Новак Джокович Астанаға келді

1657

Атақты теннисші, "Үлкен дулыға" турнирінің 21 дүркін чемпионы Новак Джокович Астанаға ұшып келді.

Новак Джокович Астанаға келді

Сербиялық теннисші бүгін басталған Astana Open ATP 500 жарысына қатысады. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Джокович елордаға жақсы көңіл-күймен жетті.

Айта кетсек, ол жексенбі күні мәреге жеткен Тель-Авив ATP 250 додасының финалында хорватиялық Марин Чиличті 6:3, 6:4 есебімен ұтып, жеңімпаз атанған еді.

Қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингіде жетінші орында тұрған Н.Джокович Астана жарысының төртінші ракеткасы болып тіркелген. Новак ертең бастапқы кездесуін рейтингіде 81-сатыдағы чилилік Кристиан Гаринмен өткізеді.

Бүгін Астана додасына арнайы шақырту алған, рейтингіде 327-орындағы қазақстандық Бейбіт Жукаев алғашқы айналымда әлемнің 34-ракеткасы, Нидерланды өкілі Ботик Ван де Зандшульпқа есе жіберді – 1:6, 1:6.

Сондай-ақ ATP 500 Astana Open сериясы турнирі аясында Қазақстан Теннис федерациясы Қазақстанның барлық облыстарынан келген республикалық теннис орталықтары тәрбиеленушілері мен турнирдің ТОП ойыншыларымен кездесу өткізді. Шеберлік сыныбына қазақстандық теннисшілер Андрей Голубев пен Александр Недовесов, әлемнің 18-ракеткасы Карен Хачанов, жұптық сайыстар бойынша мықты теннисшілер Кевин Кравиц, Андреас Миес, Тим Пуец, Майкл Венус және Лукас Кубот қатысты.

Шеберлік сыныбы екі кезеңде өтті: елордада жыл сайын өтетін 10 жасқа дейінгі қатысушылар кортқа бірінші болып шықты, екінші бөлімге 10 және одан жоғары жастағы спортшылар қатысты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу