Нұрәділ Әлжан үшінші белдесуінде 2 дүркін әлем чемпионатының жүлдегерінен басым түсті. Ол ширек финалда тәжірибелі кәріс палуаны, әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері, жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Ли Ха Римді жеңді.
Дзюдошымыз екінші айналымда моңғолиялық Сукхбат Биамбасуренді таза жықты. Ал, алғашқы белдесуінде Нұрәділ индонезиялық қарсыласын иппон ұпайымен жеңген болатын.
Ұлттық құрамамыздың тағы бір өкілі Ержан Еренғайыпов Солтүстік Корея спортшысынан басым түсіп, келесі кезеңге өтті.
Шерзод Давлатов Шри-Ланка өкілін мерзімінен бұрын жеңіп, келесі кезеңге шықты. Отандасымыздың (-60 кг) Таиланд астанасындағы екінші қарсыласы - Мұхаммедсалех Куватов (Тәжікстан).
48 келіге дейінгі салмақта еліміздің намысын қорғаған Диана Буркеева моңғолиялық дзюдошы Ганбаатар Нарантсетсегке есе жіберіп, жарысты аяқтады.
Ғалия Тынбаева (-48 кг) вьетнамдық Ти Тин Хоаннан айласын асырды. Отандасымыз келесі кезеңде Түркменстан спортшысы Құрбанай Құрбановамен күш сынасады.
Бүгін 52 келіде өнер көрсететін құрамамыздың тағы бір өкілі Толғанай Әбеуова да жарыс жолына шығуы тиіс. Ал, қалған спортшыларымыздың белдесулері 26-сәуірге жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, Тайландтағы құрлықтық біріншілікте 17 татами шебері ел намысын қорғауда.