Нұр-Сұлтан мен Алматы "құмырсқаның илеуіне" айналды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
18547

"Номад", "Сармат"  тұрғын үй кешендерінің айналасына 24 қабатты 18 ғимарат салынады.

Нұр-Сұлтан мен Алматы "құмырсқаның илеуіне" айналды Фото: sputniknews.kz

Қос қаланың әкімдіктері мен құрылыс компаниялары еліміздің 2 мегаполисіне ретсіз құрылыс жүргізіп жатыр. Тұрғындардың жайлы өмір сүру құқығы бұзылып, жасыл желек топыраққа айналуда. Осылай деп дабыл қаққан мәжіліс депутаты Ирина Смирнова: "Инфрақұрылым тұрғын үй құрылысынан кейін қолға алынады. Әкімдіктер мен құрылыс компаниялары бас жоспарға бас ауыртпайды. Қай жерде бос орын болса, сол жерге тұрғын үй немесе бизнес орталық салады. Салдарынан Нұр-Сұлтан мен Алматы "құмырсқаның илеуіне" айналды", – деді.

Оның сөзінше, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары қала әкімі №59 мектептің жүктемесі 4 есе артатынын біле тұрып, оның дәл қасынан биіктігі 24 қабатты құрайтын 18 ғимарат салуға келісім бергеніне наразылық білдіріп, шағым хат жолдаған.

"Құрылыс нысандарына, оның орналасатын жеріне қатысты жобалар сараптамасыз, аяқ астынан, асығыс бекітіледі. Қала құрылысы кеңесінің шешімінен азаматтар бейхабар болады. Негізі заң және "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидасы бойынша қабылданған шешім әкімдіктің ресми ресурсында жариялануы керек, – деді депутат.

Халық қалаулысының айтуынша, елордадағы "Номад", "Сармат" тұрғын үй кешендерінің тұрғындары үйлердің айналасындағы бос жерлерді құрылыс алаңына айналдырмауды талап етіп отыр. Себебі тұрғын үйлер онсыз да тығыз орналасқан.

"Тұрғындардың мәлімдеуінше, аудандағы әлеуметтік нысандар халықтың сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Жалғыз мектеп 3 ауысыммен жұмыс істейді. Әкімдік тұрғындардың оқушылар сарайын немесе саябақ салу туралы өтінішін орындаудан бас тартып, бұл жерге көпқабатты 18 ғимарат салу туралы шешім шығарған. Халықтың ойынша, бұл елорданың бас жоспарына қайшы әрекет", – деді депутат. Әкімдік бұл пікірмен келіспейді. Мұндағылардың мәлімдеуінше, құрылыс нысандарына жұмыс тобы оң баға берген, бас жоспар назардан тыс қалмаған.

Алматыда жағдай бұдан сорақы. Мұнда жасыл желек жапырылып, табиғатқа зиян келтірілуде.

"Соңғы уақытта тек тау бөктерінде ғана емес, қала ішінде де топырақ қабаты бұзылып, бақтардың құты қашты. Бұл экологиялық апатқа ғана емес, көшкін мен селдің пайда болуына, қала тұрғындарының өміріне қауіп төндіретін төтенше жағдайға да алып келеді, – деді Ирина Смирнова

Мәжілісменнің пікірінше, Нұр-Сұлтан мен Алматыда мұндай заң бұзушылық жаппай және жүйелі сипатқа ие.

"Үкімет Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында сәулет және экологиялық заңнаманың сақталуына жұртшылықты тарта отырып, тексеру жүргізуге тиіс. Сонымен қатар әкімдіктерді заң талабы бойынша құрылыс нысандарына қатысты құжаттарды сайттарына жариялап отыруға міндеттеуі керек", – деді Ирина Смирнова.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу