Бұл туралы Ұлттық Банк пен Қазақстан қор биржасының бірлескен мәлімдемесінде жазылған, деп хабарлады inbusiness.kz.
Ұлттық Банк "Қазақстан қор биржасы" бірлесе отырып теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда-саттық ережелерін өзгерту туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, 28 ақпанда сауда Франкфурт аукционы форматында Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-де ашылады немесе биржалық сауда уақытша тоқтауы мүмкін.
"Бұл шаралар уақытша сипатқа ие, белгісіздіктің жоғары дәрежесін және сыртқы геосаяси факторлар тарапынан валюта нарығына және ел ішіндегі қаржылық тұрақтылыққа көрсетілетін қысымды барынша азайту қажеттілігін көрсетеді. Сонымен қоса, сыртқы қаржы нарықтарындағы қазіргі сәттегі аса айқындалмаған жағдайлардың өзгеруіне қарай Ұлттық Банк "Қазақстан қор биржасы" АҚ-мен бірлесіп 28 ақпанда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-ге дейін биржалық валюталық сауда-саттықты толық тоқтата тұру туралы мәселені қарауы мүмкін", – деп жазылған мәлімдемеде.
Теңге-АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда-саттықтың бұдан былайғы режимі туралы ақпарат ресми байланыс жасау арналары арқылы уақытылы жеткізілетін болады.
Мәскеу биржасы да сауда-саттық уақытын сағат 15:00-ге ауыстырды. Бұған дейін тек рубль бойынша валюталық операциялар жүргізілмейді. Қор нарығындағы сауда-саттық валюта нарығынан кейін ашылады.
Осы орайда қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв ақшасын ауыстыруды ойлап отырған қазақстандықтарға бірнеше кеңес берді. Сарапшы осы уақытқа дейін жарияланған барлық бағамдарды "алыпсатарлық" деп атады.
"Теңге бағамы тек биржадағы сауда арқылы анықталады. Сағат 15:00-де қор биржасы Франкфурт аукцион әдісімен ашылады – бұл валюта бағамына алыпсатарлықтың ықпалын айтарлықтай төмендететін арнайы сауда әдісі. Біз қазір "алыпсатарлық" бағаммен валюта сатып алуды ұсынбаймыз. Егер сіз шынымен доллар алғыңыз келсе, сізге биржа ашылғанша және нарықтық бағам белгіленгенше күтуге кеңес береміз", – деп жазды ол Телеграм желісіндегі авторлық арнасында.
Еске сала кетсек, 25 ақпан сағат 11:00-де Қазақстан қор биржасында доллардың орташа сараланған бағамы 472,24 теңгеге тұрақтаген еді. Осылайша, 24 ақпан сағат 11:00-дегі мәліметтермен салыстырғанда ұлттық валюта 19,75 теңгеге әлсіреді.
Ал Kurs.kz мәліметтеріне сүйенсек, 26 ақпан Нұр-Сұлтандағы ақша айырбастау пунктері долларды орта есеппен 462-467 бағамы бойынша сатты. Алматыда долларды сату 464 теңге, сатып алу 467 теңгеге тұрақтады.
Алайда 27 ақпаннан бастап қос шаһардың ақша айырбастау пунктері АҚШ валютасын сатып алып, оны сатуды тоқтатты.
Бұған Ресей қор биржаларында рубль бағамының жиі құбылуы ықпал етті. Бұл ретте Қазақстандық банктер долларды 478-490 теңге аралығында сатты. Әзірге барлық валюталық операциялар тоқтатылды.
Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп, құбылмалылық күшейген жағдайда валюталық интервенцияларға дайын екенін мәлімдеген еді.
Құралай Құдайберген