Норвегия билігі 2029 жылдан бастап мемлекеттік зейнетақы алу жасын кезең-кезеңімен көтеруді ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұсыныста қазіргі 67 жастағы стандартты зейнетке шығу жасының орнына өмір сүру ұзақтығына қарай ұлғайып отыратыны айтылған. Сондай-ақ, зейнетақы алуға болатын ең төменгі жас та ұлғаяды. Қазір бұл көрсеткіш – 62 жас.
Жаңа өзгерістер бірінші кезекте 1967 жылы туған азаматтарға қатысты. Олар үшін зейнетке шығу жасына қатысты шектер шамамен үш айға ұлғаяды. Ал өмір сүру ұзақтығына қатысты қазіргі болжамдар сақталса, 1990 жылдардың соңында туған адамдар стандартты зейнетақыны шамамен 70 жастан бастап алады. Зейнетақыны мерзімінен бұрын алу жасы шамамен 65 жасқа дейін көтерілуі мүмкін.
Үкімет ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке ерте шығуға мәжбүр болған азаматтарға өмір бойы төленетін қосымша үстемақы енгізуді де ұсынған. Мұнан бөлек, мүгедектігі бойынша жәрдемақы алатын және ең төменгі зейнетақыға күн көретін адамдардың төлемдерін жақсарту шаралары қарастырылған.
Ұсыныс бойынша қоғамдық талқылау 2027 жылғы 17 ақпанға дейін жалғаспақ. Үкімет заң жобасын 2027 жылдың көктемінде Парламентке енгізгелі отыр.