Нұр-Сұлтанда "Astana Open" турнирі өтеді

1125

Қазақстан Теннис Федерациясы Нұр-Сұлтан қаласында жүлде қоры 275,000 АҚШ долларын құрайтын ATP 250 "Astana Open", кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының әлемдегі ең беделді турнирлерінің бірін өткізу құқығына ие болды, - деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Нұр-Сұлтанда "Astana Open" турнирі өтеді

Турнир 2020 жылдың 25 қазаны мен 1 қараша аралығында өтеді және әлемдік рейтинг бойынша ең үздік жүз теннисшінің 60-тан астамы жарыста бақ сынайды. Әлемнің ең мықты теннисшілері Бенуа Пер (26), Адриан Маннарино (39), Джон Миллман (43) және т.б. турнирге қатысатынын растады. Ал теннистен Қазақстан ұлттық құрамасынан Александр Бублик (49), Михаил Кукушкин (88) және Дмитрий Попколар (171) да өнер көрсететін болды. "Теннис федерациясының жұмысы АТР-дің жоғары бағасына ие болды. Оған Қазақстан астанасын турнир өтетін орын ретінде таңдауы дәлел. Біз үшін бұл үлкен сынақ. Бірақ біз турнирдің ең жоғары деңгейде өтетініне сенімдіміз. Бұған барлық жағдай жасалған", - деді Қазақстан Теннис Федерациясының президенті Болат Өтемұратов.

"АТР 250" Әлемдік турына жылына 40 кәсіби ерлер туры кіреді. Алайда, осы маусымда пандемияға байланысты барлығы 17 тур ғана өтті. Нұр-Сұлтандағы турнир теннисшілерге АТР рейтингінде 250 ұпай алуға мүмкіндік береді. Жарысты өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын ескере отырып, ойындар көрермендердің қатысуынсыз және қатаң хаттама аясында өтеді.

"Astana Open" ұйымдастырушылары ойыншылардың барынша қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шектеу шараларын қарастырды. Ұлттық теннис орталығының аумағы ПТР-диагностикаға арналған арнайы жылжымалы зертханалармен және термосканерлермен жабдықталатын болады. Ойыншылардың, ұйымдастырушылар мен қызметкерлердің қажетсіз байланыстарын болдырмайтын қатаң маршруттар әзірленді", - деп хабарлады Қазақстан Теннис Федерациясының вице-президенті Юрий Польский.
"Біздің барлық матчтарымыз онлайн-трансляция режимінде көрсетiледi. Халықаралық серіктесіміз IMG компаниясы әлемнің барлық аумағына трансляция жасайды. Қазақстан аумағында эксклюзивті хабар тарату құқығына "QAZSPORT" арнасы ие болды. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Біз қызықты матчтарды күтеміз", - деп атап өтті турнирдің директоры Атилла Рихтер.

Бұдан басқа, Ұлттық теннис орталығының аумағында виртуалды баспасөз орталығы жұмыс істейді. Бұл қазақстандық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының баспасөз конференцияларына, ойыншылармен эксклюзивті сұхбат жүргізуге мүмкіндік береді.

"Турнир өзімізге үйреншікті корттарда өтетіні біз үшін тамаша! Біздің корттар Әлемнің ең үздік алаңдарынан еш кем түспейді", - деп Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик өз әсерімен бөлісті.

Қазақстан Теннис Федерациясы жыл сайын 50-ге жуық халықаралық турнир өткізеді. Олардың қатарында Президент Кубогы мен Дэвис Кубогы бар.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу