Нұр-Сұлтандағы мұхитариум күйреу алдында тұр ма?

17627

"Океанариум" зор мақтаныштан үлкен проблемаға айналғандай.

Нұр-Сұлтандағы мұхитариум күйреу алдында тұр ма?

Елордадағы мұхитариум – кезінде Қазақстан басшылығы ұмтылған ұлылықтың "сынығына" ұқсайды. 2003 жылы құрылған ол посткеңестік кеңістіктегі теңдесі жоқ әрі бірегей жоба болатын.

Себебі бұл бүкіл әлемдегі мұхиттан ең алыс орналасқан мұхитариум саналады: жаһандық алып су айдындарынан ең кемі 3 мың шақырым қашықта жатыр. Осы даралығына орай Гиннесс рекордтар кітабына кірді. Сондықтан ол Қазақстанның жас астанасының ерекше мақтанышы, көрнекті орны және беткеұстар жобасы болды. 

Дегенмен, бертінде билік бұл жобаның өзін-өзі ақтап тұрған кезінде жекенің қолына табыстауға ұйғарды. Содан 2016 жылдың басында "океанариум" кіретін "Думан" ойын-сауық орталығы саудаға қойылды. Мемлекет болашақ қожайынынан міндетті түрде ветеринарларының, ихтиологтарының және сүңгуірлер қызметінің болуын талап етті.

2016 жылғы 12 сәуірде орталық электронды тендер әдісімен 3 миллиард 403,5 миллион теңгеге сатылды. Бұл бастапқы құнынан 200 мыңдай теңгеге ғана жоғары баға еді. Мемлекет жалдаған бағалаушы елорданың ортасында жалпы ауданы 29 мың 302,4 шаршы метр жерді алып жатқан алып нысанды 3 миллиард 403 миллиона 306 мың теңгеге бағалапты.

Жаңа иесіне объектінің басты қызмет бейінін сақтауды, яғни океанариум мен "Джунгли" аттракционында балалар мен ересектер үшін ойын-сауық қызметтерін көрсетуін кем дегенде 10 жыл жалғастыру талабын қойды. Бірақ нысан осы мерзімге де жетпеуі ықтимал.

Ailand ауыр жағдайда

Жаңа қожайыны "Думанды" "Ailand" деп қайта атағаны мәлім. Компания оның ресми instagram аккаунтында жанайқайға толы үндеу жарияланды.

"Жоба 2003 жылы барлық жас пен ұлттағы елорда қонақтарының, келушілердің дүниетанымын кеңейту үшін құрылған болатын. Бұл жоба мұхиттар мен теңіздерден алшақ жатқандықтан, идеясы бойынша революциялық болып саналды. Ал қазіргі уақытта отбасылық демалыс орталығы адамсыз мүлдем құлазып қалды. Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің шектеулер енгізуіне байланысты біздің кешеннің қызметі толық тоқтатылды", – деп мәлімдеді оның өкілдері.

Олардың айтуынша, осы жағдайда әсіресе, су жануарларын тамақтандыру қиынға түсіп жатыр. Айта кетсек, океанариумда акулалар, Амазонка, Оңтүстік-Шығыс Азия және басқа да өңірлердің, тропиктің тіршілік иелері өмір сүреді.

"Ең күрделісі – мұхитариумды ұстап тұру. Онда 100-ден астам түрге жататын 3 мыңға тарта теңіз жануары тіршілік етеді. Оларды қоректендіру үшін ай сайын минтай, майшабақ, скумбрия, кальмар, өсімдік тектес жем секілді 1,5 тоннадан астам азық сатып алынады. Күн сайын тамақтандыру керек: орташа есеппен 50 келі азық кетеді. Өкінішке қарай, біз бірегей, бірақ тілі жоқ тіршілік иелеріне табысты жоғалтқанымызды және оларды тамақтандыра алмайтынымызды түсіндіре алмаймыз. Қалада сауда, ойын-сауық орталықтары жұмыс істеп тұр. Ал коронавирус таралуының алдын алу іс-шараларының бәрін өткізгеніне қарамастан, Ailand отбасылық демалыс орталығының есіктері келушілер үшін жабық тұрғаны қынжылтады", – деді компания.

Егер бұлай жалғаса берсе, орталық дәрменсіз жағдайға жетуі мүмкін. Салықтар, жемазықтар сыртында нысанды жарықтандыруға, сумен, жылумен, электрмен жабдықтауға ай сайын шамамен 18 миллион теңге шығындалады екен.

