ол өз шеберлігін кезекті мәрте дәлелдеді. 

Норвегиялық шахматшы 9 дүркін әлем чемпионы атанды Фото: worldrapidandblitz2025.fide.com

Дохада өткен блиц шахматтан әлем біріншілігінде норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен тоғызыншы рет әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шешуші матчта Магнус Карлсен өзбекстандық Нодирбек Абдусатторовпен кездесіп, 2,5:1,5 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, норвегиялық шахматшы блиц бойынша әлем чемпионатын қатарынан 4-ші рет ұтып отыр. Бұған дейін ол рапид шахматынан да әлем чемпионы атанған.

Турнирдің іріктеу кезеңінде барлығы 19 тур ойналып, үздік нәтиже көрсеткен 4 шахматшы плей-оффқа жолдама алды. Бұл кезеңде үндістандық Арджун Эригайси 15 ұпай жинап, көш бастады. Одан кейін америкалық Фабиано Каруана 14 ұпаймен, Магнус Карлсен 13,5 ұпаймен, ал Нодирбек Абдусатторов 13 ұпаймен алғашқы төрттікке енді.

Жартылай финалда Магнус Карлсен Фабиано Каруананы жеңсе, Нодирбек Абдусатторов Арджун Эригайсиді жарыс жолынан шығарып, финалға жолдама алды.

Айта кетейік, Магнус Карлсен бұған дейін блиц шахматтан әлем чемпионы атағын 2009, 2014, 2017, 2018, 2019, 2022, 2023 және 2024 жылдары жеңіп алған. Ал 2024 жылғы әлем чемпионатында ол ресейлік Ян Непомнящиймен бірге жеңіс тұғырын бөліскен еді.

Сонымен қатар, әйелдер арасындағы жарыста қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева тағы бір мәрте жоғары нәтиже тіркеді. Ол финалда украиналық Анна Музычукты 2,5:1,5 есебімен жеңіп, блиц шахматынан үшінші рет әлем чемпионы атанды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу