Нұр-Сұлтанда 89 мектеп карантинге жабылды

1904

Жыл басынан бері елордада қанша адам коронавируспен ауырды, қанша медицина қызметкеріне вакцина салынды, мектеп қандай жағдайда карантинге жабылады, оқушылар қалай білім алып жатыр? 

Нұр-Сұлтанда 89 мектеп карантинге жабылды Фото: inbusiness.kz

Бұл сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мен білім беру басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сархат Бейсенованың баяндауынша, жыл басынан бері бас шаһардың 7 603 тұрғыны коронавируспен ауырды. Ал соңғы тәулікте Covid-19 инфекциясының 112 жағдайы тіркелді. 

"Қаңтарда - 3 763, ақпанда - 2 811, наурызда - 1 029 адам ауырды. ПТР тесттің теріс нәтижесімен 96 адам Covid-19 дертіне шалдықты. Мұндай жағдай қаңтарда  - 55, ақпанда - 28, наурызда - 13 рет тіркелді", – деді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.  

Оның сөзінше, адамдар аурудың алдын алу шарасын сақтамайды. Салдарынан өздері науқасқа айналады. 

"Қазіргі уақытта қалада 912 жұқтыру ошағы бар. Онда науқаспен байланыста болған 2 500 адам бақылануда", – деді Сархат Бейсенова. 

Маманның мәлімдеуінше, Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясының бар-жоғын анықтайтын 24 зертхана қызмет көрсетеді. 

"Зертханалар орта есеппен алғанда тәулігіне 3,5- 6 мың сынаманы зерттейді", – деді ол.

Сөз арасында Сархат Бейсенова 1 ақпаннан бастап медицина қызметкерлеріне және 1 наурыздан басқа басқа контингенттегі азаматтарға вакцинация жүргізіліп жатқанын еске салды.

"Бүгінге дейін бірінші компоненттен - 5 256, екінші компоненттен - 1901 медицина қызметкері егілді", – деді дәрігер. 

Бұдан кейін Сархат Бейсенова қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы 
22 мектеп карантинде екенін айтты. 

"Оқу жылының басынан бері оқушылар арасында барлығы 1 234 Covid-19 инфекциясы тіркелді. Оның ішінде 295-і немесе 23,9%-ы офлайн оқу режиміндегілер арасында, 939 жағдай немесе 76% қашықтан оқитын оқушылар арасында анықталды. Оқу жылының басынан бастап елорда бойынша барлығы 89 мектеп карантинге жабылды. Бүгінгі таңда 22 мектеп  карантинде", – деді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері. 

Өз кезегінде Римма Иманғазинова мектеп қандай жағдайда карантинге жабылатынын түсіндірді. 

"Коронавируспен сырқаттану көрсеткішінің 1-2 жағдайы анықталғанда 
сынып жабылады. Үш және одан да көп жағдай тіркелсе – мектепте карантин жарияланады", – деді Нұр-Сұлтан қаласы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова.

Оның айтуынша, мектеп оқушылары білімнің 70%-ын – дәстүрлі түрде, 30% - ын қашықтан алады. 

"Оқу жылының ең ұзақ тоқсаны – ІІІ тоқсан да аяқталуға жақын. Қазір ІІІ тоқсанның ерекшелігіне тоқталып өтейік. Өздеріңізге белгілі, 1 наурыздан бастап 1-5 сыныптардың, сондай-ақ халықаралық мектептердің 1-7 сыныптарының білім алушылары үшін аралас форматта оқыту ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта 1-5 сынып оқушыларының 85 575-і, яғни 88% офлайн режимде оқып жүр. Ал бітіруші 9, 11, 12 сыныптар оқуды аралас форматта жалғастырады. Пәндердің 70% - дәстүрлі, 30% - қашықтан оқытылады", – деді Римма Иманғазинова. 

Басқармасы басшысының орынбасары түсіндіргендей, барлық санитарлық талап қатаң сақталады. 

"1,5 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып 25 баладан, ал халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушылары үшін сыныпта 15 баладан асырмай отырғызылады. Сабақтың икемді кестесін, ауысымдардың көбеюін, сабақ арасындағы үзілістерді мектептердің қамқоршылық кеңесімен келісіп жасалды. Созылмалы арулары бар, сондай-ақ науқаспен байланыста болған 
3 660 оқушы ата-анасының өтініші бойынша онлайн білім алуда. 6, 7, 8, 10 сынып оқушылары қашықтан оқуды жалғастырып жатыр. Барлық мектептердің  кіреберісіне дезинфекциялық туннельдер орнатылды. Дезинфекциялық құралдар сатып алынды, белгіленген уақыт сайын квартц жүргізіледі", – деді Римма Иманғазинова.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу