Нұр-Сұлтанның қарына қандай әкім келсе де, сын айтылады

2336

Елорданың әкімі Алтай Көлгіновтің  Atameken Business телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында қандай мәселелер көтерілді?  

Нұр-Сұлтанның қарына қандай әкім келсе де, сын айтылады

Сіздің Инстаграм парақшаңызға 127 мың азамат жазылыпты. Сол желідегі әр жазбаңыздың астына көбінесе құрылысы бітпей жатқан  үйлердің үлескерлері пікір қалдырады екен. Бір сұхбатыңызда биыл құрылысы ұзаққа созылған 52 нысанның мәселесі кезекпен шешіліп, 20 нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз депсіз. Жыл соңы жақындап келеді. Үлгеріп жатырсыздар ма? 

Пандемияға қарамастан, жұмыс жалғасып жатыр. Шынында да 52 көппәтерлі тұрғын үй проблемалық болып саналады. Ол жерде 15 мыңнан астам үлескер болған. Күннен-күнге азайып келеді. Оны Үкімет болып, бәріміз бірге шешіп жатырмыз. Өткен жылы біз 10 үйді тапсырдық. Ол 2,5 мың отбасының мәселесі еді. Оның ішінде құрылысы бітпеген үйде адамдар тұрған. Енді амал жоқ, қайда барады? Тағы бір нысанда құрылыс орнына шұңқыр қазылған да, үй мүлдем соғылмаған. Бірақ үйдің бәрі сатылып кеткен. Оның сараптамалық құжаттамасы жоқ немесе қаражаты болмаған. Сол сияқты мәселелер көп. Оның бәрін бір жүйеге салдық. Мемлекет қаражатты бөлді. Әрине оның бәріне қыруар қаражат керек және бәрі бір жылда бітпейді. Оны бәріне айттық та. Бірақ кестені бекіттік, ол кестені үлескерлер біледі. Ол оңай шаруа емес. Әр үйдің проблемасын үлескерлер жақсы біледі. 20 үйді биыл аяқтауымыз керек. Қаңтар айында жылды қорытындылап, айтамыз. Басым көпшілігі желтоқсанда қолданысқа беріледі. Қаңтар айында бәрінің есебін береміз. Қалған үйлер кесте бойынша, 2021, 2022 жылдары аяқталады.   

Жаңа ғана бірнеше үлескер пәтер кілтін алды деп қалдыңыз. Сол үйлердің де мәселелері бар екен. Мысалы, "Алтын Шар" сияқты тұрғын үй кешендерінде тұрғындар тарапынан үйдің сапасына байланысты айтылып жатқан сын көп. Тұрғындар телеарналарды жағалап жүр деуге де болады. Құрылысы біткен үйлердің сапасы қаншалықты қадағаланады?

Енді сапа үнемі қадағаланады. Бірақ кәсіпкердің де, құрылысшының да өзінің жауапкершілігі болуы керек. Оның әрқайсының түбінде бір-бір қадағалаушы тұрмау керек қой. Оған тиісті қаражат бөлінген, ешкім тегін салып жатқан жоқ. Техникалық қадағалаушы мен авторлық қадағалау бар. Дегенмен, құрылыс болғаннан кейін мәселе де болады. Бәрі қатырып жасап жатыр деп айта алмаймыз.  Соттасып жатқан мәселелер де бар. Ал "Алтын Шардың" мәселесі өте күрделі. "Алтын шардың" 3 кешені, оған қатысты "Бағыстаны" бар. Өткен жылдан бері айналысып жатырмыз. Былтыр сол жердегі құрылыс комбинатының мойнында 600 млн айлық қарызы болды. Кесірінен бүкіл үйлердің құрылысы тоқтап тұрды. Біз банктермен сөйлесіп, қарыз мәселесін зерттеп, мемлекет қарамағына алдық. Мемлекет қолдайды деп кепілдік бердік. Кім үшін? Үлескерлер үшін. Өйткені ол жерде мыңның үстінде үлескер бар. Құрылыс комбинаты негізі өте жақсы комбинат. Кезінде мемлекеттік қолдау құралдары арқылы демеу көрген. Енді ол комбинат тоқтап қалса, құрылыс жүрмейді. Сіз айтып отырған телеарна жағалап, шағымданып жүрген адамдар бірен-саран болса, олар мыңдаған болар еді. Оған біз жол берген жоқпыз. "Алтын Шар-1"-ді қазір аяқтап жатырмыз. Екінші үйді аяқтауы керек. Үшіншісін келесі жылы аяқтайды. Ал "Бағыстан" бойынша қазір үлкен жұмыс істеп жатырмыз. Ол жерде құжаттама бойынша, қаржы бойынша біраз мәселе бар. Оның жартысын биыл, жартысын келесі жылы аяқтаймыз. Үлескерлермен күнделікті кездесіп жатырмыз. Менің өзім де нысанның басына  барған сайын міндетті түрде үлескерлермен кездесемін. Иә, кейбір нысандардың мерзімінен кешігіп жатқандары да бар. Ол енді құрылысшылардың жауапкершілігіне байланысты. Кейбіреулер қаражат беріп тұрғанда да құрылысты үйлестіре алмайды. Кейбір мердігерлермен біз келісімшартты бұзып жатырмыз. Мәселе көп. Бірақ ол біздің жұмысымыз, біз оны аяқтаймыз.

Бір сұхбатыңызда Нұр-Сұлтан қаласында 46 мың адам әлеуметтік  баспана кезегінде тұрғанын айтыпсыз.  Жақында ғана ашылған "Тұрғын үй орталығы" тұрғындардың мәселесін шешуге қауқарлы ма, әлде тек кеңес беру ұйымының қызметін атқара ма? Биыл 8000 мың әлеуметтік баспана берілуі керек қой. Олардың құрылысы қалай жүріп жатыр, иелері анықталды ма?

Бұл өте жүйелі мәселе. Қаланың топ-мәселесін тізсек. Соның ішіндегі ең өзектісі осы тұрғын үй, қолжетімді баспана шығар. Қалада халықтың саны жылдан-жылға тез өсіп келеді. 10 жылдың көлемінде салыстырсақ, екі есе өскен. Қазір 1 млн 200 мыңға жуық адам тұрады. Президенттің тапсырмасы бойынша биыл "Қолжетімді баспананың" санын 3 есе көбейттік. Сіз айтқан 46 мың адамның ішінде зейнеткерлер, аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ата-ананың қамқорлығынсыз өскен азаматтар, бюджетте істейтін дәрігерлер мен мұғалімдеріміз, сіз-бен біздің ұйқымыз тыныш болсын деп күні-түні сақшы болып жүрген полицейлер бар. Олардың бәріне қолжетімді баспана керек. Бұрынғымен салыстырғанда мемлекет көбірек қаражат бөліп жатыр. Оны айту керек. Жыл соңына қарай жаңағы айтқан мәселелерді табыстаймыз. 1 желтоқсанда, 16 желтоқсанда, Жаңа жыл қарсаңында дайын үйлерді мерекемен құттықтай отырып бермекшіміз. Айтматов көшесінде 5 үйді, Әуежайдың жолындағы  "Пригородный" ауданында  2 үйді, Қошқарбаев көшесі мен жаңа теміржол вокзалы жақтағы үйлерді кезекте тұрған азаматтарға береміз. Одан кейін Қарағанды тасжолының бойында "5-10-20" бағдарламасы бойынша салынып жатқан үй бар.  Сіз айтқан "Тұрғын үй" орталығын біз азаматтарға ыңғайлы болсын, әрбір мекемеге жүгірмесін деп арнайы аштық. Мысалы былтыр "Жанұя" деген орталық ашқанбыз. Сол мекемеге былтыр күзден бері 31 мың адам келіп 40 мыңнан астам сұрақ қойған. Соның ішінде ең көп сұрақ осы тұрғын үймен байланысты болған. Сондықтан біз "Тұрғын үй" орталығын аштық. Сол жерге тұрғын үй басқармасын, тұрғын үй инспекциясын, "Тұрғын үй" қорын, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін", бәрін қойдық. Тұрғын үйге қатысты бүкіл сұрақ "бір терезе" қағидасы бойынша сол жерде қойылуы керек.

Оның бәрі жақсы ғой. Ол орталыққа біреу сұрағына жауап іздеп барса, тағы бір бөлігі мәселемді шешіп берсе екен деп барады. Мысалы өзіңіз айтқан "Жанұя" орталығы қанша адамның мәселесін нақты шешіп берді?

Ол орталықты фронт-офис деп айтуға болады. Біріншіден, тұрғынның сұрағына уақтылы жауап беру қадағаланады. Ал тікелей мәселелермен тиісті басқармалар айналысады. Фронт-офис сұраққа сол жерде жауап береді немесе әкімдік басқармаларына бөліп береді. "Тұрғын үй" орталығы да дәл сондай принциппен жұмыс істейді. Әрине, орталық біреу келіп пәтер сұраса, қолына кілт ұстатып жібере алмайды. Бірақ кезекке тұру керек болса, оның жолдарын түсіндіреді. Қазір орталыққа күніне 200 адам келіп жатыр.

Баспанаға қатысты тағы бір мәселе бар. Нұр-Сұлтан қаласындағы ескі үйлердің иелері сүрілуге тиіс баспанасының орнына жаңа пәтер беруді талап етіп жатады. Биылғы жоспарда қанша ескі үй сүріледі немесе сүрілуге тиіс? Олардың иелеріне баспана беріле ме?

Иә, жоспарға кірген үйлердің бәрі бұзылып, иелеріне жаңа пәтер беріледі. Жоспарда 209 отбасы бар. Естеріңізде болса, №39 разъезд деген жер болды. Өте қауіпті жерде біршама отбасы тұрды. Қыста өрт болған кезде өрт сөндірушілер бара алмай қойды. Себебі айналасының бәрі мұнай базасы. Мен халықпен кездескен кезде "бізді көшіріңіз" деген өтініш айтылды. Сол тұрғындарды көшіргенімізді мысал ретінде айтуға болады. Дәл сол сияқты қаланың ортасында екі жатақхананы бұзамыз. Ол жерде жүздеген отбасы тұрады. Осындай апатты жағдайдағы үйлер баршылық. Біріншіден, үй апатты жағдайға түспеу үшін уақтылы модернизациядан өткізіп тұру қажет. Уақтылы күрделі жөндеу өткізіп тұрмаса, үй апатты жағдайға келеді. Одан бөлек барақ үйлер бар. Аграрлық университеттің жанындағы ескі үйлердің бәрін бұзамыз. Жазда тұрғындармен кездесіп, айтқанмын. Оларға тиесілі үй салынып біткен соң, бәрін көшіреміз. Келесі жылға да сондай жоспар бар.  Модернизация бойынша 100 жеделсатыны жаңалаймыз. Соның 30 проценті жасалды. "Территория комфорта-2", "Орбита" деген атышулы үйлер бар. Балконы қисық болып, бүкіл желі мен телеарналарға шықты. Қазір соны реттеп жатырмыз. 

Елордадағы 16 елдімекеннің бәріне ортақ мәселелер бар. Ол – жолдың сапасы, жаяу жүргінші жолдарының жоқтығы, балалар ойын алаңқайларының жетіспеушілігі. Қалалық кәріз желісінің жұмыс істемеуі. Бұған пандемия кезеңінде кабельді интернет желісінің тартылмауы қосылды. Аталған мәселелерді шешу жоспары не себепті өте ұзақ мерзімге жоспарланған?

Жақсы сұрақ қойдыңыз. Біріншіден, аталған елдімекендер қаланың аумағында жатыр. 16 елдімекенде 300 мыңға жуық халық тұрады. Яғни, елордалықтардың төрттен бірі деген сөз. Жеке секторды біз үлкен жоспарға қостық. Үкіметті арнайы қаулы қабылданды. Қаланың даму жоспарында бір тарауды осы елді мекендерге арнадық. Әрине оның бәріне қаражат керек. Сіз айтқандай, инфрақұрлымын, жол мәселесін, жарықтандыру, әлеуметтік нысандар сияқты жүйелі мәселелерді қарадық. Биыл пандемияға қарамастан құрылысшылар біраз жұмыс атқарды. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша тек осы елдімекендерде 100 көшені жөндедік. Қазір 4 спорттық нысан салып жатырмыз. Келесі жылы аяқталады. 4 мектеп салып жатырмыз. Ол да бітуге жақын. Кәріз желілерін жасап жатырмыз. Мысалы, "Үркерде"  мәселе көп. Ондағы тұрғындар сол жағалауға қашанғы қызығып қарай береміз деген болатын. Жол мен жарық мәселесін қарап жатырмыз. Мердігермен соттасып жатқанымыз және бар. Сол секілді Көкталда, Агроқалашық дейді, 10 мыңнан астам халық тұрады. Ол жерде газдандыру қарқынды жүріп жатыр. Жеке сектордан бастадық қой, ол жерлерге 300 шақырымнан астам газ желісі тартылды. Көмір жағып, көк түтінге тұншығу денсаулыққа да зиян, бейнеті де көп. Алғашқылары газға қосылып жатыр. 5 мыңнан астам адам газ тұтынуға дайын деуге болады. Әрине, барлық мәселе бір күнде шешілмейді. Өмір болғаннан кейін бір мәселені шешіп жатсаң, мына жақтан екіншісі туындайды. Үлескерлерге қатысты бір оқиға есіме түсіп отыр. "Жағалау-4" деген кешенде былтыр үй бітпей жатқан болатын. Қаңқасы ғана бар үйдің жанына 100-ден астам адам жиналыпты. Барсақ, бәрінің өкпесі қара қазандай. Міне сол үйді желтоқсан айында қолданысқа береміз. Бір ай бұрын сонда барсам, тұрғындар "Бәрі жақсы, енді ғимараттың сыртынан қосымша жарық жасап беріңіз" дейді.

Сіз интернетті айтып отырсыз ғой. Әрине, елордада интернет болуы керек. Қаланың шеткі жақтарында өте нашар расымен.Теміржолдың арғы бетіндегі "Лесозавод" бар. "Үркердің" өзіне де керек. "Қазақтелекоммен келістік. Бір жұма бұрын мен Интернациональный деген елдімекеннің тұрғындарымен кездестім. Олар да онлайн оқып жатқан балаларының мәселесін айтып жатыр. Оны да жоспарға алдық. Көшелердің қараңғы екенін де айтты. Биылдың өзінде біз қала бойынша 10 мың электр үнемдейтін шам орнатыппыз. Жоспар орындалды.

Нұр-Сұлтанның әкімдерін халық қыста қармен қалай күрескеніне қарап бағалап жатады. Былтыр қар да, сын да көп болды. Биылғы дайындықтарыңыз қандай?

Сарыарқаның қарын жергілікті тұрғындар біледі ғой. Сондықтан ол жаңалық емес. Қар қашан да талқылайтын тақырып болады. Мен әкім болсам да, басқа әкім болса да солай. Әңгіме онда емес. Мәселе сол қарды тазалап жатқан азаматтарда. Оларды бізде қолдап, техникасын жаңартып тұруымыз керек. Еңбек солардікі. Оның басым көпшілігі осы қаланың тұрғындары емес. Пандемия кезінде біз қиналып қалдық. Себебі олар Ақмола, Қарағанды облыстарында, елордаға жақын елдімекендерде тұрады. Олардың айлығын көтердік. Былтыр қаланы қардан таза ұстау үшін 165 техника сатып алдық. Биылғы қысқа тағы 100-ден астам техника алып жатырмыз. Себебі біздің елорданың қысы бәріне белгілі қыс қой. Бірақ сабыр да керек. Жауған қарды жарты сағаттың ішінде шығарып тастай алмайды ғой. Оның бәрі үлкен жұмыс. Біздің қызметкерлер оған дайын. Ол жерде "Астана Тазалықтан" бөлек көптеген жеке компания бар. Біразымен соттасып, келісімшартты бұздық. Бізге өтірік айтып, міндетін орындамай жүргендер де болды. Біз қар күреп жүрген адамдардың еңбегін бағалауымыз керек. Қар көп жауған кездері оларға сыйақы төленуі қажет. Жеке компанияларға осындай мәселе қойып отырмыз. Сіз бизнесмен болсаңыз да, еңбек қарапайым жұмысшылардікі. Осылардың айлығын көтеріп, киім-кешегін уақтылы беріп отырсаңы,з ешқайда кетпейді. Себебі ол жерге адам табу оңай емес.

Сұхбатымызды қысқа-нұсқа сұрақтармен түйіндесек. Сіздің ойыңызша, әкімнің бойында қандай үш қасиет болуы керек?

Іскерлік, білім, адамгершілік.

Алда-жалда қызметтен кетіп жатсаңыз немен айналысатын едіңіз?

Өзіме ұнайтын іспен айланысатын шығармын. Кәсіпке бет бұруым мүмкін. Өз отбасыма көбірек көңіл бөлетін едім.

Сізді не ренжітеді?

Мемлекеттік қызмет біздің жеке шаруамыз емес қой. Дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп қабылдаймыз.

Ал не қуантады?

Жақсы жетістіктер, азаматтарға пайдалы іс жасасаң, сол қуантады.

Байсыз ба?

Иә. Доспен баймын. Байлық деп отбасын айту керек. Денсаулығыңыз болса, ол да байлық.  Істеп жатқан жұмысыңыз болса, ол да байлық.

Сұхбаттасқан – Мейрамгүл Мәдәлі

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу