Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бас шаһарда коронавирустың таралуына қарсы қандай шаралар қабылданғанын мәлімдеді.
"Өкінішке қарай, Нұр-Сұлтан қаласында короновирус инфекциясын жұқтырған науқастардың саны 17 адамға жетті. Аурудың таралуына тосқауыл қою үшін қала бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Науқастармен қарым-қатынаста болған тұлғалардың барлығы табылды. Олар арнайы орындарға жатқызылды. Қазір лабараториялық зерттеу жүргізіліп жатыр. 28 қаңтар мен 16 наурыз аралығында стационара 752 адам жатты. Қазір ол жерде 318 адам карантинде. Диагностика жасап, емдеу үшін 1051 медициналық орын белгіленді.Қажет болған жағдайда қосымша дәл осындай орын дайындалады", – деді Алтай Көлгінов.
Естеріңізге салайық, бүгін елорда да, короновирус инфекциясын жұқтырған тағы 14 науқас тіркелді. Олар стационарлық карантинге жатқызылды.
Сондай-ақ бүгін сағат 15:00-ден бастап "Хан Шатыр" сауда ойын-сауық орталығының қызметі уақытша тоқтатылды. Ал Astana Group президенті Нұрлан Смағұлов MEGA сауда ойын-сауық орталықтары желісінің жабылатынын жариялады.
Айта кетейік, соңғы ресми дерек бойынша, ел аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың саны 32-ге жетті. Нұр-Сұлтанда - 17, Алматыда - 15 науқас анықталды.
Елімізде 16 наурыз таңғы сағат 08.00-ден бастап 30 күндік төтенше жағдай жарияланды.
19 наурыз сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуына жол бермеу үшін осындай шешім қабылдады.
Екі мегаполисте де адамдардың қозғалысымен қалаға автокөліктердің кіріп-шығуы шектеледі. Қоғамдық көліктердің қозғалысы күндізгі уақытта тоқтайды немесе шектелуі мүмкін, ал түнде мүлде жүрмеуі мүмкін.
Азық-түлікке жатпайтын тауар базарларын, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы уақытша тоқтатылады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс режимі қайта ұйымдастырылады.
Арнайы емдеу мекемелері үш санат – вирус жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер мен карантинге алынғандар бойынша үздіксіз жұмыс істейді.
Қоғамдық тамақтану орындары "клиентке дейін жеткізу" қағидатына көшеді.
Қанат Махамбет