Жалпы, жекешелендіруге шығарғанда билік бұл нысанға қатысты егжей-тегжейлі ақпаратын жария еткен болатын. Мүлікті бағалау туралы есепке сәйкес, 2016 жылы "Думан" ойын-сауық орталығын басқарған "BEM Appraisal" ЖШС-ның жылдық жалпы табысы 1 миллиард 725,8 миллион теңгені құрайтыны белгілі болды. Бұл ретте орталықтың жалпы және әкімшілік шығыстары 190 миллион 408 мың теңгені, өзге шығыстары – 598 миллион 250 мың теңгені құрапты. Осылайша, "Думанның" таза операциялық табысы жылына 881 миллион 719 мың теңге болды.

Мұхит хайуандары бір-бірін жеген...

Кезінде мұхитариум ашылғанда, ел басшылығына ерген "президенттік пул" қатарында мен де сол салтанатты рәсімге қатысып, қызметкерлермен, мамандармен тілдесіп, оның құрылуына қатысты көптеген сырға қаныққан болатынмын. Сонда оның проблемалары ашылмай тұрып басталғанын білдім.

Мысалы, біріншіден, қазақстандық мұхитариуымның әлемдік мұхиттардан алыс жатқандығы басты қиындық еді. 2003 жылдың 20 сәуірінде елордаға әсем экзотикалық балықтар мен жәндіктер жеткізіледі. Мамандар олардың көбі қырылып қалатынын айтқан. 

Өйткені мұхитты мекен етушілерді мыңдаған метр тереңдіктен сүзіп алып, артынша ұшаққа тиеп, ондаған мың метр бұлттардан биік көтеруге тура келді. Оның үстіне ұшақ жолай бірнеше жерге қонып, аялдауға мәжбүр болған. Мұның бәрі "тұңғиық тұрғындарына" қаншалықты жан шошырлық стресс әкелетіндігін көзге елестетудің өзі қиын. Салдарынан, 31 сағатқа созылған сапар барысында су жәндіктерінің 30 пайызы жолай жантәсілім етті. Келген соң акулалардың өзі өле бастады.

Екіншіден, осы саланың білікті шетелдік мамандары Қазақстанға әр балық пен жәндік түрін жеке-жеке құтысына салып тасуға кеңес береді. Өйткені олар жабайы табиғатта, көк мұхиттың түпсіз тереңінде еркін тіршілік еткен, олардың онда немен қоректеніп, қандай дерттермен сырқаттанғаны бір Құдайға ғана мәлім! Олар онымен қоймай қазақ атын естіп көрмеген қаншама қаптаған паразиттер мен бактерияларды өне бойларына жиғаны да жасырын емес. Сондықтан рекомендацияларға сәйкес, дұрысы – олардың әрқайсысын жеке-дара аквариумда "карантинизациялап" тасымалдауға тиіс болатын.

Бірақ Қазақстан одан бас тартты: себебі, онда елордалық алып мұхитариумды толтыруға қажетті 2000-ға жуық мұхитасты өкілін ұзақ уақыт бойы, бірнеше партиямен бөліп жеткізуге тура келетін еді. Ал кешеннің жоспарланған ашылар күні болса таяп қалды, әрі артық қаржы шығыны қарастырылмаған.

Сол себепті, орталықты ашуға жауапты тұлғалар тәуекелге бел буып, әртүрлі теңіз бен мұхиттан жинап алынған жәндіктерді алып ұшақтағы жалғыз, алып құтыға бір-ақ тоғытады. Сөйтіп, олар жол бойы бір-бірін аулап, жеп келген. Содан келе сала, өле бастаған акулалардың бірінің ішін мамандар жарып көргенде, жан түршіктірер көп жайға куә болыпты.

Оның қиындығы мұнымен бітпеді: 2004 жылдың соңында Индонезия, Шри-Ланка, Үндістан, Таиланд және басқа да Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін жайпап, 230 мың адамның өмірін жалмаған алапат цунами кесірінен океанариумның сол аймақтағы қызмет көрсету құны арзан көптеген серіктестері банкрот болды, жергілікті экологиялық тепе-теңдік бұзылып, әкелінуі жоспарланған балық түрлері қашыққа, тұңғиыққа кетті.

Сонымен қатар бүгінде халықаралық экологиялық ұйымдар балықтардың кейбір түрлерін шетелге тасымалдауға тиым салып жатыр. Ал океанариумдардағы балықтың біраз түрінің тіршілік мерзімі қысқа екені мәлім.

Қалай болғанда, бұл бірегей нысанның мәселелері қомақты көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу