Нұралы Әліп "Зенитке" ауыса ма?

2366

Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп осы күндері "Зенит" командасымен бірге жаттығу жұмыстарын өткізіп жатыр. Жас ойыншы Ресейдің атақты клубына алынатын түрі бар секілді.

Нұралы Әліп "Зенитке" ауыса ма?

Маңғыстау футболының түлегі Нұралы Әліп ірі денелі қорғаушы. Ол соңғы 2-3 жыл бедерінде керемет прогресс жасады. Болгариялық бапкер Станимир Стойлов оны Қазақстан ұлттық құрамасына алды. Содан бері футболшы "Қайрат" командасының негізгі қорғаушысы қызметін атқарып келеді. Ол өткен жылы "Қайрат" сапында сенімділігімен көзге түсті. Қорғанысқа келген қауіптің біршамасын тойтарып, тасқамал қорғаушы екенін байқатты. Кейбір сайттар оны 2021 жылы Қазақстан біріншілігіндегі үздік қорғаушы деп санады. Ол алматылық клуб сапында 25 ойынға қатысып, Қазақстан ұлттық құрамасының матчтарына да белсене араласты. Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Нұралы Әліпті негізгі құрамның қорғаушысы қылып, ұлттық құраманың болашағы осындай жас таланттар екенін тілге тиек етті.

Жандос Байділда, футбол комментаторы:

  • Нұралы ірі денелі, мығым қорғаушы. Еуропа футболында мұндай фактурасы бар футболшылар қатты бағаланады. Сонысымен қоймай, Әліп өте жылдам. Әуедегі доптарға жақсы таласады. "Қайрат" командасында жүрген кезде ол пенальти, айып добы секілді стандартты жағдайларды орындап жүрді. Ұзын аятарымен талай қауіпті пастарды қайтарып қалды. Бұл қорғаушымыз Ресей чемпионатында еш ұялмастан ойнап кете алады деп ойлаймын. Ресей біріншілігі ойын қарқыны жағынан біздің біріншілікке қарағанда қатты мықты деп айта алмас едім.

Иә, Нұралы Әліптің бойы 188 сантиметр. Ол осы кезге дейін "Қайрат" сапында 4 голдың авторы атанды. Еурокубок ойындарының тұрақты қатысушысы. Ұлттық құрама сапында 8 матч ойнап үлгерді. Демек, халықаралық тәжірибиесі де жоқ емес деген сөз. 1999 жылы дүние есігін ашқан жас қорғаушы "Зенит" сапына алынса бұл Қазақстан құрамасы үшін тек қана пайдасын тигізеді. Себебі, қазақ футболшысы шет елдік командаларға қарсы ойнап, мол тәжірибьие жинайтын еді.

Абылайхан Жұмашев, "Айқын" газетінің спорт шолушысы:

  • Негізі "Зенит" бас бапкері Сергей Семак қазақстандық футболшыларды жиі қарастырады. Бұл бапкер бізге сонысымен жағады. Естеріңізде болса ол осыған дейін Еркебұлан Сейдахмет пен Бауыржан Исламханды шақырған еді. Енді міне, оның қырағы көзі Нұралы Әліпке түсіпті. Алғашқы сұқбатында Семак мырза Әліпті ең болмаса жалға алуымыз ықтимал депті. Демек, маңғыстаулық футболшы Петербор қаласының басты командасына ауысады деген сөз ғой.

"Зенит" командасы осы күндері Біріккен Араб Әмірліктерінде жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жақын арада 2 жолдастық матч өткізеді. Сол ойындардың бірінде Нұралы Әліп алаңға шығары анық. Матчта өзін жақсы қырынан көрсетсе, Санкт-Петербор қаласмының командасымен келісім-шартқа қол қоюы ықтимал. Айта кетейік бұл команданың бапкерлік штабында Анатолий Тимощук қызмет етеді. Ол кезінде Андрей Аршавиннің алдында "Қайрат" командасында өнер көрсеткен болатын. Сонымен қатар, "Зенит" клубының жастар академиясында "Қайраттың" бұрынғы шабуылшысы Евгений Тарасов бапкер болып жұмыс атқарады. Ал "Қайрат" футбол клубының басшысы Қайрат Боранбаев мырза "ҚазРосГаз" компаниясының төрағасы ретінде "Зенит" клубының басты демеушісі "ГазПром" компаниясының басшылығымен өте тығыз қарым қатынаста екенін жақсы білесіздер.

Айта кетуіміз керек, Қазақстан азаматтығы бар футболшылар Ресей біріншілігінде легионер болып саналмайды. Осы жағдай трансфердің тіркелуіне қатты әсер етіп отыр. Сергей Семак мырза да өз сұқбатында осы факторға баса назар аударыпты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу