Қазақстандықтар мен даниялықтар арасындағы ойын іріктеудің екінші кезеңі аясында өтеді. Алғашқы кездесулерде командалар екі түрлі нәтиже көрсетті. Қазақстан өз алаңында Словениядан жеңілсе (1:2), Дания өз алаңында Финляндияны жеңді (3:1).
Бүгін Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп Даниямен болатын ойын алдындағы баспасөз маслихатына қатысты.
– Дайындық жақсы, жүз пайызға дайынбыз деп айта аламын. Словенияға қарсы бірінші ойында жоспарлаған 3 ұпайға қол жеткізе алмадық, сол үшін ертеңгі Даниямен ойында барымызды саламыз.
– Ертеңгі ойынға өзіңіздің физикалық дайындығыңыз қалай?
– Қызыл қағаз алмаймын, оны нақты айта аламын. Әзербайжанмен болған ойында өзімді ұстай алмай қалдым. Ал ертеңге дайындығым жақсы, бапкер сеніп шақырғандықтан мен барымды саламын.
– Сіздің диагональ пастарыңыз бар екенін білеміз, "Зенитте" осы пастармен жұмыс істедіңіз бе? Шабуыл қорғаныстан басталатынын ескерсек, бапкерлер осы пастарыңызбен жұмыс жасады ма?
– "Зенитте" диагональ пастармен жұмыс жасадық. Иә, шабуыл қорғаныстан басталады. Өткен ойында бірінші таймда жігіттер жақсы ойнады, ертең сол сияқты жақсы ойнаймыз. Диагональ пастар болады, жалпы жақсы ойын көрсетеміз деп ойлаймын.