Нұр-Сұлтанда азық-түлік бағасын қалай арзандатуға болады?

7397

"Атамекен" тиімді тәсіл ұсынды. 

Нұр-Сұлтанда азық-түлік бағасын қалай арзандатуға болады?

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлерінің VI конференциясында елордадағы азық-түлік бағасын арзандатудың тиімді тәсілін ұсынды.

Оның сөзінше, мақсатқа жету үшін көрші облыстардың әкімдіктерімен күш біріктіру қажет.

"Сауданы дамытып, азық-түлік белдеуін қалыптастыру керек. Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының саны 1 млн адамнан асты. Қазір бұл - ірі мегаполис. Алайда мұнда азық-түлік әзірлейтін, сақтайтын орталық жоқ. Бізге жергілікті кәсіпкерлердің мүмкіндігін саралап, олқылықтың орнын толтыру қажет",- деді Тимур Құлыбаев.

Төралқа төрағасының пікірінше, осы орайда Мәскеудің тәжірибесіне жүгінуге болады. Солтүстіктегі көршіміз жеміс-жидекті тонналап сатып алып, сақтап қояды екен.

"Олар кеңес кезінен бері осы қасиеттерімен ерекшеленеді және бағаны реттеп, қымбатшылықтың алдын алып отырады", – деді Тимур Құлыбаев.

Бұдан кейін ол "Атамекен" ҰКП көрші облыстарда агроөндірістік кешенге қатысы бар орталықтардың құрылуын ерекше назарға алатынын және жергілікті кәсіпкерлердің астанаға қажетті өнім өндірумен айналысуға бет бұруын қадағалайтынына тоқталды.

"Адамдар бар, тәжірибе бар, тек ұйымдастырып, бақылауға алу керек. Бұл жұмыс Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің назарында болуға тиіс. Облыс әкімдеріне бастаманы қолдау керек. Бұл үшін агрокешенді дамытуға, логистиканы ұйымдастыруға және азық-түлікті сақтауға қатысты жиын өткізіп, мәселені пысықтап алған жөн", – деді Тимур Құлыбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу