Нұр-Сұлтанда Astana Open турнирі өтуде

960

ATP 250 сериясындағы турнирдің негізгі кестесіне түскен барлық ойыншылар анықталды. Турнирдің негізгі бөлігіне өткен теннисшілердің қатары іріктеу кезеңінің төрт жеңімпазымен толықты. Олар: Аслан Карацев, Дамир Джумхур, Юити Сугита және Эмиль Руусувуори.

Нұр-Сұлтанда Astana Open турнирі өтуде

Жарыс күнінің екінші жартысында 1/16 финалдық кездесулер басталды. Кездесулердің барлығы тартысқа толы болды. Жеңімпаздар көп жағдайда үш сеттік матчтар мен тай-брейкте анықталды. Турнирдің бірінші күні жергілікті жанкүйердің назары Дмитрий Попкода болған. Ұйымдастырушылардан уайлд-карта алған Қазақстан теннисшісі кортта барын салды. Алайда жеңіс қарсыласына бұйырды.
Бірінші раунд кездесуінде Дмитрий Попкоға Молдова өкілі Раду Альбот (әлемнің 85-ракеткасы) қарсылас атанды. Матч аса тартысты жағдайда өтті. Теннисшілер бірінші сеттің басында брейктермен алмасты. Есеп 4:4 болғанда Дмитрий Попко сетке доп беріп, алғашқы партияны өз пайдасына шешті, – деп хабарлайды Қазақстан теннис федерациясы.

Екінші сетте 4:1 есебімен ұтылып жатқан Дмитрий есепті теңестірді. Алайда Албот соңғы екі шешуші ойында басымдық танытты. Үшінші сет екі қарсыластың доп алмасуымен өтті. Дегенмен Раду Албот бұл жолы да мықтылығын мойындатып кетті. Есеп: 6:4, 4:6, 6:4.

"Жүйкем сыр берді, әдеттегі матчтардың бірі деп өзімді сендіруге тырыстым. Бұл мен үйренген корт, өзімді жақсы сезінемін. Бірақ мен  кей сәттерде тым сылбыр ойнағанымды мойындаймын, тәуекелге бармадым, қарсыласым қай жерден мүлт кетеді деп, оның ойынын аңдумен болдым. Осы менің қателегім болды. Менде бес бірдей брейк-поинт болды. Бірақ мен оларды сәтті пайдаландым деп айта алмаймын. Мүмкін, мен жеңіске жетуді көп ойлаған болармын. Қажет сәтте берілген мүмкіндікті мүлт жіберіп алдым", – деді Дмитрий Попко ойыннан кейін.

Ерлер арасындағы жекелей сынның негізгі кестесінде үш қазақстандық қалды: Михаил Кукушкин, Александр Бублик және уайлд-картаның тағы бір иегері Александр Недовесов.

Орталық корттағы ойын күнін бірінші күннің ең тартысты кездесуі аяқтады. Елорда төрінде өтіп жатқан турнирге әлемдік деңгейдегі теннис жұлдыздары, жанкүйерге есімдері жақсы таныс спорт жұлдыздары жиналды. Сондықтан олардың әрбір кездесуі тартысқа толы болатыны анық. 

Әлемнің жетінші ракеткасы болған Фернандо Вердаско (Испания) және оның бірінші раундтағы қарсыласы Джеймс Дакворт (Аустралия) арасындағы кездесу нағыз шеберлердің бәйгесіне айналды. Екеуінің де доп беру жылдамдығы сағатына 200 км-ге жетті. Шеберліктері бір-бірінен кем түспейді, кортта жоғары деңгейдегі, нағыз мықтыларға сай ойын көрсетті. Вердаско бірінші сетте жеңіске жетті. Екіншісінде Дакворт еншісіне екі сетбол алған.  Алайда аустралиялық өз мүмкіндігін уысынан шығарып алды. Ал тай-брейкте Вердасконың жолы болып кетті: 6:4, 7:6 (7:5).
Әлемдік рейтингтің 64 сатысына орналасқан Фрэнсис Тьяфу 1/8 финалға шығу үшін  француз Корентено Мутемен ойнады. Тьяфу кортта өзіне сенімді көрінді, доп берулері де сәтті шықты. Мутенің жүйкесі сыр берді ме, бірнеше рет төрешімен сөз таласып қалды. Ақыры ескерту алды. Шиеленіске толы болған финалдық геймде француз спортшысы қателікке бой алдырды. Ал қарсыласы болса кездесудегі жеңіс ұпайын өз пайдасына жазды. Есеп: 6:3, 6:2.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу