Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитеттің отырысында Нұра топтық су құбырын күтіп ұстау мен реконструкциялаудың мәселелері қаралды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
1 маусым күні Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ақмола облысына жасаған сапары барысында жергілікті аудан өкілдері тарапынан аталмыш мәселе көтерілген болатын.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевтың сөзінше, Нұра топтық су құбыры 1979 жылы салынған. Бүгінгі таңда 90 пайызға дейін тозып, әбден жарамсыз күйге түскен.
Халық қалаулысы бұл бүгін ғана емес, бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселе екеніне тоқталып:
“Басқасын айтпағанда ауруханалар сусыз отыр. Ауыл адамдары көлден су ішіп отыр. Мұны дер кезінде шешу керек. Депутаттар бұл мәселені бақылауымызға алып, шешу жолдарын іздеп жатырмыз. Әкімдіктің төтенше жағдай жариялауы бұл жұмысты тездетуге көмектеседі. 20 маусымға дейін үш жүз шақырымнан астам су құбырының бүкіл құжаты дайын болуға тиіс. Содан кейін құжаттар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сараптамаға беріледі. Оларда да процедураның өз нормативтері бар. 45 жұмыс күні ішінде сараптамадан өткізуі керек деп көрсетілген. Енді құжаттарды осы мерзімде емес, жоқ дегенде бір жұманың ішінде істеп, министрлікке беруді талап етпекпіз”, – деді.
Одан кейін құжат Қаржы министрлігіне түседі. Жалпы бұл заң аясындағы рәсімдер.
Серік Егізбаев депутаттар су құбырының құжаттамасы мәселесін бір айдың ішінде шешуге тырысатынын атап өтті.
“Оның бәрін аяқтап, тамыз айында нақты жұмыстарға кірісіп кететіндей жағдай туғызуға күш саламыз. Құрылыс жұмыстарын тамыз айында бастап кету керек. Егер де шілдеде қажетті сараптамалардан өтіп, Қаржы министрлігі үкіметтің қаулысын қабылдап, ақша бөлінсе, тамыз айында нақты құрылыс жұмыстарын бастауға мүмкіндік болады”,– деді депутат.
Депутат жалпы құбырдағы қазба жұмыстарын бір жылда бітіруге мүмкін емес екеніне тоқталып, жарамсыз күйдегі су құбырының ішінде қауіпті деп есептелінетін 34 шақырымы бірінші кезекте жөндеуді қажет ететініне баса назар аудартты. Жиынға қатысушылар бұл Егіндікөл ауданындағы су мәселесін шешуге көмегі болады деп отыр.
“81 шақырымның ішінде 34 км-ды бірінші кезекте істеу керек. Жыл аяғына дейін осыны істеп берсе, елдімекендер суға қол жеткізеді”, – деді Мәжіліс депутаты.
Нұра топтық су құбыры республиканың балансында. Тілшілер мәжілісменнен оның әкімдік меншігіне неге берілмейтінін сұрады.
“Ақмола облысының бюджетін алсақ, ол донор өңір емес. Олар қазір құбырды балансына алса, сосын ақшалары болмай қалады. Егер әкімдіктің балансында болса, республикадан ақша бөлінбейді. Сол себепті де республикалық баланста қала бергені дұрыс”, – деп жауап берді.
Су тапшылығына байланысты Егіндікөл ауданында ТЖ режимі жарияланған болатын.
Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевтың айтуына қарағанда төтенше жағдай режимі мәселе шешілгенше тұрады.
“ТЖ режимі қаражат алу және тиісінше құрылыс жүргізу рәсімін бір жылға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ұзындығы 300 км-ден асатын жалпы жобадан 81 шақырымның жобалық сметасына қаражат бөлінеді. Бұл смета жұмыс тәртібі бойынша мемлекеттік сараптамамен келісу сатысында тұр. Осыдан кейін Қаржы министрлігіне өтініш береміз, сондай-ақ Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы қаулы жобасын дайындаймыз”, – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев.
Қаржы министрлігі өкілі Егіндікөлде ТЖ режимі жарияланғанын білмегендерін айтты.
“Төтенше жағдай жарияланғаны туралы қазір ғана естіп отырмыз. Себебі атқарушымен (ред. - Нұра топтық су құбырының директоры) мәселені пысықтаған кезде олар бұл туралы ештеңе айтқан жоқ. Олардың айтуынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу 4 кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта олар жобаның бірінші кезеңі мемлекеттік сараптамада жатқанын айтып отыр”, – деді Қаржы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешен, табиғи ресурстар, құрылыс және тұоғын үй-коммуналдық шаруашылығы бюджеті департаменті директорының орынбасары Клара Байдалиева.
“Жалпы жобалау-сметалық құжаттаманың барлық құны 387 млн теңге, шарт бойынша – 339 млн теңге. Оның 117 млн теңгесі игерілді. Одан әрі қаражатты игеру іске асыру шеңберінде жүреді”, – деді Нұра топтық су құбырының бас директоры Гамзат Сағындыков.
Ақмола облысы мәслихатының депутаты Әбілқайыр Ошақбаев су құбыры дұрыс жұмыс істемеуінен қаншама елдімекен судан таршылық көріп отырғанын тілге тиек етіп:
“12 елдімекен, 10 мыңға жуық тұрғын, яғни Егіндікөл, Қорғалжын, Атбасар – үш аудан халқы соңғы үш жылда сусыз отыр деп айтуға болады. Су таситын жер де жоқ, жан-жақтағы ауылдардан тасып біттік. Олардың өздеріне де су жетпейді. Сабындыдан бастап Егіндікөлге дейін судың құбырын айырбастау керек. Төтенше жағдайға байланысты сметалық құжаттарды тезірек істеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу керек”,– деді Ақмола облысы мәслихатының депутаты Әбілқайыр Ошақбаев.
Жалпы Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстары нақты қай күні аяқталатынын кесіп айту қиын.