Түркия қазақ күйшісін ұлықтауда қазақтарға үлгі көрсетті. Дәулескер күйші, атақты сазгер Дина Нұрпейісоваға түріктер он жыл бұрын өз астаналарында бөлек парк ашты. Бертінде онда біздің бизнесмендердің қолдауымен ескерткіш тұрғызды. Қазақ елі әдеттегідей кешігіп жүр. Билікке хатында филолог Ольга Жақыпова осыған назар аудартты.
"Келесі 2021 жылы халық композиторы, ұлы Құрманғазының дарынды шәкірті, қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де әлі күнге сүйіп тыңдайтын "Бұлбұл", "Әсем Қоныр", "Байжұма", "Жігер" және басқа да күйлердің авторы, көрнекті домбырашы Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толады. Өкінішке қарай, Қазақстанда күйші Динаның 150 жылдығы елеусіз өтті. Ал Түркия болса, Анкараның Этимесгут ауданында қазақ күйшісіне арнап жеке парк ашты. Оның ашылу салтанатында ауданның мэрі Э.Демирел шетелге танылған түркі әлемінің тұңғыш күйші әйелі, түркі әлемі өнерінің ұлы шебері ретінде Дина Нұрпейісоваға зор баға беріп, оның шығармашылық мұрасының рөлін атап өтті", – деді ол.
Ғалымның айтуынша, Д.Нұрпейісова – ХIХ–ХХ ғасырлардағы есімі алыс-жақын шетелге жайылған жалғыз күйші әйел саналады.
Оның байламынша, ұрпаққа қалдырған бай мәдени мұрасына қарамастан, қазіргі замандастарымыз, әсіресе жастар жағы ол туралы біле бермейді. Мұнда қазақтың мәдениеті мен өнеріне сүбелі үлес қосқан тұлғаларды насихаттау ісін құнттамаған биліктің де кінәсі бар. Мысалы, Нұр-Сұлтан тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама көрсеткендей, күйші Динаның шығармашылығы жайында тек кәсіби қызметі өнермен байланысты адамдар білетін болып шықты. Өзгелер оның күйші екенінен хабардар. Астанада мысалы, "Күйші Дина" деген шағын көше ғана бар.
"Ал шынында Динаның шығармашылығы қайталанбас бірегей әрі төлтума. Ол байырғы мирас пен қазіргі заманның арасын алтын тінмен жалғаған дара музыкант, домбыра өнеріндегі новатор, қазақ халқының шығармашылығын кішкентай жасынан ғұмырының соңғы күніне дейін тоқтаусыз насихаттап өткен керемет тұлға. Оның күйлері маңыздылығы, мазмұны, мелодиялық сұлулығы жөнінен қазақтың инструменталды музыкасының алтын қорына, ұлы қазынасына енді. Біле білсек, бұл – мәңгілік буырқана соғар бұлақ, келешекте қаншама өнер иесі сусындар қайнар, көптеген жаңа туындылардың тууына түрткі болатын шабыт көзі. Сондықтан біз оны мұқият зерттеуге және халықтың арасында кең жаюға баса мән беруге тиіспіз", – дейді О.Жақыпова.
Қазіргі кезде бүкіл әлем гендерлік мәселеге көңіл бөлуде. Осы орайда зерттеуші 160 жылдық аясында күйші Динаны халықаралық аудиторияға "қазақтың әйелден шыққан Бетховені" ретінде насихаттауды ұсынды.
"Нұр-Сұлтандағы "Күйші Дина көшесі" – ең сиықсыз көшенің бірі. Абаттандыру деңгейі жөнінен заманауи талаптарға еш сәйкес келмейді. Сол себепті Абылай хан мен Мағжан Жұмабаев даңғылдары арасында, Күйші Дина көшесіндегі бос жатқан учаскеде жаңа сквер жасауды және онда Дина Нұрпейісованың мүсіндік композициясын орнатуды сұраймын", – деді Ольга Жақыпова.
Бас қала әкімі Алтай Көлгінов қоғамнан түскен мұндай ұсыныстар қарастырылатынын хабарлады.
Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының ақпараты бойынша елорданың қоғамдық кеңістігін реконструкциялау және дамыту шағын бағдарламасы аясындағы абаттандыру жобасына сәйкес, Күйші Дина көшесі қайта құрылатын болады.
Атап айтқанда, жобада осы көшедегі жүргіншілер жолдарын, коммуникациялар желісін жаңғырту, барынша көп бұталар, жасыл желек, гүлзарлар отырғызу, тұрғындардың барлық топтарына арналған демалыс аймақтарын жасақтау, көше бойында автотұрақтар құру, эстетикалық және ұзаққа шыдайтын материалдардан жасалған шағын архитектуралық формалар орнату, жүргіншілер мен рекреациялық аймақтарын жарықтандыру қарастырылатын болады.
"Күйші-сазгерге ескерткіш қою мәселесіне келсек, алдағы 2021 жылы алдын ала белгілеу бойынша Күйші Дина көшесі мен Абылай хан даңғылы түйісетін тұстағы скверде Дина Нұрпейісованың ескерткішін орнату жоспарланып отыр. Осы мәселе бюджет комиссиясының таяудағы отырысында қаралатын болады", – деді Нұр-Сұлтан әкімі.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!