Нотр-Дамға құйылған күмәнді миллиард

5679

Париждің отқа оранған шіркеуін қалпына келтіруге тез арада миллиард доллардай қаржы аударылуы қайырымдылық қорларын, саясаткерлерді, комментаторларды күдіктендіріп, әлеуметтік желіні қынжылтты.

Нотр-Дамға құйылған күмәнді миллиард

Париждің өртенген Нотр-Дам кафедральдық соборын қалпына келтіруге бір жарым күннің ішінде 1 миллиард доллардай қаражат жиналды. Мұны сәрсенбі күні Франция президентінің мәдени мұралар елшісі  Стефан Берн "Франс-инфо" телекомпаниясына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның сөзінше, католиктік шіркеуді реставрациялауға 995 миллион долларды "Эппл", "Лореаль", "Шанель", "Диор" тәрізді компаниялар мен Франция мен әлемнің көптеген қалалары және католиктер қауымы, байлар мен кедейлер аударған.

Бүгінде қайырымдылық қорлары, саясаткерлер, комментаторлар "неліктен кейбір бизнес-донорлар көзді ашып-жұмғанша осынша қаржыны ұсына салды, әлде оларға салықтық жеңілдіктер жасалды ма" деген сауалға жауап іздеп жатыр.

Бұл мәселе Францияның өзінде ғана емес, әлемде де әлеуметтік желіні  шулатты. Интернеттегі қауымды Ирак пен Сириядан қашқан миллиондаған босқынға, Лондонда ондаған адамның өмірін жалмаған Гренфелл-тауэрдегі өрт құрбандарының туған-туыстарына мұндай жедел қолдаудың көрсетілмеуі қатты қынжылтып отыр.

Арно мен Пино
Нотр-Дамға бірінші болып көмек қолын созған – "Гучи", "Ив Сен Лорен" тәрізді сән брендтерінің қожайыны, "Кэринг" люкстік тауарлар компаниясының басшысы, миллиардер Франсуа-Генри Пино еді. 56 жастағы магнат "Құдай ана" кафедральдық соборын реставрациялауға 100 миллион еуро ($113 млн ) бөлетінін жариялады.

Арада бірнеше сағат өткенде, Пионың басты бәсекелесі – Францияның ең бай адамы, LVMH компаниясының жетекшісі Бернард Арно теледидардан көрген бейнекадрлардан алаңдап қалғанын айтып, тарихи шіркеулі жөндеуге 200 миллион еуро аударатынын мәлімдеді.

Бренд пен репутация сарапшыларының ойынша, Франциядағы кейбір танымал корпоративтік алыптардың мұнша тез жауап беруіне Нотр-Дамдағы өрттің  ұлтты қайғыртуы себепші.

"Бұл брендтер Францияда ғана емес, әлем бойынша сатылады. Олар француздардың санасына сіңген. Міне, оларға тағы да назар аударатын мүмкіндік туып отыр. Магнаттар шіркеуге көмектесе отырып, өздерін халыққа жомарт, қамқоршыл, мәрт адам ретінде көрсетіп қалып жатыр", – дейді Генли бизнес мектебінің Маркетинг және репутация факультетінің деканы Адриан Пальмер "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

LVMH компаниясы да Нотр-Дамға жәрдемі үшін үлкен сынға ұшырады. Франциядағы және шетелдегі Twitter қолданушыларының ойынша, Арно жүздеген миллион еуроны кафедральдық шіркеуді реконструкциялауға бөлгенше, Африкаға көмекке, климаттың жылынуымен күреске жұмсағаны жөн болар еді. Өзге пікірлерге жүгінсек, миллиардерлердің жомарттығы ақылмен ойластырылған маркетингке, саяси ұпай жинауға көбірек ұқсайды.

"Маркетингті былай қойғанда, жедел көмек компанияларға саяси тұрғыдан пайдалы болуы мүмкін. Миллиардерлер президент Эммануэль Макронға үлкен қолдау білдіріп, оның шіркеуді қалпына келтіру үндеуіне дереу құлақ асты. Макрон бірнеше айдан бері "сары кеудешелердің" қымбатшылыққа қарсы  наразылығын тоқтата алмай отыр. Ал, Нотр-Дам оқиғасы байларға президентпен одақтас болуға мүмкіндік береді ", – дейді Адриан Пальмер.

Салықтық жеңілдік
Францияда қайырымдылық жасаған компания 60 пайыздық салықтан құтылады. Сондықтан, кейбір сыншылар Пино мен Арноның мәрттігіне күмән келтіріп отыр. Ал, парламенттегі оңшыл-центристік партияның мүшесі Жиль Каррестің ойынша, шіркеуді қайта жөндеу шығыны ақыр соңында қоғамның мойнына жүктелуі мүмкін.

Дегенмен, былтыр салық мәселесі мен президенттің кедейлерге қатысты саясаты үшін Макронмен жанжалдасқан Пиноның отбасы қайырымдылық үшін жасалатын салықтық жеңілдіктен бас тартатынын мәлімдеп отыр.

Париждің батысында Louis Vuitton қорын құрғаны үшін үлкен салықтық жеңілдіктерге ие болған LVMH болса, "имиджін көтеру үшін соборға миллиондаған еуро бөлді" деген болжамды үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Бұл компаниялар мен олардың ар жағында тұрған бай әулеттер – Францияда өнер мен мәдениетті қолдауымен бұрыннан танымал. Сондықтан, олардың 12-ші  ғасырда салынған готикалық үлгідегі шіркеуге дереу жарты миллиардай еуро жинауына кейбіреулер таңқалған жоқ.  

"Күмәнім жоқ, ірі брендтер жай ғана ғимарат емес, мәдениеттің символына айналған ортағасырлық жәдігерді қалпына келтіруге шын ниетімен көмектескісі келеді. Бірақ, бұны тауарды көбірек сатуға әрекет деп қабылдап жатқандар бар", – дейді Эштон Бизнес мектебінің профессоры Кит Глэнфилд.

Егер Кельн шіркеуі жанып жатса...
Twitter мен Facebook-те және Еуропа парламентінде үлкен дау қайырымдылық төңірегінде емес, осынша жомарттық неліктен бірде-бір адам шығыны болмаған шіркеуге жасалғанына байланысты өрбіді. Кейбір әлеуметтік желі қолданушыларының ойынша, бұл қаражат үйсіздерді қолдауға жұмсалса дұрыс болар еді. Ал, Еуропарламент депутаттарының алдында сөз сөйлеген жасөспірім белсенді Грета Тюньберг Нотр-Дам трагедиясын кішірейтуден аулақ екенін ескерте келе, климаттың жылынуымен күреске де мол қаражат аударылса деген тілек білдірді.

Швейцариялық профессор Маркус Реннер де "Рейтерге" берген сұқбатында Арно, Пино, Бетанкурлардың бекзаттығына таңқалғанын мәлімдеді.

"Олар неге мән-жайды анықтап барып, қадам жасамады. Қайырымдылықты үндемей жасауға болар еді. Бұл жерде ішкі әдептілік жетпеген тәрізді. Егер Кельн соборы жанып жатса, неміс компанияларының дәл осылай тез арада белсенділік танытатынына күмәнім бар", – дейді ол.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу