1-9 қазан аралығында Қазақстанда алғаш рет өтетін Astana Open ATP 500 жарысына дайындық барысы жайлы Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский ҚТФ баспасөз қызметіне сұхбат берді.
– Әзірлік ойдағыдай. Күні бүгін барлық негізгі ұйымдастыру мәселелері шешілді. Техникалық дайындық қана қалды. Яғни корттар толықтай безендіріліп, турнирдің жоғары деңгейіне сай келетін болады. Теледидардан болсын, тікелей кортта болсын, Қазақстанды әдемі қырынан көрсете білуіміз керек. Қыркүйек айының басынан спорттық іс-шараны монтаждау және жүзеге асыру ісіне түгелдей кірісеміз, – деді Ю.Польский.
– Юрий Федорович, белгілі ойыншылардан кімдер келетін болды?
– Қазіргі таңда әлемнің бірінші ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев бастаған үздік отыздыққа кіретін Феликс Оже-Альяссим, Янник Синнер, Хуберт Хуркач, сондай-ақ Лоренцо Музетти, Карен Хачанов, Гаэль Монфис, Роберто Баутиста Агут, Борна Чорич, 2014 жылғы US Open чемпионы Марин Чилич, жекелей сында "Үлкен дулыға" турнирінің үш дүркін жеңімпазы Стэн Вавринканың келетіні анық болып отыр. Әлі де уақыт бар, сондықтан бұлардың қатары толығатыны анық.
– Атақты теннисшілер келеді екен, билет те сатылатын болар?
– Әрине, "Үлкен дулыға" мен мастерстен кейінгі үшінші деңгейдегі мұндай спорттық жарыс ТМД аумағында өтіп көрген жоқ. Сондықтан Еуропа, АҚШ, Токио, Бейжіңге бармай-ақ, атағынан ат үркетін ойыншылардың өнерін тамашалайтын сәт туып тұр. Бұдан жанкүйерлер шет қалмас деп ойлаймыз. Билет үш кезеңмен сатылады. Бастапқы кезеңде Қазақстан теннис федерациясының 30 жылдығы құрметіне 30 пайыз жеңілдік берілді. Бұл көпшілікке қолжетімді болуы үшін жасалып отыр. Содан кейінгі екі кезеңде билет құны өседі. Бұлай еткен себебіміз, алыпсатарлар билетті алдын ала сатып алып, шын жанкүйерлерді сергелдеңге салмасын дедік. Федерация билет бағасы, турнирге кімдердің келетіні жөнінде хабарлап отыратын болады.
– Қазақстандық теннисшілерден елорда төрінен кімдерді көре аламыз?
– Александр Бубликтің ойнайтыны кәміл. Рейтингіде төмен тұрғандықтан, негізгі жарысқа өте алмайтын болғандықтан, ұлттық құраманың белді мүшесі Михаил Кукушкинге уайлд кард (арнайы шақырту) жібереміз. Сондай-ақ Денис Евсеев, Бейбіт Жукаев, Григорий Ломакин, Дмитрий Попко Қазақстан чемпионаты барысында Astana Open додасының іріктеу сайыстарына жолдама алу үшін барын салатын болады. Тимофей Скатов келмеуі мүмкін. Өйткені әлемдегі үздік 200 теннисшінің қатарына кіру үшін оған челленджер жарыстарында ойнаған тиімді. Ұлттық құрама мүшелері Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында өнер көрсетеді.
– Күні кеше әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, сербиялық Новак Джоковичтің АҚШ-тың ашық чемпионатында бақ сынамайтыны белгілі болды. Оның Astana Open турниріне келуі мүмкін бе?
– Әрине, біз Новак келсе, қатты қуанар едік. Оның үстіне 2019 жылы Рафаэль Надальмен бірге Қазақстанда болып, үлкен шоу жасады. Егер ол тілек білдірсе, қосымша шақырту жібере аламыз.
– Таяудағы екі-үш жылда Astana Open ATP 500 додасының жоғары мәртебесін сақтап қалуға мүмкіндік бар ма?
– ATP 500 мәртебесін сақтау жоспарымызда бар. Тек ол үшін көп жұмыс атқаруға тура келеді. Қазірдің өзінде осындай жоғары деңгейдегі жарысты өткізуге мүмкіндік алғанымыз жарқын болашақтың кепілі деп ойлаймыз. Сондықтан осы бағытта жұмыс жасай бермекпіз.
Ермұхамед Мәулен